Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан Қапановтың айтуынша, қазір аймақта 90 апатты жағдайдағы ұңғыма бар, оның 88-і жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттық аумағында, екеуі мемлекет қорында. 88 ұңғыманың 13-і жойылып, 61-і қауіпсіз деп танылған. 14 ұңғыма жойылуға жатады. Ал мемлекет қорындағы екі ұңғыманың біреуі ғана жойылды. «Нақты қай жерде қанша ұңғыма бары белгісіз, сондықтан зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек», дейді облыстың бас экологі.
Гидрогеологиялық өздігінен төгілетін ұңғымаларға қатысты да жайттар бар. 2002-2009 жылдары бюджет есебінен осындай 48 ұңғыма жойылған. 2010 жылы 180 апатты жағдайдағы гидрогеологиялық ұңғыма бары, оның 123-і иесіз екені анықталған еді. Биылдан бастап Инвестициялар және даму министрлігі жылына 15-20 ұңғымадан жойып отыруды қолға алыпты. Энергетика министрлігі келісімшарттық аумақтарда бұрғыланған ұңғымаларды балансқа алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Шыны керек, мұнай ұңғымаларының алаңдатарлық ахуалы жайлы талай мінберде айтылып келеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Астанадағы алқалы жиындарда да осы мәселені көтерген. Қарекетсіз де емеспіз, бірақ апат айтып келмейтінін ескерсек, теңіздегі тыныштықты бұзып алмау үшін бұл мәселеге аса сақтықпен қарау керегі тағы бар.
Ауа ластағандар айыппұлмен құтыла бере ме?
2 сәуір мен 19 мамыр аралығында облыстық экология департаментінің мамандары «Қазгидромет» орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, Атырау қаласындағы ауа сапасына мониторинг жүргізді. Нәтижесінде күкіртсутегі шекті мөлшерден асқан 92 дерек тіркелді. Әсіресе ел арасында «Сасықсай» аталып кеткен булану алаңы ауа ластаушы заттардың қайнар көзі болып отыр. Қызық болғанда, экологтер Атырау мұнай өңдеу зауытынан зиянды заттардың шекті деңгейден асу дерегін таппағандарын айтады. «Бұрын бізде газ анализаторлары болған жоқ, енді алынды. Зауыттағы тексеру нәтижелері бойынша АМӨЗ басшылығына шығарындыларды азайту үшін қайда және қандай жабдықты орналастыру керектігі туралы ұсынымдар жолдадық. Олар орындамады, енді сот шешімін күтеміз», дейді Қабижан Қапанов.
Әрине мұнай мен газдың ауқымды қоры бар өңірде ел игілігін еселейтін жақсы-жақсы жобалар жүзеге асып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ ең басты құндылығы адам мен оның денсаулығы деп білетін ел үшін қауіпсіздік мәселесі қашанда күн тәртібінен түспеуі тиіс. Облыстың бас экологі «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Атырау су арнасы», «Батыс Петролеум», «PetroExport», «Атырау жылу электр орталығы», «Вест Дала», «Арнайы автобаза», «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс бөлімшесі секілді кәсіпорындардың мұнайлы аймақтың ауасын ластауға «зор үлес қосып отырғанын» жасырмады.
Департамент тарапынан өткен жылы 182 тексеру жүргізіліп, елдің экологиялық заңнамасын бұзудың 346 дерегі тіркелген. 277 әкімшілік іс қозғалды. 580 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Аз ақша емес, бірақ ол қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыра ала ма?..
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