Әдебиет • 15 Маусым, 2018

Аспантаудың ақиығы. Мұқағали Мақатаевтың ақындық болмысына қосымша жазбалар

1571 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні ақыл-ойдың алыбы әл-Фараби атын алған Ұлттық университеттің үшінші курсында сөз зергері атанған шешен, көркем сөзде көсем, профессор Зейнолла Қабдолов «Өлең құрылысы» деген арнаулы пәннен дәріс оқыды. Зекеңнің сабағы кішігірім әдеби кеш секілді әсерлі де әдемі өтуші еді. «Өлең құрылысы» пәні өмір құрылысы секілді болып сезіліп, алдымызда тұрған жұмбақ жолдарға шақырғандай болатын. Өзі таңдап алған он екі шәкірті осы пән өтетін күнді асыға күтіп жүреміз. 

Аспантаудың ақиығы. Мұқағали Мақатаевтың ақындық болмысына қосымша жазбалар

Оның себептері жетерлік: Өзі де ақын ұстазымыз лекциясында жастық шағы қайта оралғандай жан дүниесін жарқыратып көрсетеді; Өлең ауылына ат басын тіреймін деген шәкірттеріне шеберліктің қыр-сырын қапысыз түсіндіреді; Қазақ жырының арғы-бергі ақындарынан жатқа жыр оқып, сұлу сөзіне сымбатты шумақтарды дәнекерлегенде дүние шіркін дидарын ашып шыға келеді; Еркін төгілген ерекше тіркестерден әдемілік пен әдептіліктің түр-сипаты бой көрсетіп, жаныңа сәуле құйылады; ең бастысы – сол кезде атағы жер жарып, арманшыл аудиторияны аузына қаратып жүрген атақты ақындарды жетелеп әкеліп сабағына қатыстырып, шәкірттеріне сынатып, өздеріне сөз беріп, өлең оқытып, олардың ащы терін бір алғандай болады.
Қадырдан өтіп, Тұманбайға жетіп, ақындыққа бекіп, қасиетті өлеңнің тұнық тұмасына бас қойып жүрген қызықты күндердің бірінде Зекең бізге сыртынан біліп сұқтанып, кездесуге оқталып жүрген Мұқағалиды ертіп келді. Қадыр ағамыз тауып сөйлеп, пайымдап пікір айтып, сыр бағып отырса, Тұманбай ағамыз көзі мөлдіреп, жүрегі елжіреп, «өй, әке» деп өбектеп, жыр құймасын ашатын. Мұқағали оларға ұқсамайды екен, алшаң басып, адуын сөйлеп, арқа-жарқа пікір айтып, соңынан арқырап жыр оқыды. Университеттің «Шағала» атты қабырға газеті бар. Жылына үш-төрт рет шығарамыз. Кейде оның ұзындығы он-он бес метр­ге дейін кетіп қалатын. Сол қабырға газеті қашан шығады деп ақын-жазушылар сыртынан сұрап жүреді. Шыққан күні жапырлап келіп, тапжылмай тұрып оқып, пікір алысып, кейде дауласып, кейде бір тоқтамға келіп, дулап қалатын. Зекең мені үшінші курстан сол газетке редактор тағайындаған. Бұл да студент үшін үлкен бедел еді.

Әлі есімде, Мұқағалимен болған мазмұнды да, пікірталасты сол кездесу қорытындысы бойынша ақыннан қонақкәде сұрадық. Бұл қалыптасқан дәстүр болатын. Сонда Мұқаң ел мен жер туралы төгіле сөйлеп, томағасы алынған топтама жырларын аңқып, шалқып оқыған. Сол топтама жырларын «Алдымен көргенім аспан...» деген ортақ атпен, ақынның суретімен «Шағалада» жарияладық. Осылайша үлкен адами парыз бен азаматтық қарымды танытқан, философиялық тереңдігі өлшеусіз осы өлеңдер жадымыздың мұражайында қалып қойған-ды. Бұл топтама өлеңдер, ең алдымен, «Шағала» қабырға газетінде жарияланды. Кейінгі жылдарда барып жыр жинағына кірді. Бұл сәт мен үшін көңіліме жылы шуақ беретін кезең болып есімнен шыққан емес. Мұқағалитануым осы кезеңнен бастау алды.

Кешірсін мені Жер-Ана,
Жер-Ана мәңгі жөргегім,
Көк аспан, тұнық көк аспан,
Көзімді ашып көргенім, деп төгіліп, тебіреніп басталған жыр шырқау биікке көтерілген сәтінде:

Алдымен аспан көргенім,
Айды, Күнді, Жұлдызды – 
Сонан соң барып көргенмін, деп ой ағысы тереңдей келе, түйіні құйылар тұста:

Аядай менің Аспаным,
Төңкерілген төбемнен,
Алайда сен шексізсің,
Шетіңе жетпей келем мен.
Өзіңе қарап туыппын,
Өзіңе қарап өлем мен... 
деп жүректі шымырлатып, жаныңды тұмандатып, туған далаға деген перзенттік сезіміңді ұрандатып, түсінсең сыр аңдатып аяқталатын құйма жыр құлақтан кіріп, бойды алған еді сонда. Зекеңнің сұңғылалығы сол, арнаулы курсты ақынша жүргізіп, ақылға бұрғызып, өлең атты тұма-бұлаққа тілімізді, ділімізді батырған болатын. Мұқағалидың мұңы мен сырын, терең ұғынуға бәлкім, ол кезде жасаңдау болған шығармыз. Бірақ Мақатаев поэтикасының өршіл қуаты мен өміршең шуағын тануға аяқ басқанымыз рас. Ақындық ауылына өкше көтеруге себі тиген шығар. 

...1975 жылғы мамыр айы. Онда мен Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінің  қызметкері едім. Бір күні облыстық газетке осы өңірге іс­сапармен келген әрі ұстаз, әрі  аға, әрі бірінші курс­қа оқуға түскенде танысып, ағалық ниетін алғаусыз білдіріп, қанатымнан демеген Сағат аға Әшімбаев келе қалды. «Сен қайдан жүрсің, осында екенсің ғой, облыстық газет ақынға қол емес, қасаңданып, қарайып қаласың, еңбек демалысыңды алған бойда Алматыға, маған кел, сенің ортаң сол жер» деп Сағат аға өзіне тән шапшаң сөйлейтін әдетімен мені бірден баурап әкетті. Өзім де елегізіп, жалғызсырап жүр едім. Сәкең ол кезде атағы жер жарып тұрған жастар басылымы – «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары екен. Редакторы сардар сарапшы, ұлтшыл патриот, қайсар азамат Сейдахмет Бердіқұлов  ағамыз болатын.

Тамыз туа еңбек демалысына шығып, Алматыны бетке алдым. Келген күні ниеттес досым, тетелес ағам, ақын Ибрагим Исаевпен жолықтым. Ол «Жалын» альманағының қызметкері. Соған сәлемдесе Жазушылар одағына бардым. Мезгіл түске жақындап қалғасын екеуіміз сыртқа шықтық. Қарасақ, анадай жерде Одаққа қарай алшаң басып адымдап Мұқаң – Мұқағали келе жатыр екен. Ибрагим: «әуелі Мұқаңа сәлем берейік, сені таныстырайын» деп тоқтай қалды. Үстінде ақ нейлон көйлек, қара шалбар, аяқта жаздық жеңіл аяқкиім. Қаз-қатар тұра қалып сәлемдестік. Ибрагим: «Мұқа, мына жігіт жас ақын Өтеген Оралбаев деген ініңіз, Маңғыстаудан келді, сізбен таныстырайын деп тұрмын» деп мені нұсқады.

Мұқаң жалт бұрылып, жағамнан ала кетіп: «ақын боламын десең, ағаңды сыйла» деді өктем үнмен. «Әрине, Мұқа, жүріңіз, мына «Алматы» мейрамханасына барып отыралық» дедім жалма-жан ығына жығылып. «Менің мейрамханада отыратын уақытым жоқ» деді Мұқаң гүр етіп. Сосын «жүр бері» деп бастай жөнелді. Еріп келеміз. Сол кезде «Шахта» аталатын, Одақтан таяқ тастам жердегі «Алатау» қонақүйінің жертөлесіне түстік. Ақын оңға бұрылды. Сол жерде дәмхана бар екен. Дәмхана ішінде үш-төрт орыс жігіті ішімдік ішіп, шалқып отыр екен. Оларға түксие бір қарап қойды да: «анау литрлік «Вермутты» ал» деді бұйыра сөйлеп. Азырқансам да, алдым. Ибрагимге: «үшке бөліп құй» деді. Құйып қойды. Тағы да әлгілерге қарап: «біз ақын болғасын ішеміз, мыналар несіне жетісіп ішіп отыр, қызталақтар, быт-шытын шығарайын ба?» деді адуындап. Албырт кезіміз, ақын бастаса аттандап кететін жер, бірақ Мұқаң ақылға келді. «Ал кеттік» деп шарап толы стақанды тауыса тартып жіберді. Ибрагим ілесті де, мен кідіріп қалдым. «Мұқа, ренжімеңіз, шарап ішпеуші едім» дедім кінәлі үнмен. «Дұрыс, ақылың болса, арақ ішпе, бауырым, бұл зәр ғой, зәнталақ» деп қостап қойды да, тағы бір стақанын тартып алып, жоғары жөней берді. Жүгіре ілесіп келеміз. Сыртқа шықтық.

«Ал бауырлар, уақытым тығыз, бір-бір өлең оқиық та, тарайық» деді Мұқаң. Ибрагим бастап, мен қостап бір-бір өлең оқыдық. «Қабір басындағы қарағайларды қара киген әйелдерге теңегенің жақсы шыққан, ақын боласың, бала» деп күректей алақанын созды. Асығыстау болса да, «Шағала» қабырға газетіне «Алдымен көргенім аспан» циклін жариялағаным туралы айттым. Жылыұшырай қарап, «солай ма, Зекеңнің арқасы ғой, ондай сұңғыла да азайып барады, ағалар да ұсақтап кетті» деді ойлана сөйлеп. Сөйтті де, өзі Алматы туралы бес-алты шумақтан тұратын әйгілі өлеңін оқыды:

Жем болған Балтыққа да, Байкалға да,
Алматы сайтан қала, сайқал қала, 
деп басталатын өлеңін оқыды. Қапелімде өлеңді толық ұстай алмай қалдық. Аяғында:
Бөзің кетті біреудің борбайында.
Сөзің кетті біреудің таңдайында, 

деген жолдары ғана есте қалды. Және мұндай уытты өлеңді естиміз деп те ойлаған жоқпыз. «Бауырлар, әрбір ақынның  қоғамы баса алмайтын, жариялауға қорқатын кем дегенде үш-төрт өлеңі болу керек, ақын деген сол болады. Менің осы өлеңімді Би-Би- Си «Азаттық» радиосынан беріпті, үш әріп соңыма түскен, бірталай мазамды алды. «Мен шетелге барған жоқпын, кафелерде оқығанда біреулер жазып алған болар, оған менің қандай қатысым бар деп әзер құтылдым» деді күле сөйлеп. «Ал қайыр-қош, інілерім, ірі жүріңдер» деп асығыс басып ұзай берді. Ибрагим екеуіміз Сағат ағамызға тарттық. Сәкең туған бауыры келгендей қуанып қалды. Сәкеңнің кепілдігімен «Лениншіл жасқа» жұмысқа тұрдым. Әдеби ортаға осылайша араласа бастадым.

1976 жылғы наурыз айында Қазақтың айбынды ақыны Мұқаң өмірден ерте өтті. Артына өлшеусіз еңбек, көл-көсір әдеби қазына қалдырып кетті. Қайтыс болған кезде соңында 20 мың жол өлең қалдырған, өлең болғанда да «самородный сары алтындай» жырлар қалдырған ақын қазақ әдебиетінде некен-саяқ. Бұған көлемді әдеби күнделігін, прозасын қоссақ, үлкен жүктің теңі бой көрсетеді. Дастандары дәуірдің келбетін, заманның болмысын қапысыз көрсеткен ұлы еңбектер. Өмірден өткенде жастығының астында қалдырған «Реквиемі» қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған әдеби өре, қаламгерлік құлаш. Рух пен тәннің, мұң мен сырдың, арман мен аңсардың, эллегия мен эфитапияның тылсыммен астасқан толқыны ақын жүрегінің жан тебірентерлік құйылысында тоғысып, оқығанның омырауын бұзып кете жаздаған.

«Лениншіл жас» газетінде жүргенімде Мұқаң туралы 6 новелла, мақала,  3  арнау өлең жаздым. Мақтанғаным емес, мұның бәрі оқырмандар тарапынан жақсы баға алды.  Мұқаң қайтыс болған кезде әуелде ешкім ол туралы қалам ұстай қойған жоқ. Өйткені ақын туралы алып-қашпа сөздердің әлі саябыр таппаған кезі еді. Көбі көңілінде жүрсе де, әліптің артын бақты. Сол жылдарда оның жанынан әйгілі Асқар Сүлейменовті ғана жиі көруші едік. Темекісі түтіндеп, айтар сөзін бүтіндеп, ақтарып айтып, ашыла сөйлеп келе жататын.

1977 жылы жастар газетінде «Жеті мың метр биіктік» деген алғашқы новеллам жарық көрді. Кейін жалғаса берді, Мұқаңның күнделігі, оның «Райымбек» атты поэмасы газеттің Әдебиет бөлі­мінің меңгерушісі болып жүргенімде  қаламгерлер Жанболаттың, Нұрлытайдың ізденімпаздығымен, менің араласуыммен жарық көрді. Ақын архивімен жұмыс жасадым. Ақынның жары Лашын апаймен көп сөйлесіп, Мұқаң өмірінің талай тағдырлы сәттеріне қанықтым. Оның зәбір көрген кезеңдеріне куә болатын құжаттарды да көрдім. Соның бірі Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» дастаны шығып, Алматы аспанында ақ парақ болып жауып тұрғанда жазған «Жер-Ана, кешір бізді» деген өлеңі тек 1969 жылы  ғана «Жалын» альманағында жарық көріп, бірақ ұзақ жылдар ақын кітаптарына ене алмады.

 Ақын елінде, оның кіндігі кесілген Қарасазда, сағымы ойнаған Саржайлауында, асқақ шыңы – Аспантауының  етегінде талай рет болдым. Анасы Нағиманмен де талай рет сыр бөлістім. 1973 жыл­дың сәуір айында Сәбит Мұқановты жерлеу кезінде Көктөбеде бір топ жас Мұқаңмен бірге қызы Майгүлдің қабірін бірге іздестік. Өкініштісі, ақын кішкентай перзентінің жерленген жерін таба алмай мұңайып, көз шарасы жасқа толғанына да куә болдым. «Қойман, ботам, керегі не көк тастың, қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын» деп жазғанындай, Көктөбені көмкерген көк шалғын сәбиінің жатқан жерін көрсетпеді.

Нарынқол ауданы қайтадан ашылатын болды дегенде, Мұқаңның рухы қуанатын болды-ау деп кеудемді қуаныш пен сағыныш қатар тер­беді. Нарынқолдықтардан кем қуанған жоқпын. Шығы­сымыздағы шырайы шұғыла болып жатқан осы өлкенің жоқшысы болған Мұқаңның елі үшін қуандым. Есіме 1991 жылғы ақынның алпыс жылдығындағы ұлан-асыр той,  Шалкөде жазы­ғында аламан бәйгеге түскен 125 аттың тұяғынан  да шаң көтермеген шалқардың ғажайыбы түсті. Алаш жұртының ақынды сағынған алапат сезімді шағы ойға оралды. Шалкөде төрінде шалқыған сол тойдан кейін «Шалкөде» деген жыр жаздым. Осы жазбаны сонымен түйіндесем, орайы келген сияқты.

Шалғыныңа ат байладым, Шалкөде,
Шабытыма от байладың, Шалкөде.
Шалқар ақын сенде туды, Шалкөде, 
Шылбырынан қақпайладым, Шалкөде.

Жолға салдың жас ұлыңды, Шалкөде,
Жаным саған асығулы, Шалкөде.
Жомарт жаның жүрегімде, Шалкөде,
Жөн көремін бас ұруды, Шалкөде.

Мұқағали сен екенсің, Шалкөде,
Мінезі ерек жер екенсің, Шалкөде.
Марал жортқан бел екенсің, Шалкөде,
Мерекемсің, берекемсің, Шалкөде.

Самалыңнан қанып іштім, Шалкөде,
Саржайлауға барып іштім, Шалкөде.
Сағымында самалы бар, Шалкөде,
Сағынышты танып іштім, Шалкөде.

Арман жырдың ғұрпын алдым, Шалкөде,
Аспантаудың бұлтын алдым, Шалкөде.
Ақ бұлақ боп бұрқырадым, Шалкөде,
Арғымақ  боп шұрқырадым, Шалкөде.

Ұлдың жанын елеңдеттің, Шалкөде,
Ұлылықты дәлелдеттің, Шалкөде.
Мұқағали секілденіп  мұңайып,
Мен өзіңнен әрең кеттім, Шалкөде. 
Ақын Аспантаудың ақиығы, қазақ жырының Құлагері болып өмірден озды. Бірақ оның өміршең туындылары болашаққа самғап барады.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері, Халықаралық  «Алаш»  
әдеби сыйлығының  лауреаты