Президент • 15 Маусым, 2018

Елбасы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты

509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты.

Елбасы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты

«Лужники» стадионында біріншіліктің  ашылу салтанаты дәстүрлі театр­лан­дырылған көрініспен басталды. Сахналық қойылымнан соң ортаға британиялық әнші Робби Уильямс, опера әншісі Аида Гари­фуллина, сонымен қатар компози­тор Александр Болдачев шы­ғып, өз өнерлерін ортаға салды. Ал чемпионаттың ресми добын ресей­лік тележүргізуші және осы бірін­шіліктің елшісі Вик­тория Ло­пырева алып шықты. XXІ әлем чем­пионаты­ның алғаш­қы соққы­сын әлемге әйгілі бразилия­лық ша­буылшы Роналдо мен турнир­дің талисманы Забивака атты қасқыр жасады.

Мұнан соң алаңға америкалық актер, хип-хоп орындаушы Уилл Смит пен Ники Джем және албаниялық Эра Истрефи шығып, чемпионаттың Live It Up деп аталатын ресми әнұранын орындады.  

Биылғы мундиальға әлемнің 32 құрамасы мен 736 футболшы қатысуда. Оған қоса, әр стадионға жиналатын жүз мың­ға жуық жанкүйер мен әлем­нің түкпір-түкпірінен телеэкран арқылы миллиондаған көрермен енді бір ай бойы футболмен тыныс­тайтын болады.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рəсімі өткізілгеннен кейін жасыл алаңға Ресей мен Сауд Арабиясы құрамалары шықты. Матч басталмай тұрып Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин мен Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантино сөз сөйлеп, 2018 жылғы әлем чемпионатының ресми түрде ашылғанын мәлімдеді.

Ресей және Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойын 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілді. Ресей құра­ма­сының және биылғы доп додасының алғашқы голын жартылай қорғаушы Юрий Газинский соқты. Сонымен қатар матчтың 23-минутында ресейлік футболшы Алан Дзагоев жарақат алып, ойынды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Дәрігер­лердің айтуынша, Дзагоев алаңға енді үш аптадан соң оралуы мүмкін. Жарақат алған футболшының орнына Испанияның «Вильярреал» командасында доп тебетін шабуылшы Денис Черышев шығып, 43-ші және 90+1-ші минуттарда дубль жасап, командасын алға шығарды.

Екінші таймның 71-минутында Артем Дзюба мергендігімен көзге түссе, 90+4-ші минутта Александр Головин матчтың нүктесін қойды. Осылайша, әлем біріншілігінің алғашқы ойынында Ресей құрамасы Сауд Арабиясының командасын ірі есеппен жеңді.

Осымен, 31 күнге созылатын ала доптың аламаны да бас­талды. 2018 жылғы әлем чем­пионаты 14 маусым мен 15 шілде аралығында Ресей Федерациясының 11 қала­сындағы 12 стадионда өтеді.