Жедел тартылып келе жатқан Арал теңізі сияқты аса ірі экологиялық апаттардың салдары
Біздің дәуіріміздің қасіретті шегі – көпқырлы экологиялық қауіп. Қазақстан үшін ол, бірінші кезекте, тартылып бара жатқан Арал теңізімен байланысты. Бұл проблема өңірлік қана емес, сондай-ақ планетарлық – Арал жер биосферасын сақтауда үлкен рөл атқарады. Арал проблемасын шешу оны құтқару бойынша кең ауқымды және тиімді халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыруды талап етеді.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуы стратегиясынан.
Алматы қаласы, 1992 жылғы 16 мамыр.
Тәуелсіздігін алған Қазақстан аса күрделілерінің бірі Арал теңізі болып табылған бірқатар шешуін күткен экологиялық проблемалармен бетпе-бет келді. Ал Арал теңізі Кеңес Одағы кезіндегі қылмыстық шаруашылық жүргізу және адамның ойсыздығы мен жетесіздігінің салдарынан «өлі теңізге» айналған еді. Арал проблемасы теңіздің тартылуынан тұрғындары зардап шеккен жақын жатқан барлық өңірлер үшін апатты болды. Қазақстанға осы аса өткір әлеуметтік-экологиялық проблеманы шұғыл шешу қажеттігі туындады.
![141211-57](http://old.egemen.kz/2011img/141211-57.jpg)
Арал дағдарысы – бұл ойластырылмаған ауыл шаруашылығын игеру салдарынан 1961 жылы басталған, айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық салдары бар экологиялық апаттың аса қасіретті мысалы. Ағын суды күрт көптеп алу салдары (кейбір жылдары жылына 70-75 текше шақырымға жетті) су және тұз балансының бұзылуына алып келді. Ал судың табиғи азаюы 1960-1980 жылдар аралығын қамтыды.
Арал көлемі 10 есеге жуық кеміп, аумағы 4 еседен астамға қысқарып кетті. Жағалау сызығы ондаған, кейбір жерлерде жүздеген шақырымға дейін кері шегінді. Құрғаған қайраң аумағы 4,5 млн. гектарды құрады. Теңіздің тартылған акваториясынан жыл сайын құрамында түрлі химикаттар мен улар бар 100 мыңнан астам тонна тұз бен шаң тарайды. Жыл сайын ауаға 15-тен 75 миллион тоннаға дейін шаң көтеріледі.
Мемлекет экологиялық апат салдарынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және экологиялық проблемаларды шешу бойынша айтарлықтай шаралар қабылдады. Арал маңы проблемаларын кешенді шешу жөніндегі 2004-2006 және 2007-2009 жылдарға арналған бағдарлама жүзеге асырылды. Дүниежүзілік банк займының қаржысы және республикалық бюджет есебінен 2002 жыл мен 2009 жыл аралығында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жүзеге асырылды. Дүниежүзілік банк жобасы бойынша ұзындығы 13 шақырымдық Көкарал бөгетін салу 2003 жылдан 2005 жылға дейін жалғасты. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Арал теңізінің солтүстік бөлігінің деңгейі Балтық жүйесі бойынша 41,4 метр белгіге жетті (жоба жүзеге асырылғанға дейін 39 метр). Бұған қоса, су айдынының аумағы 2606 шаршы шақырымнан 3156 шаршы шақырымға дейін, су көлемі 17,7-ден 25,2 текше шақырымға дейін ұлғайып, судың минералдануы 23-тен 17 грамм/литрге дейін төмендеді.
Көл жүйелерінің сулану аумағы 6,3 мың гектарға, шабындық жерлер 7 мың гектарға және суландыратын жерлер 17 мың гектарға жетті. 70 мың гектардан астам ирригациялық және жалпы алаңы 65 мың гектардан астам Сырдария өзенінің жағалауларындағы теңіздің көл жүйесіндегі, табиғи кешендеріндегі және шабындық жерлеріндегі аумақты суландыру жақсара түсті. Құрғаған теңіз табанынан ұшатын тұзды-шаңды тозаң азая түссе, бұл, өз кезегінде, тұрғындар денсаулығының жақсаруына, теңіздің биокөптүрлілігінің, Арал төңірегі флорасы мен фаунасының қалпына келуіне мүмкіндік берді.
![141211-56](http://old.egemen.kz/2011img/141211-56.jpg)
Таяу уақыттарда «Сырдария арнасы мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін реттеу» жобасын жүзеге асырудың екінші кезеңі басталатын болады. Тұтастай алғанда, бүгінде Арал теңізінің қазақстандық бөлігінің тұрғындары өздерінің балаларын туған жерлерінде өсіріп-тәрбиелеуге мүмкіндік алады деп айтуға сенім бар.