– Біздің облыстық музей ғимаратының өзі тарихи-сәулет ескерткіші саналады. Іргесі 1899 жылдары қаланған. Жалпы, облыс орталығындағы ескі қала аумағында мұндай нысандар көп. Ашық аспан астындағы мұражай сияқты. Осы жерлерде Қаныш Сәтбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов секілді ірі тұлғалардың іздері қалған. Зерттеуші Э.Соколкиннің жазуынша, ауқатты қазақ Қыстаубаевтың үйінде әр жылдары балуан Қажымұқан, ақын Иса, режиссёр Жұмат Шанин болған, Майра Уәлиқызы ән салған. Бұлар өткеннің ескерткіштері, оларды сақтау маңызды.
– Жалпы, музей тарихы қай кезден басталады?
– 1920-шы жылдары Кеңес өкіметі Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамын құрудан басталады. Омбы орыс географиялық қоғамы Ертіс өзені жағалауында орналасқан өңірлерде зерттеу жүргізуді қолға алады. Павлодарда да географиялық қоғам құрылып, оның жұмысын фотосуретші, ғалым Дмитрий Багаев басқарады. Өлкетанушының қазақ өмірі жайлы түсірген фотосуреттері газет беттерінде жарияланады. Солардың кейбірі қазір де бар. Ал 1942 жылы өлкетану-географиялық музей ашылады. Оның жұмысына жетекшілік ету сол кездегі халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі Зейтін Ақышевқа жүктеледі. Өңіріміздегі өлкетану жұмысын Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев сияқты ғалымдар назарға алады. Музейге 1959 жылы Орталық Азияны зерттеуші, саяхатшы Григорий Потаниннің есімі берілді.
– Ескі ғимаратта жәдігерлерді қалай сақтап келесіздер?..
– Музейге 2011 жылы күрделі жөндеу жасалды. Жаңа залдар ашылды. Шетелдіктерге қызмет көрсететін 7 тілде аудиогидтер бар. Виртуалды сайт бар. Еліміздің Ұлттық музейімен, Тұңғыш Президент музейімен, Омбының, Сібірдің, еліміздің басқа да музейлерімен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Әрине қазір жәдігерлерді, ескі қолжазбаларды, кітаптарды сақтап қалу үшін цифрлы форматқа көшуге дайындалудамыз. Электронды экспозиция, музей коллекциясын сандық жүйеге айналдыру, электронды ақпарат жинау сияқты техникалық жаңашылдықты асыға күтудеміз. Жәдігерлерді қайта қалпына келтіруге мамандарды шақырып, қару-жарақ шеберлері, зергерлер, тігіншілерді жұмысқа алғымыз-ақ келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді музей болу керек.
– Гүлнәр Баркенқызы, мына тұрған Қимақ жауынгері шетелдіктерді таңғалдырған болар?
– Музей қоры жыл сайын молая түседі. Былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Омбы облысына барып, қазақ ауылдарын араладық. Қорға 40-қа жуық жәдігер әкелдік. Ең құндысы – күміспен көмкерілген кісе белбеу. Екіншісі – қимақ жауынгері. Археологиялық экспедиция барысында Май ауданындағы Қызылеңбек ауылынан табылған. Қазір IX-XI ғасырлардағы жауынгердің сауыт-сайманы қалпына келтіріліп музейде тұр. Қазба жұмыстары барысында жауынгердің сауытымен бірге дулығасының бөлшектері, кіреукенің қалдығы, семсерлер табылды. Бірнеше жыл бойы батырдың сауытын қалпына келтірумен айналыстық. Сауытының салмағы – 40 келі. Түпнұсқасы музей қорында. Батыр сауытының табылуы Қимақ мемлекетінің орталығы Ертіс өзені бойында орналасқанын айғақтайды.
– Айтпақшы, сіздерде Потаниннің қолжазбалары сақталған ба?
– Әрине. Потанин өзіміздің өңіріміздегі Ямышев ауылында, Ертіс өзені жағалауында 1835 жылы дүниеге келген. Жерлестері ретінде біз бұл есімге құрметпен қараймыз. Жыл сайын мектеп оқушылары, студенттер үшін «Потанин оқулары» аталатын танымдық өлкетану сабақтары, дәрістер өткізіледі. Шоқанмен дос болған саяхатшы Зайсан көлін, Тарбағатай тауларын зерттеді, Моңғолия экспедицияларына қатысқан. Орталық Азия халықтарының эпосы, этнографиясы, салт-дәстүрімен танысып, мәліметтер жинаған. Жалпы, Г.Потаниннің де ғылыми мұрасының еліміздің тарихында алатын орны ерекше. Музей қорында «Д.Багаевтың негативтер жинағы», «ХІХ-ХХ ғғ. зергерлік бұйымдар», «Г.Н.Потанин.Қор коллекциясындағы материалдар», «Сирек кездесетін басылымдар және сыйға берілген әдебиеттер» сияқты басқа да ғылыми жинақтар бар.
