Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Қазақстан-Франция: стратегиялық серіктестікке 10 жыл

673 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікке 10 жыл толуына орай баспасөз конференциясы өтті. Іс-шара барысында екі ел арасындағы серіктестіктің серпінді тұстары сөз болды.  

Қазақстан-Франция: стратегиялық серіктестікке 10 жыл

Жиынға «Қазақстан-Франция» парламентаралық ынты­мақтастық тобының төр­ағасы, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев, Фран­цияның Ұлттық Ассамблея делегациясы, «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы Пьер Кабаре, «KATCO» және «Total» компа­ния­ларының өкілдері, сондай-ақ «Француз альянсы» қатысты.

Баспасөз конференциясында алғаш болып сөз алған О.Өксікбаев былтыр Қазақстан мен Франция арасындағы дип­ломатиялық қарым-қаты­настың орнағанына 25 жыл тол­ғанына тоқталып, екі­жақ­т­ы әріптестіктің қанат жа­йып келе жатқанын атап өтті. Он жыл бұрын стратегиялық серік­тестікке қол қойылғаннан бері мемлекеттер арасындағы достық сапалы жаңа деңгейге жеткенін мәлімдеді.

«Екіжақты байланыстарды дамытуға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылы қарашада Парижге ресми сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтар үлкен серпін берді деп нық сеніммен айта аламыз. Қазіргі таңда Франция компаниялары еліміздегі ірі инвесторлар қатарына кіреді. Саяси тұр­ғыда екіжақты күн тәртібін­дегі негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністіктің жоғары де­ң­гейіне қол жеткізілді», деді О.Өксікбаев.

Бұдан кейін «Франция-Қазақстан» достық тобының төрағасы П.Кабаре сөз алып, айтулы датаны атап өтуге ар­налған жиынға шақырғаны үшін Қазақстан тарапына алғы­сын жеткізді.

«Қазақстан қарыштап да­муы­­мен әлемге үлгі болып отыр. Осыдан аз уақыт бұрын ғана Астана шағын қала еді, қазіргі таңда зәулім ғимараттар бой көтеріп, көрікті шаһарға айналып келеді», деді П.Кабаре.

Сондай-ақ Франциядан келген өкіл екіжақты қарым-қатынастың нығаюына өз елінің де мүдделі екенін жеткізді.

«Стратегиялық серіктес­тік­тің маңыздылығының бір себебі – осы келісім арқылы Қазақстанға келетін шетелдік инвесторлардың саны артады. Оның үстіне, Қазақстан – Орталық Азиядағы біздің маңызды әріптесіміз. Осы он жыл ішінде стратегиялық серік­тестік жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде Қазақстан Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір іспетті», деді П.Кабаре.

Сонымен қатар жиын барысында ынтымақтастықты бұдан әрі дамыта түсудің мүм­кіндіктері, еліміздегі француз инвесторларының әлеуеті, Қазақ­станда бизнеске жасалған қолайлы жағдай сөз болды.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»