Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған халықаралық фестиваль отандық және шетелдік танымал суретшілерді құшақ жая қарсы алды. Олардың қатарында Ұлыбританияның Корольдік өнер қауымының мүшесі Александра Коннор, Жапонияның акварельмен бейнелеу өнерінің хас шебері Акира Мурата, Бразилиядағы Панамерика өнер ордасының тәлімгері Жизель Улисс, Үндістанның заманауи көркемөнер шебері Рам Вираньян, АҚШ Ұлттық өнер грантының иегері Артем Миролевич, Голландиның ретро көркемөнер шебері Димитрис Воязоглоу бар. Сонымен қатар, Тілеужан Батанов, Айнабек Оспанов, Гүлмира Телғозиева, Бақтыгерей Телеубай, Амангелді Кененбаев, Нұрбазар Қожин, Қайыр Оразғалиев сынды отандық қылқалам шеберлері де көз тартар жұмыстарын елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ұсынды.
Көптен күткен көрменің ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев фестивальдің ашылуымен жиналған көпшілікті құттықтап, жылы лебізін білдірді. «Мәдени ынтымақтастықты халықаралық деңгейде қарыштауды көздеген «Нұр келбетті Астана» фестивалінің ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Біздің ұлттық брендімізге айналған Астананың 20 жылдығы қарсаңында өткізіліп отырған бұл шара жемісін береді деп ойлаймын. Себебі, фестиваль Астананы әлемге танытумен қатар, шет елдермен ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайта түсіп, әйгілі суретшілердің қолтаңбасын Қазақстан тарихына енгізіп, келешекте мәдени байлығымыздың маңызын арттыруға септігін тигізеді», деді Қ. Уәлиев.
Шетелдік қонақтарды Елорданың 20 жылдық тарихы мен шежіресімен, мәдени және рухани ошақтарымен, қонақжай халқымен таныстыруға бағытталған салтанатты мереке аясында суретшілер қала тынысымен таныса отырып, шабытын қылқалам арқылы қағаз бетіне түсірді. «Бұл іс-шараға әлемнің 250 суретшісі қатысуға ниеттерін білдіріп, жұмыстарын ұсынған болатын. Барлық жұмыстар іріктеліп, соның ішінен тек 20 суретші айқындалып, бүгінгі көрме залына туындыларын халық назарына ұсынды. Халықаралық деңгейде өткізіліп отырған шара аясында шетелдік суретшілер Қазақ Ұлттық Университетінде оқытушылар мен студенттерге арнап шеберлік сабақтарын өткізеді» - деп, түсіндірді жоба авторы Сәбит Әбдіхалықов.
Астананың асқақ бейнесін асқан шеберлікпен салған 20 қатысушыға арнайы сертификаттар табыс етіліп, сөз кезегі шетелдік суретшілерге берілді. Фестиваль маусым айының соңына дейін жалғасады, ал көз тартар ғаламат туындылар Ұлттық Музей қорына табыс етілмек.
Александра Коннор, суретші, Ұлыбритания Корольдігі:
Бұл менің Астанаға алғаш келуім. Қала келбетіне қарап тұрып небәрі жиырма жылдық қана тарихы бар екеніне сенбедім. Қазақ халқы өте қонақжай екенін бұрындары естіген болатынмын. Бірақ бұл қонақжайлылықты өз көзіммен көру және сезіну бөлек нәрсе. Келешекте осындай жобалар Қазақстанда өткізілсе қуана қатысамын.
Джованни Томасси Феррони, суретші, Италия:
Мен үшін «Нұр келбетті Астана» шығармашылық тәжірибе алмасу мен жаңа көзқарастармен қоса, жаңа әріптес, жаңа достар табу мүмкіндігін сыйлады. Италия архитектурасының тарихы өте бай, сондықтан да ғимараттардың көбі жылдар ағымына сай көне болып келеді. Ал Астана жас қала болғандықтан, заманауи ескерткіштер мен архитектураның жаңа түрлеріне толы ғимараттар бар болғандығы мені қуантады. Қала өте әдемі әрі тартымды. Осындай тамаша мүмкіндік сыйлағандарыңыз үшін рахмет!
Ботакөз Амалбек,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің 1 курс студенті