Қазақстан • 11 Маусым, 2018

Абыройлы азамат

640 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Родина» агрофирмасының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван САУЭР туралы толғам. Адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға – абырой. Халқымыз мұны «тірнектеп жиналады» деген пәлсапалық тереңдікпен әу бастан-ақ биіктетіп қойған. Әрине, бұл көктемнің жылымығындай жалғандықпен емес, қиындығы қырық қарыс қайсар еңбектің қайтарымындай жаныңды жадыратса ғана қайырлы болмақ. Мұндай адамдар көп бізде. Саралап санай берер тұлғалардың да тұлпары барын ескеріп барып, жұлдыздарға көз қадайсың. Ағып та жатқандары бар, жанып та жатқандары бар. Жақсы мағынада айтқанда, «Родина» агрофирмасының бас директоры Иван Сауэрді осы байламның абыройлы санатына алақайлап қоссақ, аса қателесе қоймаспыз. Өйткені Иван Адамович өз еңбегінің жемісін көріп қанаттанған, өзі аузынан тастамайтын «Мен әрқашанда істің көркеюін, адамдардың сәттілік сатысынан түспеуін қалаймынның» адамы.

Абыройлы азамат

Қарап отырсақ, тіршіліктің төл тебіреністері, өмірдің мәні мен ұғымын ұзартар қағидаттары барына қайрансың. Соның бір парасы бұрын көрмеген жанды бірден бойыңа жақын тарту ма деп қаласың. Ол несімен баурайды сонда? Жүрегінің кеңдігімен, пара­сатының биіктігімен, айна­ла­­­­сына шуақ таратар ішкі жылы­лығымен, уақыттың демін дәл сезінуімен, іскерлік қабі­леті­нің жоға­ры­лы­ғымен деп тізбе­лей берсек, таусылар ма? Қырық жыл­дан астам журна­лис­тік қадамы бар адам үшін мұн­дай па­йым таңсық емес. Сон­да да селк еткің келеді, сондай кі­сі­лер­дің көп болғанын қалайсың. Оларды тани білуің керек…

Тәуелсіздігіміздің тебіреністі шағы. Ел тарихында жаңа Астана бой көтерді. Республикалық дең­гей­дегі Ақмоланың елордадан ен­ші алып, Көкшетауға көшуі өңір жұртшылығы үшін көңіл жел­пінтер қуаныш пен жүрек тер­бер жауапкершілікке толы еді. Облыстың жаңа ордасында жина­­лыстар да жиі өткізілетін. Түсі­­нікті жағдай. Мұндайда жұрт­­­шы­лықтың төралқада кім­дер­дің отырғанына көз салатыны бар. Осы жиналыстардың ма­ңызын салмақтандыру үшін әлгі өкіл­дердің аты-жөнін тәптіш­теп, сөйлеген сөзіне екпін түсіруге ты­рысамыз. Әйткенмен, таңдап ба­рып талғап жазу талабы да бар.

Бірде «Нұр Отан» партия­сы об­л­ыстық филиалының есеп беру-сайлау жиналысына ша­қы­рыл­дық. Дайындық мық­ты. Кон­церт­тер қойылып, көр­мелер ұйым­дастырылған. Делегаттарды былай қойып, меке­ме басшылары, партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін қосқан­да, жалпы адам қарасы 300-ге жуықтайды. Прези­диумға екі оры­н­тақ қойыл­ған. Біз ғана емес, бар­ша­ның жүзінен «екінші крес­лоға кім жайғасады?» деген сұрақ мен­мұндалап тұр. Көп ұзамай сах­наға облыс әкімі­мен бірге сұңғақ бойлы, ашаң жүз­ді кісі ширақ қимылдап шық­ты. Біраздан кейін жиналыс төр­аға­­сы­ның тәртіп­ке шақыр­ғаны­на қа­ра­мастан, залдың әр бұры­шы­­нан «Оу, бұл өзіміздің Иван Адамов­ич қой!» деген таңданы­сы­нан қуанышы басым дауыстар естілді.

Президиумнан астана­лық адамдарды іздеп дағдыланған­дықтан болар, алғашында танымаппыз. Алдымызда Целино­град ауданындағы «Родина» агрофирмасы» ЖШС директоры Сауэр отыр. Ол «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мү­ше­сі екен. Иван Адамович өз кезегінде төгілдіріп демегенмен, қарапайым толғамдармен тебірентіп сөйледі. Нақпа-нақ түйін. Көпшілік жетекші пар­тияның жаңашыл ұстаным­дары­на риза болды.

Өмір өзгереді. Уақыт алға жылжиды. Соған байланысты көп нәрсе бас­қаша сипатқа ие болады. Бірақ кейіп­керіміз, оның ұстанымы, мінезі бірқалыпты. Сондықтан да жұртшылық оны: «Өзіміздің Иван Адамович», дейді. Көшеде көрсе де, көшелі жиналыста көрсе де, теледидар­дан көрсе де осыны айтады. Ауқымында қаншама ізет-құрмет жатыр десеңізші. Иван Адамович туралы, оның «Родинасы» туралы әжептәуір ілтипат естідім. Халық құрмет сөзін жай айтпайды екен. Әмбебап шаруашылық «Алтын сапаның» ең алғашқы жеңім­пазы. Былтыр тағы да иеленді. Қазақ­станның агроөнеркәсіп кеше­ні жетістіктерінің дәстүрлі «Қараөт­кел» көрмесінің «Алтын белгі­сін» бір емес, үш қайтара жеңіп алды. «Не үшін?» деудің өзі артықтау сияқты. Мынаған қараңыз. Көкөрімге бөленген Родина ауылының үйлері ор­та­лықтан жылытылады. Су жүйе­лерінің өзі 25,5 шақырым­ды, электр шамы тартылған ас­фальт­ты көшелердің аумағы 15 шақы­рымды, орталықтан жылыту желілері 42,7 шақырым­ды алып жатыр. Үйлену тойы мен сәби туғандағы дәстүрлі базарлық 150 000 теңгеден. Ұжым мүшелері жылдық сыйа­қыны былай қой­ған­да, көп жерде ұмытыла бас­таған 13-ші жалақы алады. «Жыл оқушысы» мен «Алтын белгі» иегерлері 150 000 теңгені иемденеді. Алдыңғы жылдары, Ұлы Жеңіс мейрамында со­ғыс арда­герлері С.Глушко мен П.Бога­тыревқа жеңіл авто­кө­­лік­­тер мінгізілгенін білеміз. Серік­тестіктің кеңсесіне, өн­дірістік буындарына, әлеуметтік нысандарға бас сұға қалсаңыз, «Алғыс хаттар» көрмесіне тап болғандай күй кешетініңіз анық. Родина ауылының өзі облыстың «Үздік елді мекені», ал оның мәдени ошағы республиканың «Үздік клубы» атанды. «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымы бойынша республикалық «Парыз» байқауының екі дүркін жеңімпазы болу да оңай шаруа еместігін айтып жатудың өзі артық шығар.

Осылайша жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, менің айтпа­ғым басқа жыр. Елбасының «Роди­наға» сапарларында байқағаным, Нұрсұлтан Әбішұлы «Өзіміздің Иван Адамович» дегенді кішкене өзгертіңкіреп, әңгімесін «Есіңде ме, Иван…» деп бастайды екен…

Ойымнан кетпей жүрген тақырыпты аша түсудің орайы келгені қойын дәп­те­рімде жазылып қалыпты. Шаруа­шы­лық 60 мың гектар егістіктің рекорд­ты ырыздығын құт қамбаға құйып, көңілі жайланған тұс. «Есіңде ме, Иван…» тектен-тек айтылмайды ғой, Елба­сы­мен кездесулеріңіздің кей­бір сәттерін әңгі­мелесеңіз», дей­мін оған. Осы жолы Иван Адамович кәдімгідей ашылды. Бұл Ел­басының жылдың соңын­да «Родинаға» жұмыс сапарынан кейін іле-шала жасалған жедел сұхбат еді.

– Жаңа өзіңіз көрдіңіз, Мем­лекет басшысы ауылымыз­дан риза көңілмен аттанды. Нұрсұлтан Әбішұлының «Тұң­ғыш Президент күні» мере­кесі­нен кейінгі алғашқы сапары бізге түскені айтып жет­кіз­гісіз абырой, – дейді И.Сауэр. – Президентпен кездесу көп болғанымен, еркін­сіп кету мүмкін емес, әр кез­десу­дің жауап­кершілік жүгі ауыр­лай береді екен. Нұрсұлтан Әбішұлымен алғашқы кездесуім 1989 жылдың тамызында, біздің ас­тықты алқабымызды арала­ған шағында болып еді. Ол кісі сол жылғы жазда Қазақ­стан Ком­­­пар­тиясы Орталық Коми­­теті­нің бірінші хатшысы болып сайланған. Ал менің ди­рек­тор­лық қызметіме екі жыл енді толған. Мені таңғалдыр­ғаны, біріншіден, ол кісінің аң­ға­ры­м­­паздығы, еш нәрсені қалт жі­бер­мейтін қасиеті. Қолымды жең ішіне жасырып, өзімді барынша сергек ұс­­тауға тырысқаныммен, жол апа­­ты­нан кейін ауруханадан ер­те­­рек шыққаныма ескерту жа­сады. Екіншіден, өзінің негіз­гі мамандығы металлург екен­дігіне қарамастан, біздің кеңшардың жер өңдеу ерекше­лігі, егіншілік технологиясы, тұқым сұрыптау мәселелері тура­лы білікті ға­лым-агроном дең­гейінде пікір білдіруі.

– Одан кейін Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бір­неше рет жүздестім, – дейді әрі қарай әңгіме сабақтаған Иван Сауэр. – Әсіресе, 1993 жылғы жаң­бырлы қыркүйектегі шаруа-шы­лы­ғымызға сапары айрықша есім­де қалды. Күн жарықтық шайдай ашылды. Президент: «Мен сіздерге қолайлы ауа райы мен жылылық алып келдім, енді астықты жинап аласыздар», деді күлімсіреп (Дәл солай болды да). Одан кейін іс барысына ауысып: «Сен жас директорсың, жекешелендіру­ді неге қолдамайсың, реформаларды жақтамағаның ба?», деп маған сынай қарады. Мен батылданып, меншік түрінің мұндай формасы соншалық­ты өзгеріс әкелмейтінін айтып, жеке пікір­лерімді ортаға салдым. Ол мұқият тыңдап, жа­нын­­­дағы ресми адамдарына менің айтқандарым бойын­ша ұсыныс жасауға нұсқау берді. Президент кісіні тыңдай білуі­мен қатар, қарапайым пікір­дің өзін назардан тыс қалдыр­май­тынын, осы арқылы адамдарды қанаттандырып отыратынын қоғам дамуындағы нақты істерімен үнемі дәлелдей білетініне тәнті болдым.

И.Сауэр әрі қарай әңгімесін төмен­де­гіше жалғастырды: «Біздің 1994 жылғы 5 мау­сым­дағы кездесуіміз ұмы­тыл­мас әсер қалдырды. Ауылы­мыз­­дағы ардагерлер аллеясын­да Нұрсұлтан Әбішұлы жергі­лік­ті қариялармен бірге өзінің аққайыңын отырғызды. Бұл қазір көркейіп өсіп тұр. Ал тәуелсіздігіміздің бес жылдық мерекесіндегі салтанатта Елбасы қолынан алғашқы наградам, №3 «Достық» орденін алғаным мәң­гі есте сақталады. Марапат­тау рәсі­мінен кейін Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болып, 40 минуттай әңгімелестік. Ол маған жоғары лауазымды қыз­мет ұсынды. «Мен өз ор­ным­да еліме көбірек пайда келт­і­ре­мін», дегендей уәжбен бас тарт­тым. Қатты қиналдым. Бірақ, рен­жіген жоқ. Одан кейін­гі кез­десу­лерде маған деген ниеті мен ықыласын өзгерткен емес».

Иван Адамовичтің айтуынша, Мемлекет басшысы 2001 жылғы 18 наурыздағы сапа­рын­да да Родина ауылына көте­рің­кі көңіл күймен келіпті. Еуростильмен күрделі жөндеу жүргізілген мектепке риза болумен қатар, көп балалы отбасынан дәм татып, теледидар сыйлапты. Машина-трактор шеберханасында өңірдегі шаруашылық басшыларымен кеңес өткізген. Ал 2008 жылдың 3 қыркүйегінде Германия президенті Хорст Келермен бірге тікұшақпен келуі ауылы үшін нағыз мейрамға айналған.

– Мен мынадай сөздерді үлкен құрметпен үнемі қайталап жүремін: «Құр­метті Президент мырза, әрине есімде және мұн­дай кездесулер әлі талай болады деп үміттенемін. Сіз біздің «Родинамыздың» аса құрметті азаматысыз, әрдайым төрімізден орын аласыз!» – дейді сөзінің соңында И.Сауэр.

Біз бұған сөз қосып, толғаныс тол­қын­дарын бұзғымыз кел­мейді.

Осы орайда мынадай мәсе­леге назар салғанның астарында көп дүние жатқаны анық. Тал­ғам­паз оқырманның мұны да білгенін жөн көрдік. Иван Сауэр – инженер-механик, экономика ғылымдарының кандидаты, ауыл шаруашылығы ғылым­дары­­­ның құрметті академигі, С.Сейфул­лин атындағы Қазақ аграр­лық университетінің құр­мет­ті профессоры, А.Бараев атын­да­ғы сый­лықтың лауреаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңе­сі­нің, Ұлттық кәсіпкер­лер пала­­та­сы төралқасының, «ҚазАгроИнновация» АҚ ди­рек­тор­лар кеңесінің, Ауыл шаруа­­шылығы министрлігі сарапшылар кеңесінің мүшесі, «Қазақстанның ет-сүт одағы­ның» басқарма төрағасы, «Азық-түлік келісімшарт корпора­ция­сы» Ұлттық компаниясы» АҚ-тың тәуелсіз директо­ры. Мұны да толық сурет деме­гені­мізбен, адам баласының ба­қыт бас­пал­дақтарын ашып көрсете­р­лік тағылымды дүние деп білеміз. 

Сонау отызыншы жылдардан бері шаруашылық құрылымдық бірнеше рет өзгеріске түскені­мен, «Родина» атауынан айны­ған емес. Өйткені Отан – қасиет­ті әрі қымбат ұғым. Ол – адам бала­сының асыл армандарын, жарқын болашағын бірікті­ре­тін құді­ретті сөз. Сондық­тан «Родинада» нашар жұмыс іс­теу мүмкін емес, ар алдын­дағы адалдық, ортақ жауапкершілік асқақ тұрады. 

Серіктестікте 700 адам жыл бойы жұмыспен қамтылған. Мұн­да жылына 6 миллиард тең­ге­нің өнімі шығарылады. Яғни әр жұмысшыға шаққан­дағы еңбек өнімділігі 11 миллион теңгені құрайды деген сөз. Бөлектеп айтарымыз, осы өнімнің тең жартысы мал шаруашылығының үлесінде екен. Осындағы екі бірдей тауарлы-сүт кешенін­де 1300 асыл тұқымды ірі қара заманауи «Глобал-90» және «Ёлочка» айналмалы қон­дырғылары­мен сауы­лады. Кешенде 2017 жылы 12 000 тонна сүт өнді­рі­ліп (әр сиыр­дан 7300 келі), қайта өңдеу зауытында 12 түрлі өнімге айналып, Астана нарығына шығарыла­ды. Сондай-ақ өндірісті арзан электр қуатымен қамтамасыз ету үшін жұрттан бұрын орнатыл­ған қуаты 750 КВт болатын баламалы жел қондырғысы істеп тұрғаны, жеке авиапаркінің бары, жұмыстың барлығы озық әдіс­терге негізделгені, цифрлы тех­но­логияның қанат жая бас­таға­ны қанағат сезіміне бөлейді.

Дәуір мен Сауэрдің «Родина­сын­да» Иван Адамовичтің 60 жылдық асуы ешқандай нұсқау, тапсырма болмаса да мереке ретінде аталып өтіп жатқанын шаттық көңілмен жеткізгіміз келеді. Мұндайда көркем сөзді төгілдіріп, әспет­теп суреттеудің қажеті де болмай қал­ған­­дай. Мұнда игі істер кәдуіл­гі дәс­түр­ге айналған. Мұның хроно­логия­лық тіз­бесіне көз салудың өзі тәуелсіздік мұ­рат­тарының ас­қақ­тығын аңғартады. Мәр­­тебесі биік еңбектің жемістеріне қол соғайық ендеше.

Көп салалы агрофирма 2016 жылы халықаралық «Сала көш­басшысы» атанып, «Үздік мал шаруашылығы кәсіпорны» алтын медалін жеңіп алды. Родиналықтар биыл аудандық «Ақ бидай» спартакиадасы­ның 15 дүркін жеңімпазы болып отыр. Өндірісті дамыту мақсатында 2 миллард 584 миллион теңгенің инвести­ция­лық жобасы жүзеге асырылып, тауарлы-сүт кешені, шет­ел­ден әкелінген 400 бас құна­жынға арналған қора, ас­тық тер­миналы, тағы басқа нысандар пайдалануға берілді. Жыл ішінде орта мектепке, мәде­ниет үйіне, дәрігерлік-меди­ци­­на­лық амбулаторияға, бала­лар бақ­ша­сына күрделі жөн­деу жүр­гізі­ліп, жаңа демалыс бағы, жастар кафесі, кітапхана, «Жастар» шағын ауданы, жабық хоккей корты бой көтерді. Сон­дай-ақ шаруа­­шылық есебінен мек­теп­ке автобус, емхана мен по­ли­ция­ның учаскелік бөліміне ар­­на­йы автокөліктер сатып алынды.

Болашаққа қызмет істейтін «Родина» агрофирмасы» ЖШС оқушылардың білім алуына қолайлы жағдайлар жасауымен де ерекшеленеді. Үш түлектің «Алтын белгі» иегері атанып, төрт студенттің «Болашақ» сти­­­п­ен­­диясымен оқитыны қай­та­­рым­ның бір парасы ғана. Жалпы, шаруашылық есебінен 250 адамның жоғары білім алуы некен-саяқ жағдай деп ойлаймыз. 

Тәуелсіздік мұраттарының жүзе­ге аса беретін салтанаты­ның ғажа­йып көрінісі жалғаса беретіні анық!

Бақберген АМАЛБЕК,

журналист

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы