Аудан әкімі Бейбіт Исманов жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде жаңа бағыт Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың, Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің қолдауымен ашылғанын жеткізді.
Бұл– елорда мен ауданды тікелей жалғастыратын алғашқы электр пойызы. Өңірде Шалқар, Имантау секілді тамаша демалыс орындары, Қарасай және Ағынтай батырлардың мемориалдық кешені, Айғаным қонысы, Шоқанның музейі орналасқан. Демек ішкі туризмді нығайтудағы маңызды қадам болары сөзсіз, деді ол.
«Володар» стансасының басшысы Алмас Кенжекеевтің айтуынша, Павлодар, Қостанай, Қарағанды жақтарға баратын пойыздар станса бекетін басып өтеді. Ал электр пойызы аптасына екі рет қатынайды. Жүргіншілер көбейген жағдайда 376 орынды 6 вагонның саны арттырылатын болады. Екі аралықты 5 сағат 35 минутта жүріп өтеді. Билет құны 1504-1943 теңге аралығында. Вагондар өте жайлы, кондиционер, жұмсақ орындықтар, бейнебақылау қойылған.
– Мен Саумалкөлде тұрамын. Көкшетауға жету үшін таксиге 2 мың теңге төлейтінмін. Енді электр пойызбен жетсем, бағасы бар-жоғы 700 теңге ғана, – дейді алғашқы жолаушылардың бірі Илья Лазоркин.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Айыртау ауданы