Тәуелсіздік және Елбасы
Алып Кеңес Одағы тарағаннан кейін оның орнында пайда болған мемлекеттердің барлығы ортақ дағдарысты басынан кешірді. Қалыптасқан орталықтандырылған жүйе ыдырады, зауыт-фабрикалар күйреді, балабақшалар мен мектептер, спорт ғимараттары мен мәдениет орталықтары жабылды. Экономика күрделі жағдайға тап болып, халық күйзеліске ұшырады. Жұрт бойында ертеңгі күнге деген сенімсіздік пайда болып, үрей биледі. Ел аумағында халық арасында бүлік салуға тырысқан түрлі ұйымдар бас көтере бастады. Осы бір «қарағай басын шортан шалған» кезеңде Елдікті, Егемендікті сақтап қалуды, алдымен соны иеленуді, татулықты, бірлікті тегеурінді тірек ету – Отандық, мемлекеттік биік дәрежеде ұстап тұру Елбасы үшін сын болғаны баршаға мәлім. Елбасы Н.Назарбаев қиындыққа мойымады. Өзінің табиғи дарындылығы мен көрегенділігінің арқасында бар күш-жігерін жас мемлекеттің еңсесін көтеруге, даму көшін түзетуге бағыттады. Тарихта ұлы тұлғалар аса маңызды оқиғалар мен өте күрделі бетбұрыс кезеңдерде айқын көрінетіні белгілі. Өйткені, олар белгілі бір тарихи дамулардағы ірі өзгерістерге белсене қатынаса отырып, оқиғалардың даму барысының жетегінде кетпейді, керісінше, өзгерістердің оң бағытта дамуына бақылау жасап, оқиғалар барысына, өрбу бағытына өзіндік жеке, шешуші рөл қосады. Олардың қоғам дамуына қосқан үлесі неғұрлым ауқымды, неғұрлым терең болса, соғұрлым олардың есімі халықтың тарихи санасында өшпестей болып сіңіп, уақыт өте ұрпақтар алдында биікке көтеріле береді. Қазақ халқының тарихында осындай адамның бірі де бірегейі Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаев екендігі даусыз. Қазақ тарихында маңызды рөл атқарған «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолының» ізімен Елбасы, Тәуелсіз Қазақстан жағдайында «Нұрсұлтанның нұрлы жолының» негізін қалады. Бұл жол – ең алдымен қоғамдық тұрақтылыққа бағытталған жол. Бұл жол – азаматтар арасындағы ынтымақ пен татулыққа негізделген өнегелі бастау. Бұл жол – әлемнің барлық түкпірінде бейбітшілік пен келісім идеясын орнықтыруға арналған қайнар көз. Бұл жол – Қазақстанды болашақ өркендеу, қуатты ел ету сынды мақсатқа жетелеген бірден-бір тура, ең дұрыс жол. Аллаға шүкір, ата-баба арманы орындалды! Еліміз бағытын түзеді, бірлігін, ынтымағын арттырды, абыройын көтерді. «Қазақстан» атты алып кемені шайқалтпай басқарып, оны әлем төсімен нұрлы болашаққа, кемел келешекке, жарқын көкжиекке жетелеген Елбасы мен Тәуелсіздік егіз ұғымға айналды. Елбасының: «Енді біздің ел атқа қонды: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады», деген сөзіне сәйкес байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгін Қазақстан – өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын елге айналды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың пікіріне әлем саясаткерлері ықылас қоятын болды. Тәуелсіздікке қол жеткізу де, оны ұстап тұру да оңай емес. Бұған үлкен қажыр-қайрат, сонымен қатар, кемел ақыл-парасат та қажет. Осыған ұйытқы болар тұлға қажет. Тәуелсіздікке тірек болар негізгі тұғырларды түгендей алатын нағыз ұлтжанды азамат қажет. Мемлекет тұтастығына, ел бірлігіне ұйытқы болар елім деп еңіреген ер қажет. Міне, тәуелсіздік тұғырларын бекітуге ұмтылған, елге халқын өрге сүйрей алатын басшы керек болды. Тәжірибесі кемшін, даму жолының өнегесі болмаған жерде тәуелсіз мемлекет орнатуды қолға алу тоқсаныншы жылдардың биігінен қарағанда көзсіз ерлік болатын. Қалың елдің ішінен суырылып шығып, жауапкершілікті мойнына алған, өз тағдырын елінің тағдырына, келешегіне арнаған, халықтың үзілуге шақ қалған үмітін жалғаған ардақты азамат – халқының біртуар перзенті Н. Назарбаев болды. Ел мен жер үшін шешуші сәт туғанда Елбасы даналығымен, батылдығымен, парасаттылығымен ел мұңын, халық сырын, тарих үнін түсіне білді. Халықтың басын қосып, халық мүддесі жолында, табандылығын да, тапқырлығын да таныта білген Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқының күшін тасытты, мәртебесін көтерді, қазақ елін іргелі елге айналдырды. Жиырма жылдық мерзім ішінде елімізде кең көлемді мемлекеттік түбегейлі өзгерістер орын алды. Жаңа мемлекеттік жүйе қалыптасты. Қуатты қарулы күштер пайда болды. Ұлы державалармен шекарамыз бекітілді. Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Дүниежүзінде бірінші болып атомнан бас тарту, Арқа төсінде айшықты жаңа елорда салу, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету, ғаламда басы бірікпей келе жатқан әртүрлі дін өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру, Қысқы Азия ойындарын өткізу және күллі Ислам ұйымы конференциясына төраға болу сынды белестер бүгінде елімізді әлемге танытты. Бұлардың бәрі – ең алдымен Елбасының көреген саясатының арқасы. Осы ретте мені жеке таң қалдыратын бір жағдайды айтып өткім келеді. Тәуелсіздікке ие болған жиырма жыл ішінде еліміз – Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жеткеніне қарамастан, әлем мойындаған жедел дамушы ел ретінде мойындалғанына қарамастан Елбасының ешқашан босаңсымауы, өзін-өзі жаныған тұлғалық ұмтылысы оған деген құрметті тек қана арттыра түседі. Елбасының: «Тәуелсіздік – тарихтың мәңгіге берген еншісі емес, халықтардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал», деген сөзі баршамызға қосымша күш беріп, ел дамуы жолындағы міндеттерді аянбай атқаруға бастайды. Нұрсұлтан Әбішұлының және бір ерекше қасиеті – оның жаңашылдығы, прагматизмі, көрегендігі. Егемендіктің алғашқы жылдарында өзге Достастық елдері жағдайды қалай жақсартуды, экономиканы қалай көтеруді білмей отырғанда, Елбасы нарықтық реформаларды қолға алды. Барлық мемлекеттік нысандарды, ауылшаруашылық жерлерін жеке меншікке беріп, дағдарыстан шығудың қамын қарастырды. Дамыған, өркениетті Батыс елдерін Қазақстанға инвестиция салуға шақырды. Елбасының жеке беделінің және жүргізіп отырған бейбіт саясатының, Қазақстанда орныққан тұрақтылық пен ауызбіршіліктің арқасында елімізге инвесторлар ағылды. Өндіріс ошақтары қалпына келтірілді. Елбасы шетелдік тәжірибе мен білімнің пайдасын тез ұғып, талантты жастарды «Болашақ» бағдарламасымен шет мемлекеттерге аттандыруды қолға алды. Бүгінгі таңда сол жастар мемлекеттік маңызы бар компанияларда, мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, ел дамуына сүбелі үлес қосуда. Тоқсаныншы жылдардың басында Елбасы алғаш рет Еуразиялық кеңістік одағы туралы идея айтып, оның жалпыға пайдасын нақты негіздеп бергенде, бірқатар көрші елдер оған күмәнмен қараған еді. Қазір Ұлт көшбасшысының сол салиқалы бастамасы Достастық елдері аумағында күн тәртібінен түспей, көрші мемлекеттердің нақты мақсатына айналып отыр. Айта берсек, мұндай мысалдар жеке бір кітаптың әңгімесі. Осы ретте Елбасы туралы Ұлыбританияның экс премьер-министрі Маргарет Тэтчер ханымның: “Тәуелсіздік алған сәттен бастап Сіздің көрегендік саясатыңыз елді бостандыққа апаратын жолға алып шықты. Пессимистер, бәлкім, сіздің еліңіздің этностық және діни әрқилылығы ұлттарды жанжалдастырмай қоймайды, сөйтіп, Қазақстанды әлсіретеді деп үміттенген болар. Алайда бәрі керісінше болып шықты. Қазақстан өзінің әралуандығының арқасында гүлденіп келеді және өзінің әралуан дәстүрлер мен діни сенімдерге байлығының арқасында қуатына қуат қосуда. Сіздер басқаларға үлгі болдыңыздар”, деген сөзі Мемлекет басшысының жетістіктерін нақты көрсетеді.Бірлік пен ынтымақ – тәуелсіздік тұтқасы
Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі – ел бірлігін сақтау. Билікті қолына алған сәттен бастап осыны саясатының туы етіп ұстап келеді. Бізге ең алдымен ынтымақ, бірлік, елдің тыныштығы керек еді. Кикілжіңге, қақтығыстарға жол бермеу басты мақсат болатын. Әлемде дау-жанжалдан босамай, түрлі шиеленіс-қақтығыстар ошағына айналып отырған елдер де аз емес. Билікке таласып, өзге тыс күштердің ықпалы мен ынтымағы кері кеткен елдер де жеткілікті. Ал Елбасының да күні-түні ойлайтыны – халықтың, елдің тыныштығы, жердің бүтіндігі. Елбасының тікелей бастамасымен, еліміздегі береке мен бірліктің мекені Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазіргі таңда тегі әртүрлі, мақсаттары ортақ мыңдаған Қазақстан азаматтары Ассамблея қанатының астында ел алдына қойылған ортақ мақсаттарды қызу іске асыруда. Тағдыр әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін қазақтың дарқан даласына қоныс тепкізді. Аузын ашса жүрегі көрінетін кең пейілді қазақ халқының ыстық мейірімінің арқасында тағдыр тәлкегіне ұшыраған көптеген өзге ұлт өкілдері ұрпағын, қасиетті шаңырағын сақтап қалды. «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры – алауыздықта» деп бекерге айтылмаса керек. Бірлігі жарасқан елдің босағасына береке ұялайтыны бесенеден белгілі. Елбасы Қазақстан халқын «...жұмған жұдырықтай бірліктің арқасында алмайтын асу, жеңбейтін кедергі болмайтынына» сендіріп, еліміздегі сан түрлі этнос өкілдерін қоғамдық ұйысуға, жарасты ынтымаққа бастады. Елбасы алғаш Ассамблеяны құру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, аталған ұйым Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасынан көрінді. Маңызды мемлекеттік шешімдер мен Елбасы бастамаларына қолдау көрсетіп, мемлекеттік мүдденің жүзеге асуын қамтамасыз етті. Егемендікке ие болған алғашқы жылдардағы елдің басты құжатының бірі «Қазақстан-2030» стратегиялық жоспарынан бастап кешегі, халық арасында қызу талқыға түскен Қазақстанның Ел бірлігі Доктринасы сияқты қоғамды алға сүйреуші маңызды құжаттар да Ассамблея сессиясында бекітілді. Еліміздің бүгінгі жетістіктері – Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының, көпэтносты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығының арқасында болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздігі, экономикамыздың жедел қарқынмен дами беруі, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі, қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы бірліктен, ынтымақтан бастау алады. Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің қоғамға қажеттілігін, ел дамуына ауқымды үлес қоса алатынын өз істерімен дәлелдеді. Елдіктің, бірегейлік пен тұтастық ұйымы екендігін танытты. Шетелдік белді де беделді мемлекеттер Қазақстан халқы Ассамблеясы идеясын адам баласының тарихындағы және әлемдік қауымдастық арасында адами тұрғыдан ең асқақ идея екендігін мойындады. Қазіргі таңда, Ассамблея «ұлт» ядросы, этностық топтардың мәдени-рухани өзегі, елдік мүддемізді қорғаудың, мемлекеттілігімізді нығайтудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қалыптасты. Қазақстан халқы Ассамблеясы жас ұрпақ бойындағы отансүйгіштік қасиеттерін дамыту, мемлекеттік тіл аясын кеңейту бағытында нақты іс-әрекеттер жасап, қоғам тұрақтылығын нығайтуға елеулі үлес қосып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бейнелі сөзбен келтірсек, тәуелсіздік – киелі ұғым. Оны өмірдің соншалықты қымбат екенін түсінбеген, жығылып қайта тұрмаған, өкпесі тарылып жазира даласының жұпар ауасын аңсамаған, самал желге сағынышпен бетін тоспаған қазақ қана терең түсініп, қымбат бағалай алмайды. Олай болса, тәуелсіздігіміздің мерекесі қарсаңында атқарылар игі істер жас ұрпаққа төл тарихымызды таныта отырып тәрбиелеу болмақ», деп нақты айтқан болатын. Осыған орай, Ассамблеяның маңызды бағыттарының бірі, азаматтардың отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға үлес қосатын негізгі фактордың бірі – мемлекеттік тіл болып табылады. Қазақстанда тұрып жатқан этностардың арасында мемлекеттік тілдің мәртебесі бүгінде еш күмән келтірмес негізгі қағида ретінде мойындалған. Қазіргі таңда, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос жастарының саны артып, қазақ тілді мектепке баласын оқытуға ниеттенген ата-аналар көбейіп отыр. Өзбек, ұйғыр, тәжік мектептерінің оқушылары қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін қазақ мектебінің бағдарламасымен оқып жатыр. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығы қарсаңында артқа көз тастасақ, көптеген жетістіктерге жеткенімізді байқаймыз. Алайда, ел азаматтарына, әсіресе жастарға айтар ой – біз ұлт ретінде оянып, интеллектуалдық серпіліс жасауымыз керек! Бұл – ұлттың алға қарыштап қадам басуының, серпіліп жаңа көкжиектерге ұмтылуының негізі мен кепілі. Тек қана жаһандық деңгейдегі ұлы міндеттер мен мақсаттарға ұмтылған ұлттар ғана жеңіске жетеді. Сондықтан бәсекеге қабілеттілікке бет түзеу ұлт рухының ең маңызды міндетіне айналуы шарт. Қазақстанның әрбір азаматы мұны жақсылыққа, байлыққа, ақылдылыққа ұмтылыс деп танып, туған елінің гүлденуіне қолдан келгеннің бәрін істеу қажет деп сезінуі керек. Әрбір адам өз бойындағы осы қасиеттерді дамытуы шарт, олар жеңіс рухының өз ғұмырының, қоғам мен мемлекет өмірінің бір бөлшегіне айналуына бар күш-жігерін сарп етуі тиіс. Иә, бізге болашағымызды дұрыс болжап, әлеуетті елге айналу үшін тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең бастысы – Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен ауызбіршілік керек. Әлем тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Махатма Гандидің: «Дүниені өзгерту үшін өзіміз өзгеруіміз қажет», деген ойлы сөзі бар. Өркениетті, көшбасшы елге айналу, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатындағы іс-қимылды әр азамат өзінен бастауы қажет. Егер әрбір азамат мүддесі мемлекет мүддесімен ұштасып, ел бірлігін нығайту жолында аянбай еңбек етсе, Қазақстанның алмайтын асуы, бағындырмас биігі болмайтынына сенімдімін. Ералы ТОҒЖАНОВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары.