14 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіз сот – тәуелсіз мемлекеттің тұғыры

2081 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Осыдан 20 жыл бұрын, 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» Конституциялық заң қабылданып, қазақ халқының ең асыл мұраты орындалды. Бұл мереке – шын мәніндегі ұлы мереке. Ежелден еркіндік аңсаған әр қазақтың арманы еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреген ақындарымыз «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп жырлап, батырларымыз айлап ат үстінде ұйықтап, ауыздықпен су ішіп, жерін қорғауы тегін бе. Арғы замандарды айтпағанның өзінде, тек кейінгі екі ғасырдың ішінде халқымыздың бостан­дығы жолында екі жүзден астам ұлт-азаттық көтерілістерге шыққаны осының дәлелі. XІ ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн: «икемді де, ойлы саясат және билеушінің мемлекетті басқарудағы сан қилы әдістерді игеруі, алуан мінезді қоғамды біріктіре алуы мемлекеттің гүлденуіне жағдай жасайды» деген екен. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі аума­лы-төкпелі кезеңде Қазақстанның тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ойлы саясатты пайымды парасатқа үйлестіріп, халқымыздың басын біріктіріп, мемлекетімізді шынайы тәуелсіз­дікке жетудің тар жол, тайғақ кешуінен сүріндірмей аман алып шықты. “Тәуелсіздіктің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің бай­лығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптық­пайық. Қазақстанның көп ұлтты халқы­ның жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір ор­найтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» деп тебіренген еді Елбасы тәуелсіздік тарихын­дағы тұңғыш сөзінде. Қазақ үшін қасиетті 16 желтоқсанда әрісі- Керей мен Жәнібек, Әз Тәуке мен Абылай хандар, берісі – Кенесары хан мен Алаш арыстары армандаған тәуел­сіздік таңы атып, дүниеде Қазақстан Республикасы деген жаңа мемлекет пайда болды. Осы күннен бастап азаттықтың арман мен арпалысқа толы ақ жолы басталды, тәуелсіз елдің іргетасын қалап, оны нығайту қолға алынды. Тәуелсіздік тізгіні қолына енді тиген ел үшін, бәрінен бұрын жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өту және бұрынғы экономикалық байланыс­тардың үзілуі жағдайында экономикалық реформаларды жүргізу оңайға соққан жоқ. Мемлекеттің қалыптасуы, ең алды­мен, биліктің мемлекеттік институт­тарын құрудың, жалпы халықаралық деңгейде танылудың, әртүрлі дүниежүзілік ұйым­дарға кірудің қажеттілігін көрсетті. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалық­тық референдумда қабылданған Ата Заң ел дамуының одан кейінгі бағытын да айқындап берді. Қазақстан халқы Конс­титуцияға дауыс беру арқылы президенттік басқару нысанын қолдады. Бұл таңдау кездейсоқ емес еді. Ол биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы алауыз­дыққа байланысты ауытқушылықтарға жол бермейтін қуатты топтасқан билік жүйесінің қажеттілігінен туындады. Президенттік басқару нысаны мемлекеттік биліктің заң шығарушылық, атқарушы­лық және сот билігі тармақтарының ара жігін ажыратудың конституциялық міндетін икемді шешіп берді. Бір жағынан билік тармақтарының өзара тығыз ынтымақтастығы қамтамасыз етілсе, екінші жағынан олардың Конституция мен заңдарда белгіленген өзара тежеу және бір-бірінің өкілеттігіне араласпау тетігі жасалды. Елбасы егемендіктің алғашқы күн­дерінен бастап тәуелсіз сот, қуатты құқық қорғау органдарын құруды демо­кра­тиялық, құқықтық мемлекетті ны­ғайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп, осыған қатысты ша­ралардың жедел жүзеге асырылуын талап етті. Сондықтан мемлекеттік биліктің бір тармағы – сот жүйесінде болған тың өзгерістерге Президенттің қамқорлығы мен көреген саясаты серпіліс бергені сөзсіз. 2000 жылғы 25 желтоқсанда қабыл­данған «Қазақстан Республикасының соттары мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің өте маңызды тұғыры болды. Атап айт­қанда, соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңдармен белгіленді, соттар бір жүйеге біріктіріліп, сот құрылысы мен сот ісін жүргізудің оң­тайлы және тиімді негізі қаланды, Жоғарғы Сот бірыңғай сот жүйесіндегі жоғары сот сатысы деп танылды. Судья­лардың әлеуметтік жағдайы қа­жетті деңгейде қамсыздандырылды, қыз­меті материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Конституциялық заң сот құзыретінің шегін кеңейте түсті, судьялар сот төрелігін жүзеге асырған кезде тек заңға ғана емес, әділеттілік атты аса маңызды моральдық, құқықтық және саяси ұғымға сүйенуге мүмкіндік алды. Судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктері айқындалып, оның биік әлеуметтік мәртебесі бекітілді. Сот жүйесіндегі әлеуметтік, ұйым­дық, құрылымдық өзгерістермен бірге сот ісін жүргізудің заңнамалық қоры да молыға түсті. Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық кодексі, Қылмыстық іс жүр­гізу кодексі, Қылмыстық атқару кодексі, Азамат­тық кодекс (жалпы және ерекше бөлім), «Атқару өндірісі және сот орын­даушы­ларының мәртебесі туралы» Заң қабыл­данып, қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу заңнамасын еліміздегі әлеу­мет­тік-саяси және экономикалық жағ­дайларға, елдің конституциялық құры­лысына сәй­кестендіру, азаматтардың құ­қық­тарын, меншік түрлерінің барлық нысандарын халықаралық құқықтың жал­пыға танымал принциптері мен норма­ларына сәйкес сот арқылы қорғау нық қалыптасты. Сот жүйесі атқарушы органның ықпалынан толық шығарылып, соттардың қызметін қамтамасыз ету функциялары Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментіне берілді. Республикада нарықтық қатынастар­дың дамуы экономикалық қатынастарға қатысты дауларды қарайтын маман­дан­дырылған соттарды құруға түрткі болды. Нәтижесінде облыстар мен Астана, Алматы қалаларында мамандандырылған экономикалық, әкімшілік соттар, ерекше ауыр қылмыстарды қарайтын мамандан­дырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соттар құрылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі соттарға қатысты сынақтама еліміздің басқа өңірлерінде де осындай соттарды құрудың қажеттілігін көрсетті. Ювеналдық соттарды және Астана қаласында салық дауларын шешетін қаржылық сотты құ­румен соттарды мамандандыру өз мәресіне жетті деп санауға болады. Қазақстандық сот жүйесін халық­аралық негізгі құқықтық үлгілер мен нор­маларға сәйкестендіру сот-құқықтық реформасының аса маңызды мақсатта­рының бірі еді. Алқабилер институтын енгізу осы мақсатты жүзеге асырудың айтулы кезеңі болды. «Алқабилер туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдардың қабылдануы осы дәйекті, зор дайындық жұмыстарының қорытындысы болды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі тура­лы» Конституциялық заңға 2008 жылғы 17 қарашада өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесінің негізін қалады. 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап сот ісін жүргізудің үш буынды жүйесі іске қосылды. Жалпы алғанда, 1991-2011 жылдар аралығында жүргізілген реформалар дербес сот билігінің қалыптасуы мен орны­ғуына, сот жүйесінің ұйымдық негіз­дері­нің дамуына, оны кадрлық және қаржылық қамтамасыз етуді жетілдіруге, демо­кра­тиялық, құқықтық мемлекеттің заңды­лық негізін бекітудің қажетті алғы­шарттары ретінде соттың тәуелсіздігін нығайтуға бағытталды. Республиканың сот жүйесі осы жылдар аралығында құқықтық мем­лекеттің стандарттарына сай келетін шынайы тәуелсіздікке қарай қарқынды қадам басты. Сот жүйесінде болған түбегейлі өзгерістер баршаның сотқа қолы жетуін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген тұлғалардың өз құқықтарын сот арқылы жүзеге асыруына жол ашты, азаматтардың сот билігіне сенімін күшейтті. Сот жүйесінің дәл қазіргі уақыттағы ең басты мақсаты – халықтың сотқа деген сенімін арттыру дер едім. Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі және бірегейі – соттың ашықтығы, жариялылығы, сол арқылы халық пен сот арасында екіжақты байла­нысты қалыптастыру болып қала бермек. Сот төрелігінің ашықтығы судьялардың жеке басының ісі болып есептелмейді, ол мемлекеттік саясаттың бағытына айналған. Қазіргі күні қол жеткен табыстар биігінен қарағанда, дер кезінде жүзеге асқан шаралардың сот реформасын барынша жеделдетіп, соттардың қызметін жаңа дең­гейге көтергеніне айқын көз жетеді. Негізінен әлемдік стандарт бойынша сот билігінің тәуелсіздігі саяси, экономикалық және іс жүргізу аспектілері бойынша баға­ланады. Саяси тәуелсіздік – сот жүйесінің басқа билік тармақтарынан дербестігін, экономикалық тәуелсіздік – сот қызметін қаржылай қамтамасыз ету тікелей мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуін, ал іс жүргізудегі тәуелсіздік – судьялардың жоғары тұрған судьяларға, сот төраға­ларына және әкімшілік аппаратына бағы­нышты болмауын білдіреді. Бұл ретте біз­дің сот жүйеміз әлемдік стандартқа сәйкес келеді деп айтуға болады. Солай болғанмен де біз осы қалып­тасқан сот жүйесін тоқырауға ұшырат­пауымыз керек. Осы орайда екі бағыттағы жұмыс ұдайы жалғасын табуы қажет деп ойлаймын. Біріншісі – сот жүйесін заманға сәйкес ұдайы жетілдіру болса, екіншісі –  кадр мәселесі. Жоғарыда айтқанымдай, біз үш буынды сот жүйесіне өттік. Іс алғашында аудандық сотта қаралады, заңды күшіне енбеген сот актілері облыстық соттардағы екі алқада қаралып, ал заңды күшіне енген сот актілері Жоғарғы Сотта тексеріледі. Республикада жыл сайын миллионнан астам істер қаралады. Енді осы миллиондаған істер легін мерзімінде мұқият қарап, заңды және негізді шешім шағаруға осы үш буынды сот жүйесінің мүмкіндігі бар ма деген сұрақ туындайды. Бұрын облыстық соттардың қадағалау алқалары істер бойынша шығарылған сот актілерінің заңдылығын бірден тексеріп, қателерін тез арада түзеп отыратын. Қазір заңды күшіне енген сот актілерін тексеру тек Жоғарғы Соттың ғана құзыретінде. Яғни, республиканың түкпір-түкпірінен келетін шағымдарымен бірге түсіп жатқан мыңдаған сот актілерінің заңдылығын бір ғана сот сатысы тексеруі керек. Әрине, Жоғарғы Сот судьялары барлық сот актілерін қайта қарауға міндетті және қарап жатыр, бірақ әр сот актісін жік-жігін ажыратып, барынша екшелеп қарауға уақыты жете ме, белгіленген іс қарау мерзімінде үлгере ме? Түптеп келгенде, сот төрелігін жүзеге асырудың ең ауыр салмағы бірінші сатыдағы сот пен Жоғарғы Сотқа түсіп тұр. Өйткені аудандық соттың шешімімен келіспеген адамдардың көпшілігі шешім заңды күшіне енген соң, апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен облыстық сотқа шағымданбастан бірден Жоғарғы Сотқа келеді. Өйткені бірінші сатыдағы соттың шешімімен келіспеген тараптарды облыстық соттағы сот сатыларына шағымдануға міндеттейтін заң жоқ. Нақтылап айтқанда, біз облыстық сот­тардың мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырған жоқпыз. Заңды күшіне енген сот актілерін облыстық соттардың қасса­циялық алқалары қайта қарап, бірінші сатыдағы соттың қателіктерін қысқа мерзімде түзеп, тиісті қаулы қабылдағаны және кассациялық алқаның отырысын облыстық соттың төрағасы басқарғаны ұтымды болар еді. Бұл, біріншіден, төрағаның судья ретіндегі кәсіби білігін толық жұмсауына және жауапкершілігін арттыруына ықпал етеді, екіншіден, тараптар үшін де тиімді, өйткені алыстан ат арытып Жоғарғы Сотқа барғанша, облыс орталығында мәселені шешкен жөн емес пе. Сондай-ақ облыстық сот құрамында қылмыстық істер, азаматтық істер және әкімшілік істер бойынша екі апелляциялық алқа құрылса, істерді мейлінше жіктеп қарауға мүмкіндік туар еді. Сот ісін оңтайландырудың осы және басқа да мәселелерін шешу мақсатында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы дайындалып, судьялар қауымдастығының талқылауына ұсынылды. Талқылау бары­сында айтылған орынды ұсыныстар жобаға енгізілді, қазір заң жобасы Парламент Сенатының қарауына берілді. Бұл Заңның қабылдануы сот ісін жүргізуге жаңа леп берері сөзсіз. Енді кадр мәселесіне тоқталайық. Сот билігінде бір ғана басты тұлға бар. Ол – судья. Судья – қоғамның адамзатқа ортақ құндылықтарға сай қалыпты өмір сүруіне бөгет жасайтын келеңсіздіктер мен дау­ларды заң жолымен реттейтін өте маңызды тұлға. Ақиқатын айтсақ, соттардың абы­ройы да, абыройсыздығы да судья­лардың қолында. Судьяның үлкені, кішісі бол­майды, оның мәртебесі қай сот саты­сын­да да бірдей. Сот сатысы жоға­рылаған сайын судьяның мәртебесі биіктейді деген қате пікір бар. Керісінше, сот жайындағы көзқарас жергілікті сот­тардың жұмысына қарап қалыптасады. Сон­дықтан аудандық және оған те­ңестірілген соттардың судьяларына жүк­телер жауапкершілік Жоғарғы Сот судьясының жауапкершілігінен төмен емес. Аудандық соттың судьялары қара­ған істер келесі сот сатыларына жетпей әділ шешімін тауып жатса, сөз жоқ, халықтың сотқа деген сенімі артады. Демек, жергілікті соттарда майталман судьялардың көп болғаны күллі сот билігінің беделін өсіреді. Ендеше, соттарды білікті де білімді кадрлармен қамтамасыз ету, судьялар қатарына кез­дейсоқ адамдардың өтіп кетпеуін қада­ғалау біздің бірегей міндетіміз болмақ. Осы орайда шетелдік сот тәжірибесінен мысал келтіре кеткен артық болмас. Еуропаның Ұлыбритания, Франция, Германия сияқты өркениетті елдерінде, Ақш-та судьялық қызметке тағайындау мемлекет басшысын сайлаумен парапар. Онда судьялықтан үміткерлерді психоло­гиялық, физиологиялық жағынан сынақ­тан, тексеруден өткізетін «эргономика» деп аталатын ғылыми әдіс ойлап табылған. Есі кем, мүгедек адамдарға, жануарларға жаны ашымайтын мінезі қатал үміткерлер бірден тізімнен шыға­рылып тастайды. Келесі кезекте үміткер­лердің жеке өмірдегі мінез-құлқы, адамдармен қарым-қатынастағы ұста­ным­дары зерделенеді. Соңынан сөз ерген, жама­наты бар үміткерлер де тізімнен шыға­рылады. Тек содан кейін олардың білімі, өміртанымы, заңгерлік