Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Гүлнәр Нұрахметова: Өлке тарихы – өзекті тақырып

630 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тарихқа үңілу, өткенді білу музейден басталады. Мектептерде тарихи-өлкетану тақырыптары бойынша дәрістер, танымдық сабақтар өткізу дәстүрге айналуда.  Біз Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнәр Нұрахметовамен тарихи, танымдық тақырып аясында әңгімелескен едік. 

Гүлнәр Нұрахметова: Өлке тарихы – өзекті тақырып

– Біздің  облыстық музей­ ғимаратының өзі тарихи-сәу­лет ескерткіші саналады. Ірге­сі 1899 жылдары қаланған. Жалпы, облыс орталығындағы ескі қала аумағында мұндай ны­сандар көп. Ашық аспан астын­дағы мұражай сияқты. Осы жерлерде Қаныш Сәтбаев, Жүсіп­бек Аймауытов, Мұхтар Әуезов секіл­ді ірі тұлғалардың  іздері қал­ған. Зерттеуші  Э.Сокол­кин­нің жазуынша, ауқатты қазақ Қыстаубаевтың  үйінде әр жылдары балуан Қажымұқан, ақын Иса, режиссёр Жұмат Шанин болған, Майра Уәлиқызы ән салған. Бұ­лар өткеннің ескерткіштері, оларды сақтау маңызды. 

–  Жалпы, музей тарихы қай кезден басталады?

– 1920-шы жылдары Кеңес өкі­меті  Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамын құрудан басталады. Ом­бы орыс географиялық қоға­мы  Ертіс өзені жағалауында орналасқан өңірлерде зерттеу жүргізуді қолға алады. Пав­ло­­дар­да  да географиялық  қо­ғам құрылып, оның жұмы­сын­  фото­суретші, ғалым Дми­т­рий­ Багаев басқарады. Өлке­танушының қазақ өмірі жайлы түсірген фото­суреттері га­­зет беттерінде жария­ланады. Солардың кейбірі қазір де бар. Ал 1942 жылы өлкетану-гео­графиялық музей ашылады. Оның жұмысына жетекшілік ету сол кездегі халықтық білім бе­ру бөлімінің меңгерушісі Зей­­­тін Ақышевқа жүктеледі. Өңіріміздегі өлке­тану жұмысын Қ.Сәтбаев, Ә.Мар­ғұлан, Х.Ар­ғын­­­баев сияқты ғалымдар назар­ға алады. Музейге 1959 жылы Орталық Азияны зерт­теу­ші, сая­­­хат­шы Григорий Потанин­нің есімі берілді.

– Ескі  ғимаратта жәдігер­лерді қалай сақтап келесіздер?.. 

– Музейге 2011 жылы күрделі жөндеу жасалды. Жаңа залдар ашылды. Шетелдіктерге қыз­мет көрсететін  7 тілде аудио­гидтер бар. Виртуалды сайт  бар. Еліміздің  Ұлттық му­зейі­мен, Тұңғыш Президент му­зейі­мен, Омбының, Сібірдің, елі­міздің басқа да  музейлерімен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз.  Әрине қазір жәдігерлерді, ескі қолжазбаларды, кітаптарды сақ­тап қалу үшін цифр­лы форматқа көшуге дайындалудамыз. Элек­тронды экспозиция, музей коллекциясын сандық жүйеге айналдыру, электронды ақпарат жи­нау сияқты техникалық жаңа­шылдықты асыға күтудеміз. Жә­дігерлерді қайта қалпына кел­тіруге мамандарды шақырып, қару-жарақ шеберлері, зергерлер, тігіншілерді жұмысқа алғымыз-ақ келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді музей болу керек.

– Гүлнәр Баркенқызы, мы­на тұрған Қимақ жауынгері шетел­­діктерді таңғалдырған бо­лар?

– Музей қоры жыл сайын мо­лая түседі. Былтыр «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында Омбы облысына барып, қазақ ауылдарын араладық. Қорға 40-қа жуық жәдігер әкелдік. Ең құндысы – күміспен көмкерілген кісе белбеу. Екіншісі – қимақ жа­уын­гері. Археологиялық экс­пе­диция барысында Май ауда­нындағы Қызылеңбек ауылынан табылған. Қазір IX-XI ғасырлардағы  жауынгердің са­уыт-сайманы қалпына келтіріліп музейде тұр. Қазба жұмыстары барысында жауынгердің сауытымен бірге дулығасының бөл­шектері, кіреукенің қалдығы, сем­серлер табылды. Бірнеше жыл­ бойы батырдың сауы­тын қал­­пына келтірумен айналыс­тық. Сауытының салмағы – 40 келі. Түпнұсқасы музей қо­рында.  Ба­тыр сауытының табылуы Қимақ мем­­лекетінің орта­лығы Ертіс өзені бо­йын­да орна­ласқанын айғақ­тайды. 

– Айтпақшы, сіздерде По­та­­нин­­нің қолжазбалары  сақ­талған ба? 

– Әрине. Потанин өзіміздің өңіріміздегі Ямышев ауылында, Ертіс өзені жағалауында  1835 жылы  дүниеге келген. Жер­лестері  ретінде біз бұл есімге құрметпен қараймыз.  Жыл са­йын мектеп  оқушылары, студенттер үшін «Потанин оқулары» аталатын танымдық өлкетану сабақтары, дәрістер өткізіледі. Шоқанмен дос болған саяхатшы Зайсан көлін, Тарбағатай тауларын зерттеді, Моңғолия экспедицияларына қатысқан.  Ор­талық Азия халықтарының  эпо­сы, этнографиясы, салт-дәс­түрі­мен танысып, мәліметтер жина­ған. Жалпы, Г.Потаниннің де ғы­­лы­ми мұрасының еліміз­дің та­ри­хында алатын орны ерекше. Музей қорында «Д.Ба­гаев­тың негативтер жина­ғы», «ХІХ-ХХ ғғ. зергерлік бұйым­дар», «Г.Н.Потанин.Қор коллекциясындағы материалдар», «Сирек кездесетін басылымдар және сыйға берілген әдебиеттер» сияқты басқа да ғылыми жинақтар бар.

– Музейде жинақталған қор қанша? 

– Жалпы, 112270 ас­там негізгі қорға жататын экс­по­нат­тар бар. Мұнда Орта ғасырда жасалған күміс теңгелер, Сақ заманындағы алтын әше­кей­лер, «Бокка» күмістен жасал­ған бас киімі (б.з.д 10 ғ.), ірі мүйіз­­ді мамонт қаңқасы сынды ерек­ше құнды  жәдігерлер сақ­­таулы. Бұл жинақтардың не­гізін археологиялық, палеон­тологиялық, этнографиялық, нумиз­матикалық, фотосуреттік, құжат­тық, жаратылыстану-ғы­лыми, өндірістік, қару-жарақ­тар топтамалары құрайды. Палеон­толия,  археология, қазақ этнографиясы, көшпелі өркениет, ескі қала тарихы, ХVІІ-ХІХ ға­сырлардағы өлке және жаңа заман тарихы, тәуелсіздік, қазіргі заман табиғаты сияқты өлкеміздің тарихы мен мәдениетіне арналған 12 зал жұмыс келушілерге қыз­мет көрсетеді.  Бұған қоса ғылы­ми кітапхана,  Д.Багаевтың му­зей-үйі,  әнші Майра атындағы  музей-үйі, Әскери даңқ музейі, Екібастұз, Ақсу қалаларының, Шар­бақ­ты ауда­нының тарихи-өлке­тану му­зейлері, «Аспан астын­дағы музей» бар. 

– Қазір «Қаз қонақ» ескерт­кіші де қалпына келе бастады ғой?

– Иә, өңірде палеонтология ескерт­кіштері аз емес. Музейге келу­шілер өңірде баяғыда қа­лың ормандар, толқындаған теңіз­дер болғаны жайлы біле алады. Үш тұяқты гиппарион жыл­қы­лары жайылып жүрсе, мұз дәуі­рі кезеңінде олардың орнын ма­монт­тар мен үлкен мүйізді бұғы­лар басқан.

Облыс орталығы аумағында орналасқан «Қаз қонақ» па­леон­тология ескерткішіне 1928-­930 жж. палеонтолог Ю.Ор­лов­­ қазба жұмыстарын жүр­­гіз­ген.­ Неоген кезеңіне жата­тын­ ежел­гі жануарлардың көп­­­те­ген сүйектері табылды. Келу­ші­лер осы жануарлардың сүйек­терін экспозициядан кө­ре алады. Мамонттың, түкті мү­йіз­­тұмсықтың, үңгір аюы мен бас­­қаларының сүйектері экс­пози­ция­да көрсетілген. 

– Көрмеде тұрған «Qarqaralь Сәrmenkesinde» материал  назар аударарлық екен. 

– Музей қорынан алынған «Латын әліпбиі музей құжат­тары мен материалдарда» тақыры­бындағы көрме ашылды. Онда 1929-1940 жылдар аралығындағы хаттар, жеке құжаттар, кітаптар, газеттер көрсетілген. Облыстық  «Қызыл ту» газетінің әр жылдары латын қарпінде жарық көрген мақалалары бар. Тарихи суреттерде латын әліпбиімен ұрандар жазылған.  Мысалы, 1940 жылы жарық көрген 1916 жылғы Аман­гелді Иманов бас­таған көте­рі­ліске арналған жинақ­тар латын әліпбиімен жазыл­ған. Тақырыбы – «Qarqaralь Сәrmenkesinde» («Қарқаралы жәр­меңкесінде»). Түрлі жанрда жазылған осындай 8 кітап біздің қорда сақталып тұр. Өңірдің «Киелі орындар» картасына  78 ны­сан белгіленді. 

– Жолсапарларға бар­ғанда  көріп жүрміз, аудан орта­лық­тарында музейлердің бар-жоғы бел­гісіз? 

– Әрине өлке тарихын білу үшін ауыл, аудан орталықтарына музей керек. Тарихқа үңілу, өткенді сақтау музейден бас­талады. Қазір  «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында аудан әкімдіктері  аудан ор­­талықтарында музей құру мә­се­лесіне мән береді, қажеттігін тү­сінеді  деп ойлаймыз. Музей көне заттар мен құжаттарды сақ­­тайды, туған жердің тарихын  зерт­теп, жинайтын, жазатын адам­дарды күтеді. Ұрпақ үшін қажет. Өкінішке қарай, мамандар тапшы.  

– Әңгімеңіз­ге рахмет.

Әңгімелескен

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар