Аймақтар • 14 Маусым, 2018

Халық әртісі Әнуар Боранбаевты туған жері еске алды

934 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық әртісі Әнуар Боранбаевтың 70 жылдығына арналған іс шаралар алдымен Амангелді ауданында  өтті. Оған Алматы, Астана, Қостанай, Арқалық және басқа да өңірлерден келген  қонақтар Тасты ауылындағы Кейкі батыр кесенесіне  барып, баба рухына құран бағыштады. 

Халық әртісі Әнуар Боранбаевты туған жері еске алды

Одан соң Әнуар Боранбаев атындағы мектепке келіп, оның алдындағы Ән-аға ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы қалың топ сол күйі халық батыры  Амангелді Иманов ескерткішіне барып құран бағыштады. 

Түстен кейін Б.Қолдасбаев орта мектебінің мәжіліс залында Ә.Боранбаевты еске алуға арналған «Даланың дара саңлағы» атты ғылыми-практикалық  конференция өтті. Онда Қостанай облысы әкімі аппаратының жетекшісі   Арман Әбенов облыс әкімінің құттықтауын жеткізді.

Мұнан соң Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов, М.Әуезов атындағы театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Маемеров Әнуар Боранбаевтың театр өнеріне қосқан үлесіне баға беріп,  бүгінгі театр  өнерінің даму мәселері жөнінде баяндамалар жасады.  Есімдері елге танымал бірқатар тұлғалар жарыссөзге шығып, театр мен кино өнерінің жарық жұлдызы Әнуар Боранбаев өмірі мен өнерінің қырлары жайында естеліктерімен бөлісті. Аудан әкімі Нұржан Өтегенов маңызды шараға келген қонақтарға ауданның бүгінгі дамуы  туралы айтып берді.

«Бүгінгі іс-шаралар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізіліп отыр, шараның негізгі мақсаты дарынды актер, Қазақстанның халық әртісі, өнер көгінде жасындай жарқылдаған жерлесіміз Әнуар Боранбаевты еске алу, талантқа тағзым етіп, ұрпаққа ұлағат-өнеге қалдыру» деп аудан басшысы конференцияны қортындылады.   

Ұлағатты басқосу аяқталысымен іс-шара қонақтары аудандық Мәдениет үйінде М. Әуезов атындағы театр әртістерінің «Сыған серенадасы» қойылымын тамашалады. Басты рөлдерді Бекжан Тұрыс, Ғазиза Әбдінабиева, Назгүл Қарабалина сынды танымал актерлар сомдаған қойылым өте әсерлі болды. Одан соң шара қонақтары аудандық мұражайды аралап, аудандық Мәдениет үйінде аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай