Жақында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы жерге «Шілікті – Тарбағатай» арxеологиялық экспедициясы мүшелері келіп, қазба жұмыстарын бастап кетті. Экспедиция жетекшісі, белгілі археолог Әбдеш Төлеубаев қорымдар осыдан 2 жарым мың жыл бұрынғы сақ тайпасының патшаларына тиесілі екендігін, тіпті бұл маңнан тағы бір «Алтын адам» табылуы мүмкін деген болжамын айтыпты.
«Қазба жұмыстары облыс әкімі Д.Ахметовтың қолдауымен жүргізіліп жатыр. «Төрт оба» қорымында аты айтып тұрғандай биіктігі 10, ені 30-40 метрге жуық төрт үлкен үйінді орын тепкен. Археологтар әуелі арнайы құрылғының көмегімен бір қорғанды қазып көрмек. Құнды жәдігерлер табылып жатса, қалған қорғандарға қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Қазір «Төрт оба» қорымында 70-ке жуық адам жұмыс істеп жатыр», - дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы