Ақиық ақынның өлең өнеріндегі өзгеше өрнегі, дара деңгейі, талант табиғаты ешкімге ұқсамайды. Ал шайырдың шұғылалы шумақтары сөз өнерін қастерлеген халқымыз үшін мәңгілік мұра. Осы орайда биыл еліміз бойынша «Халықаралық Мағжан Жұмабаев жылы» өтіп жатқаны белгілі. Ақын мерейтойы аясында Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы №30 мектеп-гимназияда өңірлік «Мағжан оқулары» байқауы өтті.
Ақын атындағы байқауда аталған білім ошағының оқушылары «Батыр Баян» поэмасынан үзінді оқып, әдеби кештің көркін қыздырды. Өз сөзінде облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова Мағжан ақынның мұхиттай алып, теңіздей терең шығармашылығына тоқталды. Аталған байқауда үміткерлерге ақын өлеңдерінен, поэмаларынан үзінділер жатқа оқу және Мағжан Жұмабаев рухына өлең арнау талабы қойылды. Сонымен қатар байқауда қатысушылардың тіл мәдениеті, ойлау жүйесі, өлең мазмұны сияқты ерекшеліктері ескерілді.
Нәтижесінде «Мағжан оқулары» байқауының бас жүлдесін Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназияның мұғалімі Айбол Сатыбалдиев жеңіп алса, бірінші орынды Т.Рысқұлов ауданы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Жәнібек Әміреев иеленді. Сонымен қатар екінші орын Меркі ауданынан келген Айдана Кәкішева, үшінші орын Қордай ауданынан келген Аяжан Тілеужан сияқты талапкерлерге берілді. Ал «Көрермендер көзайымы» болып таластық Адина Дүйсенбек танылса, шулық Әйгерім Сауытбекке «Өлеңге іңкәрлік» аталымы бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен қатар, арнайы дипломдармен марапатталды.
Алдағы күз мезгілінде өтетін республикалық «Мағжан оқулары» байқауында Айбол Сатыбалдиев Жамбыл өңірінің абыройын асқақтатады деген сенім бар.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы