Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Қазақ Ұлттық өнер университеті. Уыз таланттар ұстаханасы

6890 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткенге сәл назар аударсақ, елі­міз­дегі өнер саласын дамытып, жоғары кәсіби деңгейдегі музыканттар даярлау мақсатында 1998 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Астанада Қазақ ұлттық музыка академиясы құрылған болатын. Елбасының ерекше қолдауымен, жоғары дең­гейдегі кәсіби біліктілікпен жүр­­гізіл­ген жүйелі істің арқасын­да оның  іргесі онан сайын кеңейіп бүгінгі таңда төрт оқу ғимараты бар, мәдениет пен өнер­дің барлық білім беру деңгейлері бойынша оқыту, ғылыми-зерттеу, шығармашылық-орындаушылық, мәдени-ағарту және халықаралық қатынастар жолға қойылған ордалы оқу орнына айналды. 

Қазақ Ұлттық өнер университеті. Уыз таланттар ұстаханасы

­

Академияның 1998 жылы 2 маусымдағы ресми ашылу рәсіміне, 2000 жылы бас корпус қайта жөнделгеннен кейінгі салтанатты жиынға Елбасының өзі қатысқанын ерекше ризашылық­пен еске алған атақты скрипкашы, халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева: «Басылым бет­терін­де, журналис­терге берген сұхбаттарымда ең асыл арманым – шығармашылық жас­тарды оқытатын халықаралық орталық құру туралы жиі айтушы едім. Ол арманым орындалды! Мен жаңа Астананың алғашқы шығармашылық оқу орны – Қазақ ұлттық өнер университетінің бас­тауында тұрғанымды үлкен абырой санаймын. Музыканттарды алғашқы қадамынан бастап, жоғары кәсіби деңгейге жеткізу идеясы жүзеге асты», дейді. 

Иә, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің құрылғанына 20 жыл толды. Өнердің сан-саласын қамтып өрісі кеңейген оқу орыны алғашқы «Музыка академиясы» атауынан алқып шығып, оған 2009 жылы Үкіметтің 12 қыркүйектегі қаулысына сәйкес «Қазақ ұлттық өнер университеті» деген жаңа мәртебе берілген болатын. Сөйтіп 2010 жылы өнертану, хореография, кескіндеме, мүсіндеу, режиссура, операторлық өнер, сценография, мәдениеттану, өнер­тану және тағы да басқа шығармашылық мамандықтарды оқытуға жол ашылды. Сөйтіп еліміздің түкпір-түкпірінен өнерлі жастар Астанаға ағыла бастады.

Қазіргі таңда бұл үлкен оқу­­ ор­ны­ның оқушылары, сту­дент­­тері, магистранттары мен докторант­тары көптеген халықаралық жә­не республикалық байқау­лар­да, мәдениет, өнер фестиваль­дарында, олимпиадаларда жоға­ры жетістіктерге ие болып­ ке­леді. Оған жарты әлемді жалт қарат­қан таңғажайып өнер иесі,­ осы оқу орнының студенті Ди­маш Құдайбергеннің өзі дәлел болса керек. Ком­по­зитор және пианист, өнер­­та­­ну ғылымдарының ма­гистрі, «Дарын» Мемлекеттік жас­­­­тар сыйлығының лау­реа­ты, университеттің музыка факультетінің 2017 жылғы түлегі Рахат-Би Әбдісағиннің рес­публикалық «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы атануы да аз абырой емес. 

Осы оқу орны туралы Аста­наның алғашқы әкімі Әділ­бек Жақсыбеков «Зажечь звезду – сто­лицу» атты ­­­­­кітабында: «Ұлт­­­тық музыка академиясы аз ғана уақыттың ішінде тек рес­пуб­ликада ғана емес, таяу шетел­дерде де теңдесі жоқ, тамаша оқу­ орнына айналды. Музыка ака­­демиясының құрылуын ойла­ғанда оның астананың ауысуы­на айна-қатесіз ұқсайтынын аң­­­­ғар­­дым... Мәдени астана өз биі­­­гінен көріне білді. Алғашқы қар­­лығаш А.Мұсақожаевадан кейін қалғандары да келе бастады», депті. Шынымен де солай екенін уни­верситет түлектері күн сайын дәлел­­деуде деп айтуға болатындай. 

Аталмыш оқу орнының дерегі бойынша осы жылдар ішінде уни­­верситет студенттерінің 1000-ға жуығы халықаралық бай­қауларда, 500-ден астамы рес­публикалық байқауларда топ жарып, лауреат атаныпты. Көп­теген түлектері мен жас оқы­тушылары Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегерлері атанса, оқу ордасының үздік студенттері шетелдегі жоғары оқу орындарында білімін жалғас­тыруда екенін айта кеткеніміз жөн.

Енді университеттің оқу бағ­­дарламасы жайлы сәл ғана дерек­терді сөйлетсек. Оқу орнында университеттің білім беру ба­ры­сындағы қызметі төрт факультет пен жалпы жоғары оқу ор­нының Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы арқылы жүзеге асырылады.

Музыка факультетінде «фор­тепиано», «міндетті фортепиа­но», «ішекті аспаптар», «үр­ле­ме­­лі және соқпалы аспаптар», «эс­­­­трада өнері», «музыка­тану және композиция», «музыка­лық­­­ білім», «вокалдық өнер жә­не­ дирижерлеу» кафедралары­ болса, «Дәстүрлі өнер» фа­куль­­­­те­тінде «домбыра», «қо­быз және орыс халық аспаптары»,­ «дәстүрлі ән» кафедралары бар. Ал «Театр, кино және теле­­видение» факультетінде «актер­лік шеберлік және театр режиссурасы», «кино және телевидение», «өнертану» кафедралары жұмыс істейді. Сонымен бірге «Көркемөнер» факультетінде «кескіндеме және мүсін», «сәндік-қолданбалы өнер және сценография» кафедралары бар. Міне, осы кафедралар ашылғаннан кейін де аясы кеңіп сала берген оқу орнына елеңдеп, ауыл-аймақтың Астанаға ағылған жастар қарасы күннен-күнге арта түскен. 

Бұл әрине білім ордасында мәдениет, өнер саласындағы үздік мамандар, атақты ғалымдар, Қазақ­стан Республикасының халық әртістері мен еңбек сіңір­ген қайраткерлерінің талантты жас­тарды таңдай отырып, жүйелі дә­­ріс беруінің арқасында болса керек. 

Мысалы, 2010 жылы құрылған «Театр, кино және телевидение» факультетінің тарихы сонау 2002 жылы вокалдық хор және театр өнері факультетінің негізінде ашылған, қазақ театр өнерінің майталмандары КСРО халық әр­тісі, Халық Қаһарманы, профессор Ә.Мәмбетов, Қазақстанның ха­­лық әртісі, профессор Г.Әспе­товалар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Б.Құрманғожаевтар не­гізін қалаған «Актерлік өнер және режиссура» кафедрасынан бастау алады. Қазіргі таңда Қа­зақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәу­лебек Асылханұлы басқа­ра­тын факультеттің бір ғана «Өнер­тану» кафдерасында Мем­ле­кет­тік сыйлықтың лауреаты, қазақ театртанушыларының қол­басшысы, профессор Әшірбек Сығай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ кинотану саласының сардары, профессор Бауыржан Нөгербек сынды саңлақтардың ұстаздық іздері қалды. Олардың жолын бұл күндері шәкірттері жалғауда.

Қазір де университетте ұлт­тың мақтанышына айнал­ған атақты адамдар аз емес. Мемлекеттік сый­лықтың лау­реаты, «Даңқ» ор­денінің ие­гері, жазушы-драматург Әкім Тарази, халық әртісі Қайрат Байбосынов, халық әртісі ак­тер Тілектес Мейрамов, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, «Парасат» орденінің иегері, даңғайыр жырау Алмас Алматов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, продюсер Сламбек Тәуекел, Халықаралық Франц Кафка атындағы медальдың,  Халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының иегері, жазушы-драматург Роза Мұқанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай және тағы да басқа өнер қайраткерлері дәріс оқиды. Жалпы, факультеттерде жоғары ғылыми атақтары бар ұстаздар қосыны аз емес. Бір ғана музыка факультетіндегі 145 оқытушының ішінде 32 профессор, 2 өнертану ғылымдарының докторы, 14 ғылым кандидаты, 36 доцент бар. 

Сөзіміздің басында бұл уни­вер­ситеттің өзгеше бір ерек­шелігі ретінде өнердің барлық білім беру деңгейлері бойынша оқытуды жүзеге асырып отыр­ған еліміздегі бірден-бір оқу орны екендігін айтқан болатынбыз. Оқу орнында бастауыш және орта шығармашылық білім беру бойынша 7 бағдарлама (мектеп), колледж бойынша 9 бағдарлама, бакалавриат бойынша 18 бағдар­лама, магистратура бойынша 15 бағдарлама, докторан­тура бо­йын­ша 3 бағдарлама жүзеге асырылады. Университет негізінде симфониялық оркестр, Қазақ сту­денттер халық оркестрі, скрип­­кашылардың «Каприччи», «Ай­гөлек» ансамбльдері, «Сер­пер» және «Шат» атты домбырашы­лар ансамбльдері, «Тілеп» және «Назерке» атты қобыз­шы­лар ансамбльдері, «Япурай» вио­лончельшілер ансамблі, «Елі­гай» балалар хоры, «Самғау» камералық хоры құрылған.

Сондай-ақ дарынды бала­лар­ға арналған мектеп-интер­нат – «Қазақ ұлттық өнер уни­вер­ситетінің» құрылымдық бөлім­шесі. Бүгінгі күні мектепке жыл сайын шамамен 30-35 сыныпта оқытылатын 600-700 оқушы қабылданады. 

Бұл күнде университет түлек­тері еліміз және шетелдерде көп­теген жауапты да абыройлы іс ат­қарып, өмірдегі һәм өнер­­дегі өз орындарын табуда. Қа­нат­­та­рын қатайтқан оқу ордасын, ұш­қан ұяларын мақта­ныш етеді. «Эс­трада өнері» кафедрасының биыл­ғы түлегі, Президент стипен­диясының ие­гері, «Дарын» Мем­ле­кеттік жас­­тар сыйлығының лау­реаты, қа­зақ елінің мақтанышы Димаш Құдай­берген:

«Қазір Қазақ ұлттық өнер уни­верситеті республикамызда ғана емес, алыс-жақын шетелдерге де кеңінен танымал. Ол – елордамыздағы ең таңдаулы жоғары оқу орындарының бірі. Университеттің халықаралық деңгейде үлкен абыройға ие болуында менің рухани ұстазым Айман Қожабекқызының еңбегі зор. Оның 1-курсқа келгеннен бастап қолдау көрсетіп, бола­шағымнан үлкен үміт күтуі маған зор жауапкершілік арт­қандай бол­ды. Айман Қожабек­қызы көп­теген байқауларға қатысуға көмек­тесті. Ол «Славян базары-2015» байқауына қаты­сар­да жеңіске жететініме сенім біл­дірген еді. Қытай елінде өткен «Мен әншімін» байқауында ұлт ас­паптары оркестрін жіберіп, менің алдыңғы лектен көрінуіме тілек­тес болып, көп көмек көр­сетті.

Міне, биыл оқуымды аяқ­тап, маман атанамын. Маған бі­­лім берген Қазақ өнерінің қа­ра­­­­шаңырағына, Айман Қожа­бек­қызына және университеттегі ұс­таз­дар ұжымына үлкен алғыс айтамын. Шәкірттеріңіз тек биік­­тен көрініп, қуанта бергей! Ас­танамыздың 20 жылдығымен қатар келген университетімнің 20 жылдық мерейтойымен құт­тық­таймын», деді.

Университет бірқатар ха­лық­аралық ұйымдардың, атап айт­қанда еуропалық консерваториялар, музыка академиялары және жоғары мектептері қауым­дастығының (АЕС), «Magna Charta Universitatum» Ұлы уни­вер­ситеттер хартиясының, ТМД­ елдері консерваториялары кеңе­сінің, ЮНЕСКО клубтары Қазақстан федерациясының мүшесі. Сондай-ақ ТМД, Еуропа және АҚШ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісім­дерге қол қойылып, бұл дос­тастық табысты жүзеге асырылып келеді.

Жаңа уақыттың жаршысын­дай, ардақты Астананың айшы­ғын­дай, қазақ өнерінің болашақ шоқ жұлдыздарын жарқыратып шығаратын оқу орнына Елба­сы­ның ықыласы да ерекше. Со­нау 1998 жылы Академияның рес­ми ашылуында тұсауын өзі кескен университеттің есеп­тік концерттеріне үнемі қаты­суы соның айғағы болса керек. Университеттің 20 жыл­дық мерейтойына орай ұйымдас­тырылған концерттің ортасында да болып оқу орнының абыройы мен жауапкершілігін одан сайын арттыра түсті. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»