Шараға елордадағы жоғары және орта оқу орын студенттерімен қатар, қаланың құқық қорғау саласы қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамындағы этномәдени бірлестік өкілдерінен құралған 70-тен астам адам қатысып, кешеннің айналасын қоқыстан тазартып, осында жамбасы жерге тиген Ә.Кекілбеав, Ф.Оңғарсынова қатарлы тағы басқа қайраткер тұлғалардың мәңгілік мекенін гүлмен көмкерді.
Бұл реткі акция жоғарыдағы жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп отырған үшінші шара екен. Бұған дейін олар мамыр айында өткен Ұлы Жеңіс мерекесі кезінде қаладағы тыл және соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсетсе, одан кейін 31 мамыр – саяси қуған-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тағзым» атты танымдық тақырып аясында жастардың басын қосып, қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалар тарихына қатысты біршама жақсы істер атқарыпты.
Акцияға қатысушыларды құттықтай келген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-Хатшылық меңгерушісі Леонид Прокопенко, мұндағы мақсат – киелі мұра ескерткіштерді сақтау және дәріптеу, қоғамдық мәні бар әлеуметтік жобаларды іске асыруға жастардың қатысуын қамтамасыз ету, сонымен бірге жалпыға ортақ мәдени және рухани құндылықтар негізінде қазақстандық бірегейлік пен патриотизмді нығайту болып табылады, деді.
Аталмыш акция бұдан басқа еліміздің үш өңірінде бір мезгілде қатар өтті. Атап айтқанда, респубикалық деңгейде қасиетті нысан қатарына енген Алматы қаласындағы Тәуелсіздік алаңында, келесісі Қарағанды облысындағы тарихи ескерткіштер кешені шоғырланған Ұлытау жерінде, үшінші Маңғыстау жеріндегі Отпантау тарихи-мәдени кешенде ұйымдастырылды.
Шараға мұрындық болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының үйлестірушісі Мәди Ақылбектің пайымынша, бұл акцияның болашақ үшін берері мол, әсіресе жас буынға отансүйгіштік идеясын сіңіруге таптырмас құрал. Сондай-ақ шараның екінші бір мақсаты – еліміздегі рухани маңызға ие тарихи нысандарды насихаттау арқылы барша қазақстандық жастарды бір мүддеге тоғыстыру дегенге тоқталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»