тәжірибесі, ин­тел­лектуалдық мүмкіндіктері сияқты өлшемдер екшеленеді. Осындай ғылыми тәсіл бізде де қолданылсын демегенмен, судьялыққа үміткерлерді іріктеу жолдарын жетілдіре түсу артық емес. Соның бір көрінісі – қазір судьялық лауазымға ұсынылған­дардың тізімі бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады, олар туралы пікірін білдіргісі келгендер Жоғарғы Соттың сайтына хат жолдауына болады. Жол­данған пікірлер, ұсыныстар міндетті түрде зерттеледі. Ал енді қызметтегі судьялардың сот төрелігін жүзеге асыруының сапасын, оның кәсіби жарамдылығын анықтау үшін Жоғарғы Сот соттардың қызметінің тиімділігін айқындайтын жаңа әдістеме дайындады. Қылмыстық іс қарайтын сот пен азаматтық іс қарайтын сотты, эко­номикалық, әкімшілік соттардың бар­лығын бір қазанның ішіне салып, бір өлшеммен өлшеу дұрыс емес. Олардың әрқайсысының істі зерттеу, талдау ерекшеліктері ескеріле отырып бағалайтын әдістемелік көрсеткіштер жасалды. Осы әдістеме арқылы әрбір соттың қызметіне тиісті баға беріледі. Меніңше, соттың жұмысын бағала­ғанда іс қараған кезде судья заңды кө­рінеу бұзды ма, әлде қателесті ме, ол қателікті жоғары сатыдағы сот дереу түзеді ме деген сауалдарға жауап іздеу қажет. Өйткені, әр сатыдағы соттардың судьялары нақты бір іс бойынша әртүрлі пікірде болуы мүмкін. Егер аудандық судья қылмыстық, азаматтық заңнамаға сәйкес заң нормаларын қолданса, алайда, шығарылған шешіммен жоғары сатылы сот судьялары келіспей басқа шешім қабылдаса, аудандық соттың судьясы қате шешім шығарды деп үзілді-кесілді айыптау дұрыс емес. Өйткені, әр судья­ның ішкі сенімі деген ұғым да бар ғой. Ал егер судьяның салғырттығына, не оның білімінің таяздығына, білігінің төмендігіне байланысты қолданыстағы заңды өрескел бұзуға жол берілсе, мұндай судьяның жұмысына сараптама жасалып, шешімдері талқыға салынуы қажет. Егер судья жүйелі түрде қате жіберіп, заң бұзушылыққа жол беріп, кәсіби білігін жақсартуға талпынбайтын болса, мұндай адам судьялар қауымдастығынан аластатылуы тиіс. Міне, жаңа әдісте­менің негізі осы. Жалпы осы «кәсіби жарамсыздық» мәселесі жас та, тәжірибе де талғамайды, ол судьяның жеке басының тәрбиесіне қатысты. Өз ісіне жастайынан жауапкершілікпен қарап үйренген, жаратылы­сынан жауапкершілігі жоғары адам ол әдетінен ешуақытта танбайды. Жас та болса ой-өрісі кемелденген, өмірлік орнықты көзқарасы бар, жасы үлкен, тәжірибелі әріптестерінен қалыспайтын жас судьялар бар да, керісінше, қанша жыл сотта істесе де көшке ілесіп қана жүретін, кәсіби, рухани өсуге ұмтыл­майтын салғырт судьялар да бар. Негізінде заңдағы өзгерістерді тез қабылдап, сот тәжірибесінде орайлы қолдану, жаңа­лыққа жаны құмар болу нағыз судьяға тән қасиет дер едім. Ең бастысы, кез келген дауды әділеттілік деген қасиетті ұғымға жүгініп шешу үшін судьяда ар-ұят деген асыл қазына болуы керек. Ар-ұяты бар судья қандай қыспақтан да тура жол табады, қандай күрделі істің де күрмеуін әділ шешеді. Өйткені, оның тәуелсіздігі ешбір заңның, жайлы жағдай мен жоғары жала­қының күшімен келген тәуелсіздік емес, өзінің жан-дүниесінің тазалығымен, рухани биіктігімен қалыптасқан тәуелсіздік. Қорыта айтқанда, біздің мәңгілік мұратымыз – ел тәуелсіздігінің құнды­лықтарын қорғайтын қуатты сот, адамгершілік келбеті айқын адал сот, турашылдықтан таймайтын әділ сот, әр адамның құқығын қажымай қорғайтын қайырымды сот болуға тиіс. Бектас БЕКНАЗАРОВ,  Жоғарғы Сот Төрағасы.