Мұның міндеті сол, көңілін тауып сөйлесіп, жанын мазалаған дертті дәл анықтап, құлан-таза айығып кететініне сенімін нығайту. Жұмысының жақсы жері де көңілсіз келген кісінің емделіп, алғысын жаудыра ауруханадан күліп шығып бара жатқанын көру.
Иә, біз әңгімелеп отырған травматолог-дәрігер Әріпжан Нұровтың алдына қиналып келіп, қуанып шыққандар қаншама. Қырық жылға жуық уақыт ішінде өзінің көмегімен, қолданған емінің арқасында айығып, отбасына, ортасына оралғандардың есебін дәрігер жүргізбепті. Анығында нағыз дәрігер сырқаттың тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Жабырқау жанның пәсейген көңілін көтеріп, дертіне дауа іздегенге жаздың жылылығындай пейіл танытып, ерекше көңіл сыйлайды.
Осындай ізгі амалдар мен ізденіс-әрекеттерден жалықпаған жанның бірі Әріпжан Нұров дер едік. Мәселе есепте, келген науқастың көптігінде емес, дейді травматолог. Дәрігер Нұровқа салсаңыз, жұмыссыз қалса да науқастардың мүлде болмағаны, адамдардың мүлде ауырмағаны жақсы. Өкінішке қарай, олай болмай тұр.
«Соңғы жылдары тұрмыстық жарақат көбейген. Оның себебі де көп. Заманның, тұрмысымыздың жақсарғанының бір көрінісін көліктің көбейгенінен де білуге болар. Бірақ сол темір тұлпарды тізгіндейтіндердің барлығын тәртіпке бағынады, техникадан жақсы хабардар, көлік жүргізуге рұқсатты білім-біліктілігін дәлелдеп барып алды дей алмаймын. Көлік апатынан зардап шегіп жатқандар азаймай тұр. Өндірістік жарақат алушылар да аз емес. Біз алдымызға жол апаты немесе басқа оқыс жағдайлардың салдарынан аяқ-қолы сынып, басы жараланған, денесінің басқа бір жері жарақаттанып келгендерден тәптіштеп сұрап жататын тергеуші емеспіз, бірден көмек көрсетуге, емдеуге кірісеміз», дейді бірінші санатты травматолог-дәрігер.
Әріпжанның мамандық таңдауы да өзгелерге ұқсамайды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы таулы ауданның орталығы Леңгірде туып-өскен оған бала кезінде дәрігер боламын деген ой мүлде келмеген. Мектепті күміс медальға бітірген соң жоғары білімді Ташкентте аламын деп жолға шықса керек. Өзбекстанның астанасына бара бір оқу орнын таңдармын деп автобусқа отырған түлекті әңгімеге тартқан сапарлас кісі медициналық институтқа баруға кеңес береді.
«Қырықтың бірі – қыдыр» дегендей, әлгі сапарласымның кеңесімен Ташкент мемлекеттік медициналық институтына түсіп, 80-ші жылы бітіріп шықтым. Ташкентте мамандығым бойынша 3 жылдай жұмыс істеп, Шымкентке оралдым. Қаладағы жедел медициналық көмек көрсету ауруханасында травматолог болып істедім. Одан Төлеби ауданының орталығы Леңгірдегі қалалық ауруханаға шақырды. Міне, 25 жылдай болды осы ауруханада халыққа қызмет көрсетіп жатқанымызға», дейді Әріпжан аға.
Әрбір медициналық мекеменің сапалы медициналық көмек көрсетудегі негізгі күші – заманауи материалдық-техникалық база мен білікті медициналық кадрлар. Қалалық аурухана талапқа сай жабдықталған. Жалпы қазіргі таңда денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінуде. Заманауи техниканың қаншама түрі бар, жаңа аурухана ғимараты да барлық талаптар ескеріле отырып салынған. Дегенмен, мықты құрал-жабдықтардың жақсы мамансыз жұмысы тиімді болмайтыны мәлім.
Осы орайда тәжірибелі дәрігерді мазалап жүрген мәселелер де баршылық. Оқу орнын бітіріп келген кейбір жас маманның білімі саяз, есесіне қалтаға түсетін пайданы ойлайтын саудагердей есепке бейім. Науқасты емдеуде әлденені дәмететін және онысын әрекетімен сездіріп дәніккендер, өкінішке қарай бар.
Травматолог-дәрігер мұндай «мамандардың» пайда болуын ақылы оқу орындарының көбейгенімен байланыстырады. Әсіресе материалдық-техникалық базасы, оқытушы құрамы талапқа сай емес ақылы медициналық колледждердегі білім сапасына күмәнмен қарайды. Медицинада материалдық жағдайды жоғары қоятындар ұзаққа бармайды. Бұл мамандықта бірінші орында адамгершілік, жанашырлық, мейірімділік қасиеттер тұруы тиіс деп есептейді. Өз мамандығын сүйетін, білімді, үнемі ізденіс үстінде жүретін талапты жастар да жоқ емес. Тәжірибелі дәрігер сондай мамандардың көп болғанын қалайды.
«Біз отбасымызбен денсаулық саласында жұмыс істейміз. Әйелім – мейірбике, бір ұлым Шымкентте – реаниматолог, екіншісі Алматыда травматолог-ортопед. Екеуі де жоғары білімді. Кіші ұлым жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітірген. Ұлдарыммен медицина жөнінде жиі пікір алмасамыз. «Әке балаға сыншы» дегендей олардың білім деңгейін, кәсіби біліктілігін әңгімелесу, пікір алмасу арқылы тексеріп отырамын. Екеуінің де біліміне көңілім толады. Әркім өз мамандығын сүйіп істегені дұрыс. Маманның медицинаға ынтасы болса, жұмысы алға басады деп ойлаймын», дейді дәрігерлер отбасының отағасы.
Бүгінде өмірлік әрі кәсіби тәжірибесі мол Ә.Нұров қарапайым тұрғындардың көңілінен шығып, өзінің білікті травматолог-дәрігер екенін әлдеқашан дәлелдеген. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Алладан, одан кейін дәрігерлерден дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, дертіне дауа дарытып, елдің алғысына бөленіп жүрген Әріпжан Нұров сынды абзал жандар қашан да ел абыройы.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы