Қазақстан • 14 Маусым, 2018

Қызылорда облысында 361 отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысты

885 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тәрбие тал бесік­тен бас­талады» дей­ді халық дана­лығы. Жас бала жас­ шыбық сияқты, қалай исең солай­ қарай майы­са­ды. Ұлттық құн­ды­лық­тарды бойына сіңі­ріп өскен жас өскін ешқашан елін жерге қаратпайды. Ол үшін әр отбасы өз шаңырағына мықты болуы керек.

Қызылорда облысында 361 отбасы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысты

Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бері өткізіліп ке­ле жатқан «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауында ұлт­тық болмыс мәселесі ерек­ше назарға алынады. Қызылорда облысында осы байқауға 361 отбасы қатысты. Салтанатты шараға арнайы келген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оның еліміз үшін қаншалықты маңыздылығын ерекше атап өтті.

– Отбасы құндылығы қай кезеңде де, қай мемлекетте де саясаттың ең маңызды бөлігі болған. Бала туу көрсеткіші бойынша Сыр өңірі республикада төртінші орында келеді. Облысымыздағы 44 мыңнан астам көпбалалы ананың 27 мың­дайы Батыр Ана. «Бір қо­лы­мен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен» алтын құр­сақты аналарымыздың 14 мың­ға жуығы «Алтын алқа», 13 мың­дайы «Күміс алқа» иегері, – деді облыс басшысы.

Байқаудың аймақтық кезеңі мә­ресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Байқаудың бас жүлдесі мен республикалық ке­зеңге жолдама Сырдария ауда­ны­ның тұрғындары Бәй­­­­­меновтер отбасына табыс­тал­ды. Бірінші орынды шие­лілік Ишанқұловтар отбасы же­ңіп алды. Екінші орынға жа­лағаштық Тоқсановтар ие болса, үшінші орын Қа­рауыл­төбе ауылының тұр­ғын­дары Дос­­ма­хановтар әуле­тіне бұ­йыр­­ды.

Аталымдар бойынша:­ «Жа­ра­сымды жанұя» – Назаров­тар отбасы, Қызылорда қала­сы; «Үлгілі отбасы» – Байдәуле­товтер отбасы, Қызылорда қа­ласы; «Тату отбасы» – Жаман­қараевтар отбасы, Арал ауданы; «Ізгілікті шаңырақ» – Жа­на­діловтер отбасы, Қар­мақшы ауданы; «Өнерлі от­басы» – Есімсейітовтер отбасы, Шиелі ауданы; «Мәуелі бәй­терек» – Айтбаевтар отбасы, Шиелі ауданы; «Ұлағатты отбасы» – Көмекбаевтар отбасы, Қызылөзек ауылдық округі, Айна­көл ауылы; «Өнегелі отбасы» – Әбілқасымовтар отбасы, Сырдария ауданы, Шіркей­лі ауылы үздік деп танылды.

Жақсы отбасы – ұлттың алтын діңгегі. Отбасылық жа­ра­сым­дылықты бұзып алған Еу­ропа елдеріндегі қарама-қайшылықтарды дүние жүзі көріп отыр. Ұлттық рух сақталу үшін ана сүтімен берілетін салт-дәстүр, әдет-ғұрыптан ірге ажыратуға болмайды.

Бір славян ұлтының өкілі баласын қазақ балабақшасына әкелген. Қазақ ішінде де өз қағынан жеріген құландай баласын, немересін адам болады деп орыс, ағылшын тілдеріндегі мектептерге сүйреп жүргендер көп. Осыны еске алған тәр­биеші әлгі ата-анадан: «Неге қазақ балабақшасын таңда­дыңыздар?», деп сұ­райды.

«Біз ұлттық құндылық­тарды сақтап қалуда қате жібердік. Балаларымыз ержеткен соң ұшқан ұясын тез ұмытады. Ата-анасына қарайламай, өз қы­зы­ғын қуып кетеді. Ал қазақ ба­ла­бақ­шасы, қазақ мектебінде оқыған қазақ балаларынан бай­қағанымыз, ешқашан ата-анасы, туған-туысынан ажырамайды. Қартайғанда бағып-қағады. Қазақ балаларында мейірім мол. Біздің ұл да қазақ тәрбиесімен өскенін қалаймыз», депті олар.

Қазақтың қасиетін абыз ақын Қадыр Мырза-Әли айтудай айтып кетті. Жесірін жауға бер­меген, жетімін жылатпаған иманды қазақ жұрты өзгелерге осылай үлгі болып отыр. «Ме­рейлі отбасы» осындай жақ­сы қа­сиет­терімен құнды.

Бас бәйге алған шаңы­рақ­тың ұйытқысы «Алтын алқа», «Күміс алқа», І, ІІ дәре­желі «Ана­ Даңқы» орден­дерінің ие­гері Сапура Бәйменова:

– Тәрбие рухани тазалықтан басталады. Ата-ана, ең алдымен, өзара сыйластығымен, қа­­ра­­­­пайым­дылығымен, қайы­рым­дылығымен, адалдық, шын­шылдығымен, уәдеге бе­рік­­тігімен, рухани және тән тазалығымен ерекшеленуі керек. Осындай берекесі айрандай ұйыған отбасының балалары жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өседі, – дейді.

Енді «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Рақымжан Бәй­меновтің отбасы қыркүйек айын­­да Астана қаласында өте­тін республикалық кезеңге қаты­сады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы