Оған еліміздің жетекші лингвист ғалымдары мен қоғам қайраткерлері, қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия және Үкімет жанындағы республикалық терминология және ономастика комиссиясының мүшелері, аталмыш салаға қатысты мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты.
Жиынды ашып, басқосудың маңызы жайлы көпшілікті хабардар еткен Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова бұл реткі шара латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі емле ережелерінің тұжырымдамасын қабылдау мақсатында ұйымдастырылып отырғанын, осы орайда жетекші сала мамандарының ой-пікірлері сараланып, алда атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтау жоспары тұрғанын жеткізді.
Бұл конференция өте маңызды тақырыпты қозғап отыр. Өйткені жаңадан қабылданған қазақ әліпбиін тың емле ережеге бағындыру тұжырымдамасы қажет. Онсыз болмайды. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – әуелі, тіл табиғатын сақтау және кірме сөздерді дыбыстауға негіз жасау. Яғни бұған дейін орыс тілінің делдалдығы арқылы дыбысталып келген сөздерді өзгертіп, түпнұсқалық аталуына бейімдеу.
Егер аталмыш тұжырымдама дұрыс қабылданса – қазақ тіл фонемасы табиғи қалпын табады әрі лингвистикалық мәселесі жеңілдейді, ұлттың артикуляциялық, фонетикалық қалпы сақталады, тілдің дыбысталу жүйесі мен таңбалау тәсілі, грамматикалық құрылысы (морфология, синтаксис) жаңаланады дейді, тіл мамандары. Сонымен қатар жаңа әліпбиге байланысты тілдің емле ережесі түзілген соң орфографиялық және орфоэпиялық сөздік жасау міндеті іске аспақ екен.
– Жоғарыда атап өтілген қыруар шаруаны атқарып шығу үшін өткен кездегі кемшіліктерден сабақ алып, ең алдымен емле ережені әліпбиге сәйкестіріп, тілдік базалық норманы анықтап алу қажет, деді жиынның негізгі баяндамашысы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли.
Расында ұлттық жазу-сызу мәдениетінің дұрыс қалыптасуы әліпби жүйесі мен орфографиялық ережеге байланысты. Бұндай аса маңызды қадам жолында асығыстық танытпау қажет екенін де кейбір тіл ғалымдары өз баяндамасына өзек етті. Яки, тілтанушы ғалым Әлімхан Жүнісбектің пікірінше, талқыланып жатқан құжатты әлі де терең талдау қажет. Егер асығыстық танытсақ бұрынғы кеңестік кезде қалыптасқан кириллицаның емле ережесін қайталаудан аса алмауымыз да мүмкін. Өйткені тұжырымдамада тасымал ережесі, сөз ырғағы сияқты негізгі шарттар көмескі, деді ол.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов пікір қайшылығының болуы заңды құбылыс екенін, десек те мемлекет тарапынан қабылданған жұмыс кестесіне сәйкес тұжырымдама алдағы қыркүйек айында Ұлттық комиссия қарауына ұсынылу керек екенін жеткізді.
– Ең бастысы, – дейді Ербол Ерденбекұлы, бұл тұжырымдама – латын қазақ әліпбиі бойынша жазу ережесін айқындайтын лингвистикалық құжат. Сол себепті, емле концепциясында тұжырымдалған қағидат біреу, ол – қазақ жазу ережелерін түзеу арқылы қазақ тілін сақтап қалу.
Сондай-ақ, шараға қатысқан көпшілік түске дейін тілтану саласының майталман ғалымдары – Анар Фазылжанова, Құралай Күдеринова, Сиез Ақымбек, Қыздархан Рысберген, Анар Салқынбай, Ерден Қажыбек, Нұрлан Исин қатарлы профессорлардың баяндамаларын тыңдады.
Жиын түстен кейін де жалғасып, пленарлық мәжіліс аясында: латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің ғылыми емле ережелері мен қағидаттары; жаңа емле ережелерін апробациялау; әдеби тіл тарихы негізінде қазақ жазуы тарихын саралау; қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісіндегі терминологиялық және ономастикалық мәселелер; жаңа әліпбиге көшудегі техникалық-ақпараттық даярлық атты тақырыптарда секциялық отырыстар өтіп, жұмыс топтарының басты бағыттары бойынша баяндамалар жасалды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»