13 Ақпан, 2010

“ШАЛҚИЯНЫҢ” КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛДЕНЕ ТҮСПЕК

1042 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда уран өніміне деген сұраныс жоғары болып отыр. Егер соңғы деректерге жүгінер болсақ, Қазақстан 2030 жылы уран өндіру жөнінен әлемдегі ірі уран өндірушілер – Канада мен Австралия елінен оқ бойы оза шауып, көш бастаушы болмақ. “Қазатом­пром” ұлттық компаниясы” акционерлік қоғамының берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстанның атом өнеркәсібі өткен жылдың желтоқсан айында 13,5 мың тонна уран өндіріп, жылдық өндірістік жоспарды артығымен орындаған. Сыр өңірінің өнеркәсіптік әлеуетінің бір саласы – уран өндіру екені баршаға мәлім болса керек. Бүгінде қазба байлықтарға толы Сыр аймағының да келе­ше­гі кемелденіп, индустриялық-ин­новациялық бағыттағы жобалар жоспарлы жүзеге асырылып ке­ле­ді. Бұл өз кезегінде шикізаттан қосылған құны жоғары өнім өндіріп, өндіріс өркенін кеңінен жаюға мүмкіндік беруде. Қазір олардың қатары 100-ге жуық­та­ған. Олардың қатарында “Күкірт қышқылы зауытының құрылы­сы” және “Бәйкен У” ЖШС Жа­ңақорған ауданындағы “Хора­сан-2” учаскесінде уран өндіру жобалары бар. Аталған жобалар таяу уақытта Сыр аймағының ин­дустриялық-инновациялық дамуына айрықша серпін туғыз­бақ. Оған қазіргі таңда әлемде уран өнімдеріне деген сұраныс, жоғарыда айтқандай, жоғары бо­лып отырғаны айқын айғақ болса керек. Ал, сұранысты қамтама­сыз ету үшін ағымдағы жылы елі­мізде уран өндіру көлемін 18 мың тоннаға дейін ұлғайту көз­делуде екен. Осыған облыс кө­лемінде жұмыс істеп жатқан уран өндіру кәсіпорындарының қосар үлесі де қомақты. Сондай-ақ бұл кәсіпорындардың жергілікті жердің әлеуметтік мәселелерін шешу бағытындағы игілікті ша­ра­лары да қанаттарын кеңге жай­ып келеді. Демек, өндіріс көлемі ұл­ғайып, жаңа жобаларды біртін­деп жүзеге асырумен бірге осын­дай қолдау шараларының аясы кеңейе беретініне ешқандай кү­мән жоқ. Сонымен бірге, қуатты компаниялардың жергілікті бюд­жет­тің табыс көзін молайтуға тигі­зетін ықпалы да ұшан-теңіз болмақ. Ал, адамдарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, яғни Сыр өңірін өнді­рістік аймаққа айналдырар күн де қашық емес. Жоғарыда атап өткендей, уран өндірілетін ай­мақ­тардағы әлеуметтік бағдарла­маларды жүзеге асыруға ком­па­ния үстіміздегі жылы 3 млрд. тең­ге жұмсауды көздеп отыр екен. Сонымен Сыр айма­ғын­дағы уран өндірісінің келешегі кемелдене түспек. Қаратау өңірінің басты бай­лығы – қиыршық тас өндірісі. Ағымдағы жылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомобиль жо­лы­ның құрылысы бастау алмақ. Осы жолдың 800 шақырымы облыс аумағынан өтеді. Мердігер компаниялардың айтуынша, осын­шама жерге асфальт төсеу үшін 10 млн. тонна қиыршық тас қажет сияқты. Демек, кен бай­лы­ғы Сыр аймағының әлеуетін кө­те­ріп, халықтың игілігіне қызмет жасайтын болады. Айталық, тәу­лігіне 300 тонна 6 түрлі қиыр­шық тас өндіретін “Тасбұлақ” ЖШС-ге қарасты кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін барынша ұлғайтуды қолға ала бастаған. Олар келешекте 250 млн. теңге инвестиция игеріп, зауыт қуаттылығын 1 млн. тон­на­ға жеткізуді межелеп отыр. Сол кезде мұнда 50 жергілікті тұр­ғын жаңа жұмыс орын­дары­мен қамтамасыз етілмек. – Өздеріңізге мәлім, қиыр­шық тасқа деген сұраныс мол. Демек өндіріс аясын кеңейтіп, жергілікті халқымыздың өсіп, өркен жаюына сүбелі үлес қо­суымызға мол мүмкіндігіміз бар,– дейді “Тасбұлақ” ЖШС ди­ректоры Қайрат Өтелбаев. Шалқия кенті маңайында қиыршық тас өндіру, тас ұнтақ­тау зауыттары жоспарлы жұмыс жасауда екен. Солардың бірі “Қазпром-Қызылорда” ЖШС жылдан жылға қиыршық тас өнім­ділігін арттырып, қанатын кеңге жайып келеді. Байырғы өндіріс орны халықаралық стан­дарттарға сай жаңа техникалар алып, тапсырыс берушілер үде­сі­нен шығып келеді. Мұнда өнді­ріліп өңделген қиыршық тас­тар­ды темір жол арқылы еліміздің басқа аймақтарына жеткізу де күн тәртібіне қойылып отыр. Осы Шалқия кентіндегі қиыр­шық тас өндіру сала­сын­дағы ірі өндіріс орындарының бірі – “Шалқия – Неруд ком­паниясы” ЖШС. Бұл компания таудағы тасты тасымалдамай-ақ, сол жерде түрлі фракциядағы қа­жетті өнімдерді дайындайды. Мұның өзі еңбек өнімділігін арттырумен бірге, артық шығын шығармауға да септігін тигізуде. Мұнда шетелдерден әкелген алып техникаларды компью­тер­мен басқару да жолға қойылып, оларды жергілікті мамандар жете меңгеріп алған. Сондай-ақ “Ав­томобиль жолдары басқармасы” ЖШС түрлі фракциядағы қиыр­шық тас, жуылған құм өндіретін тас ұнтақтау зауытын ұлғайтып, жаңа үлгідегі бірқатар жобаларды жүзеге асыруда. Жергілікті биліктің айтуын­ша, осы қазына Шалқия кенті қо­ныс тепкен Жаңақорған ауда­нына 2010-2014 жылдары 80 млрд. теңгенің инвестициясы тар­тылады деп күтілуде. Демек, жылдар жылжыған сайын өн­дірістік аймақтың өрісі өркен жая бермек. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.