Қазақстан • 12 Маусым, 2018

Астана құрдастарының кездесуі өтті

606 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті–Елбасы кітапханасында елорданың 20 жылдығына арналған «Астана – болашақтың қаласы» атты іс-шара өткізілді.

Астана құрдастарының кездесуі өтті

Іс-шараның негізгі мақсаты – елор­да­ға құрмет пен мақтаныш сезімін қа­лып­тастыру, өмірде белгілі табыстарға қол жеткізген жас астаналықтардың бей­нелері арқылы белсенді өмірлік ұста­ным мен көшбасшылық қасиеттерді насихаттау.

Кездесу қоңақтары – Астананың құрдастары, 1998 жылы туған жас­тар, нағыз елордалықтар. Олардың әрқай­сысы өздерінің білім алып жат­қан оқу орындары, сонымен қатар өзде­рінің табыстары мен жеңістері ту­ралы баяндады. Олардың ішінде Г. Әбдірахманова, А.Әбдіғалиев, Ә.Ай­мақ, А.Беисова, А.Бойко, Я.Калиновский, А.Қасен, Е.Сейт­жағыпар сөз сөйледі. Өз мамандығын сүйіп оқитын елорданың жастары елі­міз­дің дамуына өз үлестерін қосқысы келеді. 

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 2-курс студенті Айкерім Қасен филология мамандығы бойынша оқиды. Болашақта ол білімін әрі қарай жетілдіріп, өз мамандығы бойынша шетелде тереңірек оқуды мақсат тұтып отыр. «Өзге тілдің бәрін білсең де, даму,  тынымсыз еңбектену арқылы бәсекелестікке қабілеттіліктің  арқасында ғана өз ұлтыңды, тіліңді, дініңді, дәстүріңді сақтап қала аласың», дейді Айкерім.  

Астана гуманитарлық колледжінің 2-курс студенті Елбарыс Сейтжағыпар музыкаға бала күнінен жақын болған. «Елордадағы №4 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназиясында оқи жүріп, сабақпен қатар түрлі мәдени шараларға белсене араластым. Талабым мен талантымды таныған ата-анам менің өнер саласына баулыды. Себебі анам да, әкем де өнерлі жандар. Осындай өнерлі отбасында дүниеге келген мен Астана гуманитарлық колледжінің музыкалық білім беру мамандығына оқуға түстім»,  дейді Елбарыс. 

Ян Калиновский бала күнінен спортқа жақын болып өскен. «Менің сүйікті спортым – хоккей. Хоккеймен төрт жасымнан бастап айналысып келемін. Мен спорттағы жетістікке ата-анамның арқасында жеттім деп білемін. Алдағы уақытта Қазақстанда хоккейдің қарқынды дамуына өз үлесімді қосқым келеді». Елорданың құрдасы Янның арманы осындай.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов қатысып, елорданың құрдастарына ресейлік жазушы Николай Зеньковичтің «Имя, ставшее эпохой. Нурсултан Назарбаев: новое прочтение биографии» атты кітабын сыйға тартты. 

Миражан МАХАН,
Л.Н.Гумилев  атындағы ЕҰУ студенті