China Daily-дің хабарлауынша, кездесуде Си Цзиньпин Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударған. Сондай-ақ Президенттер «Бір жол – бір белдеу» жобасының тиімділігін атап өтті.
Өз сөзінде Си Цзиньпин экономика, сауда, энергетика және қаржы секілді салаларда әріптестікті нығайтып, даму стратегиясын кеңейтудің қажеттігіне тоқталған. Қытай елінің басшысы бес жыл бұрын Қазақстанға мемлекеттік сапары кезінде Жібек жолы экономикалық белдеуін құру туралы ұсыныс айтқанын еске салып, жобаның табысты болғанын жеткізді.
Сонымен қатар China Daily-дің мәліметіне сай, Қытай Президенті Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығы бүкіл салаларда өркендеп келе жатқанын тілге тиек етіп, кездесуде екі ел президенттері бірқатар маңызды құжаттарға қол қойған. Олардың қатарында қаржы, электронды сауда, кеден мәселелері бар.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапарына орай The Global Times газеті «Бір жол – бір белдеу» бастамасындағы Қазақстанның рөліне тоқталыпты.
«Қытаймен 1700 километрден астам шекараны бөлісіп жатқан Қазақстан ежелгі Жібек жолы мен заманауи «Бір жол – бір белдеу» бағытында ерекше маңызға ие», дейді басылым.
The Global Times бастаманың басым бөлігі Қазақстан аумағынан өтетін болғандықтан, елімізге инвестиция көптеп тартылатынына тоқталған. Әсіресе, мұнай, түсті металл, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы секілді салаларға айтарлықтай көңіл бөлінбек.
Басылымға сұхбат берген Қытайдың Әлеуметтік ғалымдар академиясының зерттеушісі Яанг Цин екі ел арасындағы қарым-қатынастың беріктігі Жібек жолы экономикалық белдеуінің тұрақтылығына кепіл болатынын айтады. Оның пайымдауынша, Елбасының «Нұрлы жол» бастамасы елдегі экономиканы жаңа сатыға көтеріп, «Бір жол – бір белдеу» жобасымен тиімді ұштасады. Әйтсе де, Яанг Цин Қазақстан мен Қытайдың әлі де дамыта түсетін салалары бар екенін айтып отыр. Мәселен, еркін сауда аймағын құру секілді бастамалар алдағы уақытта көтерілуі тиіс деп санайды зерттеуші.
AKI press агенттігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары барысында бірқатар маңызды мәселелер талқыланғанын хабарлады.
Қытай Президенті Си Цзиньпинмен кездесу барысында Қазақстан Президенті екіжақты қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, 2012 жылғы кездесуден кейін 18 мәрте жоғары деңгейлі отырыстар өткенін атап өтті.
«Біз осы уақыт аралығында құны 67 миллиард долларлық 127 екіжақты құжатқа қол қойдық. Байланысты одан әрі дамыта түсуіміз қажет. Екіжақты сауда айналымы 11 миллиард долларға жетіп, 30 пайызға дейін өсті. Қарым-қатынасымызды одан әрі нығайтудың мүмкіндіктері мол», деді Н.Назарбаев.
AKI press агенттігінің мәліметіне қарағанда, Си Цзиньпин ортақ жобалардың маңызына тоқталып, Қазақстанмен әріптестіктің өркендеп келе жатқанын атап өткен.
«Қазақстанмен бірге адамзат үшін жарқын болашақ жасауға талпынысымызды жалғастыра береміз. Қазақ-Қытай достығының өркендеуіне үлес қосуға әзірмін», деді Си Цзиньпин.
Кездесу барысында Қытай тарапы Қазақстаннан табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға қызығушылық танытып, мұнай-газ индустриясы, заманауи технология мен цифрландыру, энергетика салаларында екіжақты әріптестікті тереңдетуге ықыласты екенін жеткізді.
Шолуды дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»