Теннис • 14 Маусым, 2018

Надаль Федерерден озып тұр

320 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Егер әлемдегі ең әйгілі қос теннисшінің 32 жасқа дейін қол жеткізген табыстарын саралайтын болсақ, испаниялық Рафаэль Надальдің швейцарциялық Роджер Федерерден озып тұрғанын аңғару қиын емес. 

Надаль Федерерден озып тұр

8 тамызда 38 жасқа толғалы отырған Роджер Федерер 32 жасына дейін ірі халықаралық турнирлерде 77 мәрте бас жүлдені олжалаған екен. Соның ішінде 17 рет «Үлкен дулыға» және 21 рет «Мастерс» додаларында дара шықты. Осы жарыстарда ол 906 ойынды өз пайдасына шешіп, 206 кездесуде ұтылған екен. Ал 3 маусымда 32 жасқа толған Рафаэль Надаль осы күнге дейін 79 бас жүлдені қанжығасына байлады. Ол «Үлкен дулығада» 17 мәрте топ жарса,  «Мастерсте» 17 рет алдына жан салмады. Осы бәсекелер барысында Пиреней түбегінің түлегі 903 мәрте жеңіске жетіп, 187 рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Әзірге Испания теннисшісі осы көрсеткішпен шектелсе, Швейцарияның саңлағы соңғы бес жылда біраз белесті бағындырып үлгерді. Қазіргі кезде оның «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі жеңісі 20-ға жетіп отыр. Және Федерердің басқа да ірі халықаралық жарыстарда олжалаған жүлделері тағы бар.

Бүгінгі таңда айтулы қос теннисші әлемдік рейтингтің көш басында келеді.  8770 ұпайы бар Рафаэль Надаль бірінші орында тұрса, 8670 ұпайды еншілеген Роджер Федерер екінші сатыға жайғасты.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»