Ел мерейтойы қарсаңында жан жадыратқан жаңалықтардың бірі – Қытай елімен экономикалық байланысты жалғастырған «Достық – Алашаңқай» шойын жолы өтетін Достық кентіндегі кеденшілер қуанышы деуге болады.
«Достық» кеденіне басқа өңірлерден қызмет ауыстырғандар мен бұған дейін баспанаға зәру отбасылары қыс қаһары күшіне енген осы күндері жылы пәтерлердің кілтін алды.
Көп қабатты жиырма пәтерден тұратын үйдің құрылысын «НМС» компаниясы барлық талаптарға сай сапалы аяқтап, пайдалануға берді. Жаңа баспананы иеленгендер қатарында жас мамандар және басқа да өз ісінің кәсіби шеберлері бар.
Кеденшілер қалашығы уақыт өткен сайын сәулеттеніп, қанатын кеңге жаюда. Пайдалануға берілген үйлердің жертөлесінде тұрғындардың саламатты өмір салтын қалыптастыруына арналған жаттығу залы жасақталған. Балалардың ойын алаңы да аулаға сән беріп, бүлдіршіндер қызығымен толыққан.
Тәуелсіздік мерекесін жаңа шаңырақта қарсы алғандардың көңіл-күйлері де көтеріңкі. Демек, бұл олардың қызметтегі табысты еңбегіне барлық жағдай жасалғанының дәлелі.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.