Мәселе, бұл қосымша ақының тек 18 сағатқа шақталған нормативті жүктемеге ғана қосылатынында болып отыр. Артық сағаттар жүргізетін еңбекке ешқандай қосымша енгізілмейді. Күнкөрістің қамымен қазір біздегі мұғалімдердің көбі бір жарым ставкалық жүктемемен жұмыс істейді. Ал 30 пайыздық қосымша, жоғарыда айтқанымыздай, тек 18 сағаттық нормативті жүктемеге ғана беріліп, мұғалімнің үстеме ақысы шамалы ғана болып отыр екен.
Біз бұл шешімді дұрыс деп санамаймыз, өйткені ол мұғалімдер құрамының тапшылығын арттыра түсуі мүмкін. Өздерінің еңбектерінің лайықты бағаланбағаны мұғалімдердің өз мамандықтарына деген ынтасын түсіретіні сөзсіз.
Осы сала қызметкерлерінің бізбен кездесулерде айтқан екінші наразылығын да орынды деп санаймыз. Ол мемлекеттік бюджеттің есебінен білім беру саласында қызмет ететін азаматтық қызметкерлер мен жұмыскерлердің, қазынашылық қызметкерлерінің еңбекақысына байланысты. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылдың 7 ақпанындағы қаулысына сәйкес оларға үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап қосымша төленуге тиісті еді. Алайда кейбір аймақтардың атқарушы органдары бұл төлемдерді әлі күнге бермей отырған көрінеді. Олар мұны республикалық бюджеттен ағымдағы мақсатты трансферттердің келмеуімен байланыстырып отыр. Қысқасы, «сен салар да, мен салармен» білім саласының қызметкерлері өздеріне тиесілі қосымша ақыны ала алмауда.
Біз осы мәселені Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауалмен жолдап, проблеманы өзінің тікелей қадағалауына алып, оның тезірек шешілуіне жағдай туғызуды сұрадық.
Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутаты