Аймақтар • 12 Маусым, 2018

Қайырымдылық концерті заңға қайшы ма?

1099 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ғалым Тұрсынбаев жетекшілік ететін облыстық департаменті көптеген мәдени, рухани іс-шараларға бастама көрсетіп, жұртшылық тарапынан үлкен қолдауға ие болып жүр. Алайда осы жолы ұйымдастырылған қайырымдылық концерті біреулерге жақпай қалса керек.

Қайырымдылық концерті заңға қайшы ма?

13 жастағы Әмір Ғабдуллин ахондроплазия дертіне шалдыққан. Буын сүйектерінің өсуі тежелгендіктен қатарластарына қарағанда әлде­қай­да әлжуаз. Қол-аяқтарын ұзарту үшін үш рет ота жасалыпты. Қиналғанын қанша білдіртпеуге ты­рыс­қанымен, анасы Розаның шығар жаны бөлек. Оның бейнеүндеуі департамент ұжымын бей-жай қалдырмаған. Еліміз бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында тұңғыш рет қайырымдылық концертін өткізуге мұрындық болған.

Осы мәселеге қатысты Петропавл қалалық мәслихатының депутаты Павел Афанасьев Ғ.тұрсынбаевқа сын айтты. Оның сөзіне сенсек, акция «бопсалаушылықтың», демеушілікке зорлап-күштеудің үлгісі көрінеді. Ал Ғ.Тұрсынбаевтың бұған қарсы айтар уәжі аз емес. «Иә, Погодин атындағы орыс драма театрында «20 қайырымды іс» акциясы аясында концерт өткізуге тікелей атсалысқанымыз, ұйымдарға хат жолдап, билет сатып алуға өтініш жасағанымыз рас. Қаражаттың қайда аударылатынына дейін көрсетілді. Ұсынысымызды «Дом» республикалық қоғамдық қоры да қолдады. Тұрмысы төмен отбасыларға, сауығып кетуден үмітті бейкүнә балаларға қолымыздан келгенше жәрдемдессек, несі айып? Мүмкіндігі шектеулі балақайлардың жүздеріне күлкі үйіріліп, бал-бұл жайнап жүргендеріне ештеңе жетпейді». Зейнеткерлерге де, жетім балаларға да қамқор қолын созуға ниет еткен басшы ілкімді іске қатысты мұндай сынның айтылғанына қынжылатынын жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы