Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Астанада халықаралық өнер байқауы өтеді

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс пен Шығыс өркениетінің алтын көпірі атанған ару Астана талай-талай халықаралық шаралардың бастауында тұрды. Өзінің 20 жылдық төл мерекесі қарсаңында елордамыз тағы осындай ірі өнер байқауының тұсауын кескелі отыр. 15-16 маусымда Астанада бас қаланың мүшел мерекесіне арналған «Voice of Astana» атты I халықаралық эстрадалық музыка орындаушыларының байқауы өтеді. Бұл халықаралық байқау еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткелі отыр. 

Астанада халықаралық өнер байқауы өтеді

Халықаралық эстрадалық музыка фестивалі шең­берінде үш үлкен шара өткізу жоспарланған. Олар: «Voice of Astana» эстрадалық музыка орындаушыларының I халықаралық байқауы, Байғали Серкебаевтың шы­ғармашылық кеші, Ба­тырхан Шүкеновті еске алу концерті. 

«Voice of Astana» I ха­лық­аралық байқауының ірік­теу жарыстарына 20 мем­­лекеттен 500-ден астам жас эстрадалық музыка орындаушыларының өті­ніші қабылданды. 15 маусымда Астана қаласында өтетін жартылай финалға ҚХР эстрада жұлдызы Бао Лин, Үндістан өнерпазы Шрея Шарма, Израильдан Катерина Марко, Италиядан Vinile тобы, Ұлыбританиядан Goldstone тобы, Грузиядан Ав­тандил Абесламидзя, Әзер­байжаннан Ильхам Назаров, Ресейден Дулма Сунрапова, Элеонора Носо­ва, Болгариядан Никола Чочев сияқты 20 мемлекеттің өнер саңлақтары қатысады. Жартылай финалда топ жарып үздік шыққан өнер­паздар 16 маусымда өтетін «Voice of Astana» I ха­лық­аралық эстрада музы­касы орындаушылары бай­қауының финалдық бәсе­кесінде бақ сынасады. 

Осы халықаралық өнер байқауының аясында өтетін Байғали Серкебаевтың шы­­ғармашылық кеші мен Батыр Шүкеновті еске алу концертіне В.Меладзе, Л.Агутин, В.Пресняков, Ю.Караулова, Р.Рымбаева, М.Беспаев және басқа жұл­дыздар өнер көрсетеді. Эстрадалық музыка орын­даушыларының «Voice of Astana» I халықаралық бай­­қауы елордадағы «Са­ры­арқа» велотрегінде өтеді.

Ботакөз АМАЛБЕК,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ 1-курс студенті