«Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деген болатын Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық мақаласында. Рухани жаңғырудың негізгі мазмұны да осыдан бастау алады. Рухымызды асқақтататын ізгі қасиеттерді заман талабына сай жаңғырту арқылы өркениет көшіне ілесіп, бәсекелестік кезінде Қазақ елінің дәрежесі биік болуы қажет. Қазақстанның алдына қойып отырған міндеті әлемдегі алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көріну болса, әрине ол үшін әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болуы тиіс.
Қазіргі ғылыми-техникалық жаңару мен даму жағдайы адамның интеллектуалдық күш-жігерін, саналы іс-әрекеті мен жоғары дәрежедегі ізденімпаздығын талап етеді. Осыған орай, еліміздегі білім беру жүйесінің басты міндеті – әлемдік бәсекелестікке қабілетті білім беру жүйесін құру, жоғары сапалы білім беру, оны жеке тұлғаның, қоғамның және мемлекеттің бүгінгі және келешектегі сұраныстарына сәйкестендіру.
Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деп айтатыны да сондықтан. Бұлар әсіресе өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, қабілет-қарымын ұштай түсетін қасиеттердің бірегейі болмақшы. Яғни болашақ жастардың компьютерді еркін меңгеруі, шет тілдерін игеруі олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі. Әрі олардың кез келген салада өздерінің шетелдік замандастарымен интеллектуалдық тұрғыда білім жарысында оқ бойы озық болуына, рухани тұрғыда пайым-парасатының жоғары болуына мүмкіндік береді.
Рухани жаңғыру қазіргі таңда ақпарат әлемімен тікелей байланысты деп айтар едік. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының нәтижесінде әлемде ақпараттық сауаттылық, ақпараттық мәдениет, медиамәдениет сияқты ұғымдар пайда болды. Бұл ұғымдардың қай-қайсысы да медиабілімді жүзеге асыру арқылы ғылыми айналымға ендірілді. Медиабілімнің басты мақсаты – жаңа ұрпақты қазіргі ақпараттық заманның жағдайында өмір сүруге, әртүрлі ақпараттарды қабылдай және түсіне білуге дайындау деп тұжырымдауға болады. Демек медиабілім жастар мен жасөспірімдерге бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануды үйретуді мақсат ететін педагогиканың ерекше бөлігі болып табылады. Яғни медиабілім негізінде тұлғаның ақпаратпен мәдени қарым-қатынас орната алу қабілеті мен медиамәтінді талдау іскерлігі қалыптасады. Ақпараттық заманда өскелең ұрпақ ақпаратты тек қана қабылдап немесе оны талдаушы ғана емес, сонымен қатар ақпаратты белсенді түрде жасаушы болып есептеледі.
Ақпараттық және компьютерлік технологиялардың кеңінен өріс алуы қоғам мен адамдарға тек жақсы жағынан ғана емес, жағымсыз жағынан да әсерін тигізеді. М.Маклюэн: «Шын мәнінде сауатты болу үшін медиа әлемінде сауатты болу қажет», деген болатын. Әйгілі канадалық әлеуметтанушының сөзі бүгінде өзінің ақиқат екендігін дәлелдеді. Медиабілім беру, оның мәні мен ерекшеліктері, педагогика, психология, журналистика және әлеуметтану салалары үшін ең бір пікірталасты мәселелерге айналды.
ХХІ ғасыр – түрлі ақпараттардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ешқандай кедергісіз тасымалданып жатқан уақыты. Бұл ақпараттардың екі жағы бар: бірі жастардың интеллектуалдық ой-өрісін көтеруге, білімін шыңдауға әсерін тигізсе, енді бірі керісінше жастардың тәрбиесіне кері ықпал етіп, тіпті олардың физиологиялық және психологиялық дамуын тежеп отыр. Бүгінгі күнде теледидар мен ғаламторға тәуелді жастар пайда болып, соның негізінде «виртуалды әлем» деген түсінік те енді. Шетелдерде шығарылған арзанқол дүниелер, сериалдар мен мульттоптамалар, ойындық ақпараттардың теріс ықпалы жеткіншектер мен жасөспірімдердің тәрбиесінен көрініс тауып келеді. Ақпаратты дұрыс саралай білмегендіктен, қажетті ақпаратты дұрыс таңдамағандықтан да жастарымыз батыстық менталитетке еліктеп, қазақы болмысымыз бен ұлттық тәлім-тәрбиемізден алшақтап бара жатыр. Мұның барлығы бiзге тосқауылсыз ағылып келiп жатқан ақпараттың әсерi.
Бұқаралық ақпарат құралдарына еркіндік берілген қоғамда ақпараттың қажеттісін алу мен оны тиімді пайдаланудың өзіндік қиындықтары болатындығы сөзсіз. Зиянды ақпараттар, әсіресе толық қалыптасып үлгермеген, ақпараттық мәдениеті қалыптаспаған жастар мен жасөспірімдердің санасы мен тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Яғни медианың адам өміріне, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың өміріне ықпал ету мүмкіндігі күннен-күнге артып келеді. Бүгінгі жаһандану заманында ақпаратты кедергісіз алатын қоғамның орнауы заңдылық деп танылса, екінші жағынан жастарды ақпарат тасқынының кейбір кері ықпалдарынан сақтандыру керектігі де ақиқат. Әрбір тұлға қоғамда қалыптасқан барлық ақпараттық ресурс-
тарды қолдана білумен қатар олардың қажеттісін таңдай алу қабілетін игеруі қажет. Сондықтан бүкіл әлемде орын алып отырған әлеуметтік өзгерістер мен ақпарат тасқыны түрлі медиаресурстарды пайдалануда дәстүрлі түрде қалыптасқан жүйелерді, оқыту әдістері мен технологияларын қайта қарастыруды талап етеді.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген болатын. Осы тұрғыдан алғанда, білім беру де мәдениеттің бір бөлігі ретінде жаһандық ақпараттандыру үрдісін сезінуде. Медиабілімнің маңыздылығын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, ақпараттық қоғамның дамуы классикалық білім беру парадигмасының орнын басып отырған жаңашыл білім беру парадигмасының қалыптасуымен байланысты. Оның негізінде білім беру арқылы тұлғаның дамуы жатыр. Жаңа білім беру парадигмасында студент педагогикалық ықпал ету объектісі емес, оқу үрдісін ұйымдастырудың жаңа формалары арқылы қарапайым репродукциядан тыс оқытушымен диалогқа түсетін таным іс-әрекетінің белсенді субъектісі.
Болашақ маманның бәсекелестікке бейімділігі оның жинаған білім қорымен ғана өлшенбейді, алған білімін өмір сүрудің, өзін-өзі дәлелдеудің, сындарлы қасиеттерін дамыта отырып, өзгелермен тіл табыса әрекет етудің құралы ретінде қолдана білуінен көрінеді.
Олай болса, заман талабына сай болу үшін кез келген адам белгілі көлемдегі білімге ие болып қана қоймай, сонымен қатар өздігінен білім ала білуі маңызды. қажетті ақпаратты іздеп, таба білу, ол үшін түрлі дереккөздерін пайдалана біліп, яғни өзін үздіксіз дамытып отыруы қажет. Ал бұл, «жаңа технологиялардың ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз». Олай болса, білім беруді ақпараттандыруға қатысты дүниетанымдық және әдістемелік ұстанымдарды қайта қарастыру көкейкесті мәселелердің қатарында деп айтуға болады. Өйткені қоғамда кәсіби мәселелерді өз бетімен шеше алатын, өзінің кәсіби бағыты бойынша үздіксіз білім алуға қабілетті, ақпараттық технологиялар, бұқаралық коммуникация салаларында жеткілікті дәрежеде білімге ие мамандарға қажеттілік туындап отыр. Сондықтан медиабілім мәселесі түрлі ғылымдар тарапынан жан-жақты және кешенді түрде қарастырылуы қажет.
Заманауи талаптарға сәйкес, медиабілімді базалық білім беруде әрбір оқу пәнімен кіріктіру – медиабілім берудегі мақсатқа жетудің бір жолы болып табылады. Демек әртүрлі медиабілім беру міндеттерін шешу мақсатында медианың дидактикалық және тәрбиелік әлеуетін толыққанды түрде қолдана отырып, «сыртқы» ақпараттық ағымдар мен оқу пәні арасындағы ортақ аспектілерді іздестіру қажет. Бүгінгі күні аталған өзекті мәселелердің бірқатары жоғары оқу орындарында «Медиапедагогика» арнайы курсын ендіру нәтижесінде өз шешімін табуда.
Бәсекеге қабілеттіліктің бастауында сапалы білім алу тұратыны белгілі. Жастар уақыт сұранысына жауап беретіндей білімді болуы тиіс. Технологиялардың қарқынды дамыған заманында күн сайынғы өзгерістер жастардан жаңашылдықты талап етумен қатар, уақыт жылдамдығына сай білім сапасын да жедел толықтырып отыруды қажет етеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанындай, табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
Перизат СЕЙІТҚАЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы