Кәсіпкерлер палатасының Ақтөбеде өткізілген кеңейтілген мәжілісінде ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев сөз тиегін осы арнадан сабақтады. Сонымен бірге оның айтуынша, ұлттық палатаның қатысуымен жаңа Салық кодексі әзірленген. Соның ішінде онда шағын және орта бизнес үшін арнайы салық режімдері енгізілген. Әрі қосымша құн салығының белгілі бір шегі сақталған. Ең бастысы, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобалары едәуір жеңілдетілген. Өз кезегінде мұның өзі ұзақ мерзімге лайықталған қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға алғышарт қалады. Осы орайда «Атамекен» ҰКП-ның бастамасына сәйкес Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы жүзеге асырылды. Аталған бағдарлама аясында өңір тұрғындары өзін өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік ала бастады. Бұл іс бизнес жүргізуді меңгеру ісінен бастау алады. Өңірде аталған жоба жақсы нәтижелер беріп, оған мыңдаған жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтыған жандар қатысты. Осы арқылы жобалар облыстық комиссия алдында қорғалды. Тұтастай алғанда республика өңірлері арасында тұңғыш рет қолға алынған «Бастау» жобасы не берді деген мәселеге келсек, бұған қайтарылар жауап біреу ғана. Яғни алғашқыда сынақ ретінде белгіленген «Бастаудың» өңірде көрсеткен оң нәтижелеріне орай қанатқақты бастама 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына енгізілді. «Бастаудың» Ақтөбе аймағына тигізген шапағаты туралы айтар болсақ, облыста осы жоба аясында мыңдаған тұрғын жеңілдікті несиеге қол жеткізіпті. Тұрғындардың тағы бір қалың тобы жобаларды өз қаражаттарымен қаржыландырыпты. Қанатқақты жоба облыс орталығы мен оған іргелес елді мекендерде емес, керісінше Ойыл, Темір, Ырғыз және Шалқар секілді шалғай аудандарда жүргізілуі оның мәртебесін биіктете түседі.
Биыл облыста «Бастаудан» басталған жол өзінің өрісін одан әрі өсіре түспек. Осы арқылы өңір тұрғындарының жоба шеңбері мен қамтылу деңгейі 2-3 есеге дейін ұлғаймақ. Бұл үшін өнімді еңбекпен қамтумен жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын одан әрі жалғастыру үшін қажетті қаражат бөлінген. Бір сөзбен айтқанда, бұл жоба ауылдық жерде бизнесті дамытудың жолбастар үлгісі бола алғаны анық. Осы орайда Ақтөбеде бизнесті жаңадан бастаған жандардың қадамдарын қолдау үшін тағы бір қанатқақты жоба әзірленгенін айта кеткен жөн. Оның басты бір ерекшелігі, жобаға қатысушылар бұған дейін әбден қалыптасқан, бизнестің жілік майын шағып ішкен білікті де белсенді әрі тәжірибелі кәсіпкерлерге бекітілуінде. Осы арқылы олар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясындағы бизнесті дамыту мен ұйымдастыру грантына қатыса алады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың мәлімдеуінше, Ақтөбе облысында оң нәтиже көрсеткен «Бастау» жобасы биыл еліміздің барлық 160 ауданын қамтымақ. Соның ішінде осы бағдарлама аясында жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтуға қол жеткізгендер кәсіпкерлік қырларын үйрену мен меңгеру курстарына тартылмақ.
«Атамекен» ҰКП-ның Ақтөбеде өткізілген кеңейтілген мәжілісінде іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова әйелдер қауымдастығы бизнесіне тиісті қолдау керектігін айта келіп, ауыл әйелдері осы іске көбірек тартылуы қажеттігіне тоқталды. Әрі ол бұл ретте облыстың ең шалғай аудандарының бірі Ырғызда туристік бизнесті дамыту ісіне әйелдер лайықты үлесін қоса алатыны жөнінде ой сабақтады.
Түйіндей айтқанда, бүгінгі кезде «Атамекен» ҰКП-ның алдында өз шешімін күтіп тұрған мәселелер де жоқ емес. Бұл ретте алғашқы кезекте өңірлік даму институттарының рөлін күшейту қажеттігі туындайды. Бүгінде не көп, тәуелді еншілес, салалас құрылымдар көп. Оның санын қысқарту қажеттігі де уақыт күттірмейді. Активтер құрылымын қайта өзгерту ісінде де шешімін тауып үлгермеген мәселелер жеткілікті. Өңір кәсіпкерлерінің осындай жүйелі шешімдерін талап ететін проблемалық мәселелері палата төралқасы тарапынан қолдау тапса игі.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