– Музейде жинақталған қор қанша?
– Жалпы, 112270 астам негізгі қорға жататын экспонаттар бар. Мұнда Орта ғасырда жасалған күміс теңгелер, Сақ заманындағы алтын әшекейлер, «Бокка» күмістен жасалған бас киімі (б.з.д 10 ғ.), ірі мүйізді мамонт қаңқасы сынды ерекше құнды жәдігерлер сақтаулы. Бұл жинақтардың негізін археологиялық, палеонтологиялық, этнографиялық, нумизматикалық, фотосуреттік, құжаттық, жаратылыстану-ғылыми, өндірістік, қару-жарақтар топтамалары құрайды. Палеонтолия, археология, қазақ этнографиясы, көшпелі өркениет, ескі қала тарихы, ХVІІ-ХІХ ғасырлардағы өлке және жаңа заман тарихы, тәуелсіздік, қазіргі заман табиғаты сияқты өлкеміздің тарихы мен мәдениетіне арналған 12 зал жұмыс келушілерге қызмет көрсетеді. Бұған қоса ғылыми кітапхана, Д.Багаевтың музей-үйі, әнші Майра атындағы музей-үйі, Әскери даңқ музейі, Екібастұз, Ақсу қалаларының, Шарбақты ауданының тарихи-өлкетану музейлері, «Аспан астындағы музей» бар.
– Қазір «Қаз қонақ» ескерткіші де қалпына келе бастады ғой?
– Иә, өңірде палеонтология ескерткіштері аз емес. Музейге келушілер өңірде баяғыда қалың ормандар, толқындаған теңіздер болғаны жайлы біле алады. Үш тұяқты гиппарион жылқылары жайылып жүрсе, мұз дәуірі кезеңінде олардың орнын мамонттар мен үлкен мүйізді бұғылар басқан.
Облыс орталығы аумағында орналасқан «Қаз қонақ» палеонтология ескерткішіне 1928-930 жж. палеонтолог Ю.Орлов қазба жұмыстарын жүргізген. Неоген кезеңіне жататын ежелгі жануарлардың көптеген сүйектері табылды. Келушілер осы жануарлардың сүйектерін экспозициядан көре алады. Мамонттың, түкті мүйізтұмсықтың, үңгір аюы мен басқаларының сүйектері экспозицияда көрсетілген.
– Көрмеде тұрған «Qarqaralь Сәrmenkesinde» материал назар аударарлық екен.
– Музей қорынан алынған «Латын әліпбиі музей құжаттары мен материалдарда» тақырыбындағы көрме ашылды. Онда 1929-1940 жылдар аралығындағы хаттар, жеке құжаттар, кітаптар, газеттер көрсетілген. Облыстық «Қызыл ту» газетінің әр жылдары латын қарпінде жарық көрген мақалалары бар. Тарихи суреттерде латын әліпбиімен ұрандар жазылған. Мысалы, 1940 жылы жарық көрген 1916 жылғы Амангелді Иманов бастаған көтеріліске арналған жинақтар латын әліпбиімен жазылған. Тақырыбы – «Qarqaralь Сәrmenkesinde» («Қарқаралы жәрмеңкесінде»). Түрлі жанрда жазылған осындай 8 кітап біздің қорда сақталып тұр. Өңірдің «Киелі орындар» картасына 78 нысан белгіленді.
– Жолсапарларға барғанда көріп жүрміз, аудан орталықтарында музейлердің бар-жоғы белгісіз?
– Әрине өлке тарихын білу үшін ауыл, аудан орталықтарына музей керек. Тарихқа үңілу, өткенді сақтау музейден басталады. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдіктері аудан орталықтарында музей құру мәселесіне мән береді, қажеттігін түсінеді деп ойлаймыз. Музей көне заттар мен құжаттарды сақтайды, туған жердің тарихын зерттеп, жинайтын, жазатын адамдарды күтеді. Ұрпақ үшін қажет. Өкінішке қарай, мамандар тапшы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Павлодар