Әлемнің беделді мемлекеттерімен халықаралық байланыстардың және қатынастардың болмауы
САЯСАТБүгінде көп нәрсе біздің халықаралық аренадағы іс-қимылымызға байланысты. Қазақстан әлемдік қоғамдастыққа белсенді кірігу үдерісін жалғастыруда. Бұл істің біз үшін күрделі және көп жағдайда жаңа іс екені сөзсіз. Менің көзқарасымша, салыстырмалы түрде алғанда қысқа кезеңде бізге түбегейлі ұлттық-мемлекеттік мүдделерімізге сәйкес келетін өзіміздің сыртқы саяси желімізді жасауға қол жеткізу аса маңызды мәселе болып табылады. Екінші жағынан, біздің сыртқы саясатымыз әлемдік қоғамдастықтың қолдауын қамтамасыз ететін жалпыадамзаттық ұстанымдарға ие.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің бірінші жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінен.
Алматы қаласы, 1992 жылғы 15 желтоқсан. Тәуелсіздік алуымен Қазақстан қысқа тарихи мерзімде биосаяси координаттар жүйесінде өзінің орнын айқындап, ұлттық-мемлекеттік мүдделерін қалыптастырудың, осы мүдделерге сәйкес сыртқы саяси басымдықтарын құрудың және өзінің сыртқы саяси стратегиясының негіздерін салудың нақты қажеттігінің алдында тұрды. Әлемнің басқа мемлекеттерімен дипломатиялық қатынастар орнатудың, әмбебап және өңірлік халықаралық ұйымдармен үнқатысуды жүзеге асырудың маңызы да айтарлықтай жоғары еді. Еліміздің табысты және тәуелсіз даму мүмкіндігі көп жағдайда планетамыздағы екі қуатты геосаяси орталықтар – Ресей мен Қытай арасында орналасқан Қазақстан үшін ел дипломатиясының жемісті жұмысына тәуелді болды. Осындай аса күрделі жағдайларда Тәуелсіз Қазақстанның халықаралық саясаты үшін жауапкершілік жүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті өз мойнына алды. Шетелдік және отандық сарапшылардың мойындауынша, нақ осы жағдай Қазақстанның әлемдік саяси кеңістікте берік орнығуына мүмкіндік берді. Н.Назарбаев қалыптастырған аса жоғары деңгейдегі жеке байланыстар нәтижесінде Қазақстан Республикасы сыртқы саясатын орнықтырудың маңызды міндеттері оң шешілді. Қазіргі заманғы жағдайларда кең байтақ аумағы бар, мұнай мен газ қоры мол, географиялық жағынан ұтымды орналасқан Қазақстан АҚШ үшін, сондай-ақ екі ірі көршісі – Ресей мен Қытай үшін стратегиялық маңызға ие болды. Ынтымақтастықты дамытуға Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалығы үлкен серпін қосты. Төрағалығы барысында Қазақстан өз жұмысын «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік) ұраны аясында ұйымдастырып, теңдестірілген көзқарас танытты. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 2010 жылғы желтоқсанның 1-2-сі күндері Астанада ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының Саммиті ұйымдастырылды. Қазақстан Хельсинки үдерісін қазіргі кезеңде пайдаланудың тиімді тетіктерін қайта жасауда да бастамашылық көрсетті. Астана Декларациясының қабылдануы Ұйымның Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте ортақ және бөлінбейтін қауіпсіздік белдеуін құру мақсатындағы ұстанымын нығайтуға жағдай туғызды. Үстіміздегі жылдың маусымында Қазақстан осы жылы 10 жылдық мерейтойын атап өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығын тәмамдады. Астанада өткен Шанхай ұйымының мерейтойлық саммитінде ШЫҰ-ның алдағы онжылдықтағы даму перспективаларын айқындаған Астана Декларациясына, ШЫҰ-ның Есірткіге қарсы стратегиясына және басқа да маңызды құжаттарға қол қойылды. БҰҰ-мен, оның ішінде Есірткі қатерімен күрес жөніндегі орталықазиялық өңірлік ақпараттық және үйлестіру орталығымен өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды. ШЫҰ-ға төрағалығын аяқтаған Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы жауапты төрағалық миссиясын қабылдап алды. Астана төрағалық барысында өзінің назарын халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге ықпал етуге, Ислам әлемі мен батыстың арасындағы үнқатысуды ілгерілетуге, исламофобияға қарсы іс-қимыл таныту мен жаппай қырып, жоятын қаруларды таратпау режімін бекемдеуге аударып отыр. ИЫҰ үшін таяудағы тест Сомалидегі гуманитарлық дағдарысқа қайрылуы болды. Қазақстан Африкадағы осы мемлекетті экономикалық оңалту мақсатында 350 млн. доллардың азық-түлігін, дәрі-дәрмегін жеткізуге күш жұмылдыра алды. Қазақстанда 2003, 2006 және 2009 жылдары планетаның «ыстық нүктелеріндегі» дінаралық қысымды азайтудың өзара түсіністік жолын іздеу мен тетіктерін қалыптастыруға ықпал етуді діттейтін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері болып өтті. 2008 жылдың қазанында Астанада мұсылман және Батыс елдері сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен «Ортақ әлем: әртүрлілік арқылы прогреске» деп аталған халықаралық форумда Батыс пен Ислам әлемі арасындағы үнқатысу идеясы басшылыққа алынды. Халықаралық аренада ойластырылған және прагматикалық көзқарас желісі, басқа посткеңестік мемлекеттерге қатысты ұстамды саясат, ядролық әлеуеттен дер кезінде бас тарту, Батыс және Шығыс инвесторларына қатысты теңдестірілген саясат Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта лайықты орын алуын қамтамасыз етті. Егер Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасы белсенді сауда-саттықты негізінен ТМД мемлекеттерімен жүргізсе, 2004 жылдан бастап Қазақстан тауар айналымының құрылымында бірінші орынға ЕО елдері, Қытай және Швейцария шықты. ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты экономика, энергетика, сауда-саттық және инвестиция салаларындағы өзара мүдделермен айқындалады. Соңғы жылдары Еуропалық Одақ елдерімен серпінді байланыстар жүзеге асырылды. Франциямен, Италиямен және Испаниямен стратегиялық әріптестік орнатылса, ГФР-мен инновациялық-инвестициялық әріптестік қарым-қатынас қалыптастырылды. Қазақстан «ЕО-ның Орталық Азия елдерімен жаңа әріптестік стратегиясын» жүзеге асыру ниетінде. 2010 жылдың 10 қазанында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бүгінгі таңда посткеңестік кеңістікте аса табысты әрі тиімді интеграциялық жобалардың бірі болып табылатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрды. Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттерінің Кеден одағын құру туралы қол жеткізген уағдаластығы айтулы оқиға болды. КО тауарлар мен қызмет көрсетулердің, капиталдар мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысын қарастыратын біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) Азиядағы проблемалар мен жанжалдарды келісім жолымен реттеуді іздестіру бойынша үнқатысудың толыққанды форумына айналды. АӨСШК институттық қалыптасу кезеңін табысты еңсеріп, өңірлік қауіпсіздіктің маңызды факторларының бірі болды. Соңғы жылдары Ресеймен, Қытаймен, Үндістанмен және Франциямен стратегиялық әріптестікті тереңдету, Германиямен инновациялық-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, Италиямен, Түркиямен, Испаниямен және Оңтүстік Кореямен екіжақты қарым-қатынасты стратегиялық деңгейге шығару туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Тұтастай алғанда, бүгінде Қазақстан ХХІ ғасыр сынақтарына қарсы тұруға қабілетті және ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге бағытталған белсенді, көпқырлы және теңдестірілген сыртқы саясат жүргізіп келеді.