14 Желтоқсан, 2011

Зимановша өмір сүру – кейінгі ұрпаққа үлкен сабақ

406 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Академик Салық Зи­­манов!.. Ол ғылымның бір саласы – юриспру­ден­цияның ғана маманы емес, бүкіл қоғамдық ғылымдардың барлық са­­ла­­­сынан мағлұматы мол, тұжырымы мықты, өзіндік ұстанымы бар ғалым еді. Оған жуырда жарық көрген 10 томдық шығармалар жинағы куә бола алады. Сәкең жазғандарымен, оқыған лек­цияларымен, көпшілік алдында сөйлеген сөздерімен ғана емес, бүкіл нақты іс-әре­кетімен, мінез-құлқымен, бар болмы­сымен, адами биік қасиетімен еліне қадірлі. Оның шәкірттері тек заңгерлер ғана емес, зиялы қауымның бүкіл өкіл­дері десек те болады. Олар Сәкеңді өздеріне үлгі етіп, ұстаз тұтты. Осы ұлы ұстаздың дүниеден өтуі бір ғылым үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін орны толмас ауыр қаза болды. Сәкең батыста туып, ер жетсе де, бү­кіл қазақтың байтақ өңіріне ортақ сүйікті перзенті еді. Қазақстанның төрт бұрышы түгел оны сыйлап, құрметтеуші еді. Халық бұл қазаға қатты қайғырып, көңілі босады. Әрине, қазақ халқы тұрғанда, оның есімі ешқашан өлмейді. Ол халық­пен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың ақылман ұстазы, жүзінен нұ­ры тамған, айналасына шуақ шашқан абзал жан туралы ол дүние салған күн­дері баспасөзде аз жазылған жоқ. Барлығы да ерекше сыйлы адамның әр қырын ашып көрсетуге тырысты. Бәрі де шын жүрек­тен шыққан жылы лебіздерін жеткізіп бақты. Олар ұстазға, ғалымға, қайрат­­керге, азаматқа, үлкен жүректі адамға деген ықыласын, ыстық пейілін, адами сүйіс­­­пеншілігін танытса, билік те өз құр­­­метін, ілтипатын сездіріп жатты. Бәрі де жылылықты, адамды адамша сүюге, құр­­­меттеуге деген ұлттық қасиетіміздің ұмы­­­­­­тылмағанының айғағы іспеттес болды. Көптің көңілінен шыққан бұл ар­дақты азаматтың басқалардан не артық­шылығы бар? Неге оған үлкен де, кіші де құрақ ұшып, ерекше қастерлейді? Әлде оның адамның жан жүйесін баурап алар­лық бір тартылыс күші бар ма, әлде, гипноздық сиқыры бар ма? Неге оған ел жақын тұрды, ақылшы аға-ұстаз тұтты? Ұстаздығы сабақ бергені ме? Ол елдің бәріне сабақ берген, лекция оқыған жоқ қой. Сонда да болса, мүйізі қарағайдай ғалымдардың өзі, студенттерді былай қойғанда, Сәкең­ді ұстаз тұтты. Ұстаз­дығы жазғанымен, айтқан ақыл-кеңе­сімен, адами қасиеті­мен, жәрдем-қол­дауымен ерекшеленді. Оны кәрі-жас бірдей пір тұтты, жылы сезімнен басқа оған ешкім оғаш мінез көрсетпеді. Оның себебі неде? Біріншіден, кез келген адам өзіне деген ықы­ласты айтқызбай-ақ бүкіл денесімен, сыртқы терісімен-ақ сезінеді. Өйткені, бұлар өздеріне Сәкеңнен адамға деген жылы шуақ, нұр-сәуле ұшқындап тұрға­нын сезеді. Адами жылылығымен ол өзіне елді баурап алды. Екіншіден, не нәрсе істесе де, айтса да ол өзіне нендей бір пайда, ұпай іздемейді, конъюнктурашылдық деген онда атымен жоқ, күнбағысша құбылмайды. Біреуге жағына қояйын, содан қолдау көрейін деген ниет атымен болмайды. Оған қарапайым еңбек адамы да, лауа­зымы үлкен шенеунік те бірдей. Екеуіне де адамша бірдей қатынас жасайды. Мы­нау бай, мынау жарлы деп бөлмейді. Бай­лығына бола немесе қызмет шеніне бола құлай кетпейді. Өмірде зиялы деп жүрген адамдардың көбі мұндай сырқаттан ада емес екені жасырын емес. Оны көріп жүрміз. Әр адам өзінше бағалы. Жарат­қан берген сый-сыбағасына сай тіршілік етеді. Біреу ақылды, білімпаз, біреудің сауаты аз, қабілеті шектеулі. Бірақ олар­дың бәрі де адам, бәрі де ет пен сүйектен жаралған. Бәрінде намыс, өзіне тән ар-ұят, өзі туралы едәуір пікірі бар, амби­циясы да жетіп артылады. Мұны Салық Зиманұлы жақсы біледі. Сондық­тан да ол адамға алдымен адам деп қарайды. Содан кейін барып ғалым, шенеунік, мұғалім, дәрігер, шопыр, қазақ, орыс, неміс, корей, татар, ұйғыр, чешен және т.т. деп қарайды. Үшіншіден, адамға жасаған жақсы­лық­­тан қор болған пендені білмеймін деген ұстанымды әрдайым басшылыққа алды. Қолынан келсе, сөз жәрдемін, қолғабысын, қолдау-демеуін көрсетуге әркез дайын тұрды. Бірақ бұл үшін ол ақы, сый, қайтарым дәметпеді. Құрғақ қасық ауыз жыртады деген тоғышарлық философияға өмір бойы жан-тәнімен қар­сы болып өтті. Соңғы шыққан кіта­бын­дағы фактілерге қарағанда, желтоқсан кезінде қаза тапқан Ләззат Асанова туралы, жазықсыз жапа шеккен М.Акуев туралы тиісті орындарға хат жазып, араша түсуі адамгершіліктің биік өлшемі болып табы­лады. Ақысыз-пұлсыз өзіне бейнет тілеп алудан ол алдына жан салмады десе де болады. Төртіншіден, ғылымды күн көру­дің, ақша табудың көзі деп қарамай, өмі­рінің мәні, мазмұны деп бағалады. Ғылым­ның тазалығы үшін күресе білді. Ғылым ғылым үшін деген қағидадан алыс тұрды. Ғылым қоғамға, адамзат баласына қызмет етуге тиіс. Ғылым адамның өмірін жеңіл­детуге, қоғамдық прогреске жәрдемін тигізуге тиіс. Бұл – шын ғылымның ең басты мақсаты. Мұны тек ғылымға шын берілген, ғылымды өмірлік мұратым деп сипаттайтындар ғана жете түсінді. Осы қағиданы Сәкең берік ұстанды. Сондықтан да оны әріптестері өздеріне үлгі етті, оған бас иді. Нағыз ғалымның эталоны деп бағалады. Соған ұқсауға тырысты, сондай болмаса да ұқсап бағуға ұмтылды. Мұны Салық Зиманұлы іштей анық сезінді де. Сондықтан да ол жаз­ғандарына болсын, көп­шілік алдында сөйлеген сөздеріне болсын, асқан жауапкершілікпен қа­ра­ды. Кез келген жерде тұ­ра қалып, сөз сөйлеуге, тілшілерге лезде сұхбат беруге, көгілдір экран алдында көлбеңдеп, көп­шілік көзіне түсуге, өзін-өзі жарнамалауға жаны қас еді. Аз сөйлесе де, аз жазса да саз сөй­леуге, Зимановша жазуға ты­рыс­ты. Көпір­ме сөзге, дә­йексіз пікір айтуға, асы­ғыс ой қорытуға барған жоқ. Бесіншіден, Салық Зиманұлы өз елінің, халқының шын мә­ніндегі патриоты, ұл­тының мақтанышы болды. Ол халық сенімін, ұлтының ықы­ласын, қолдау-демеуін өте жоғары бағалады. «Мен ұлымын, кереметпін» деп көкірек кермеді, өзін бетегеден биік, жусаннан аласа ұстады. Сирек кездесетін қарапайым, кішіпейіл жан бол­ды. Білгішпін деп алға озып, омы­раулаған жоқ. Өзінің қадірін, қоғамдағы салмағы мен абыройын іштей сезінді де, ол көзге түсуге, өзін ерекше даралап, биік көрінуге, төрге ұмтылуға асыққан жоқ. Осы шынайы қарапайымдылығы өзіне жарасып, табиғи көрініс тапты. Соның өзінде оның ұлы­лығы, ақсүйектігі, бекзаттығы айтқызбай-ақ алыстан көзге ұрып тұрды. «Алтын көрсе періште жолдан шығар» деген тоғышарлық пиғыл үстем болып тұрған бүгінгі заманда оның айтқандары, жазғандары ғана емес, арамызда жүргені­нің өзі бір этикалық мектеп еді. Ол таза­лық пен туралықтың өлшеміндей әсер қалдыратын. Тымық күні жауған нөсер жауын қорғасынға, газға, шаң-тозанға тұн­ған көшенің ауасын қалай тазартып, тынысты жеңілдетіп, көкіректі ашып жіберетін болса, біздің Сәкең де айналасына сондай әсер ететін еді. Елдің бәрін бауы­рына тартып, қалтасынан суырып берері болмаса да, жан жүйеңе тазалық сыйлап, жомарт көңілін сездіріп, кездескен сайын өзіңді бір байытып жібергендей болушы еді. Онымен кездескен әрбір пенде сә­уірмен келген көктемнің жұмсақ лебіндей жылылықты сезінетін. Еліміздің қазақ тілді ғана емес, бүкіл орыс тілді баспасөзі де ұлы ғалым дүниеден өткен күні тегіс үн қосып, барша халықтың азалы қайғысын, қимас сезімін қоғамға жеткізуге күш салды. Әдетте көп жасаған қарттар өмір­ден озғанда жұртшылық: арманы жоқ, аз жасаған жоқ, тоқсаннан асты, иманы жолдас болсын, топырағы торқа болсын, деп қанағат сезімін білдіреді. Осы жолы бұл табиғи қазаға қанағат етпей, әлі де керек жан еді, жасай тұрғаны дұрыс еді, ажал абзал азаматты алып кетті ғой, деген қи­мастық сезім көпшіліктің көңілінде кептеліп тұрды. Неге бұл көпшілік оны өлімге қимады десеңізші! Өйткені, ол қоғамға, елге әлі де қажет, қартайса да халық сұранысына лайық азамат еді. Рас, тірі пенденің өмірде еш көптігі жоқ. Әркімнің өз несібесі бар. Жаратқан иеміз өзі беріп, өзі алады десек те, көп­шілік бұл жолы «өзі алғанына» іштей риза­шылық білдірген жоқ, өкініш сездірді. Оның да үлкен мәні бар. Адам өзіне керектісін жоғалт­қанда ғана қиналыс білдіреді. Ән­шейінде ол әр нәрсеге сыр бере бермейді. Сәкеңнің ұлылығымен қатар адамға нанғыштығы, аңқаулығы да аз болмайтын. Кейде біреудің қылығы, сөзі ұнаса, құлай кетіп, оған басын иетін. Тамаша, ойлы жігіт деп мақтайтын. Онысы ішкі есебімен ұлы ғалымның сеніміне ие болу үшін көзге түсудің бір амалы екенін аңғармай да қалатын. Бұл аңғалдық ұлы адамдардың көбісіне тән қасиет. Өзі адал адамның бас­қаларға да солай деп қарайтыны белгілі. Күнделікті тұрмыстық мәселелерде қытымырлық танытпайтын, дүние-мүлік жинауға, байлыққа құл болуға шын пейілімен қарсы болды. Жол сапарларға шық­қанда өзіне ерекше жағдай жасауды қала­майтын, көптен оқшауланбайтын. Елден бір елі жоғары тұрып, даралануды тоғышарлық деп түсінетін. Салық Зиманұлы тәуелсіздік жылда­рында ғана емес, кеңес заманында да, тоталитарлық жүйе дәуірлеп тұрғанда-ақ қазақ тіліне ара түскен еді. Республика Ғылым академиясында КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі М.Соломенцев пен Г.Колбин қатысқан жиында бұл мәселені ашық көтерген еді. Ұлт тілінің қолдану аясы тарылғанын, зиялы қауым өкілдері ана тілінде сөйлемей­тіндігін, партия басшыларының бірде-бірі қазақ жастары алдында қазақ тілінде сөз сөйлемейтінін, қазақ тіліне құрметтің жоқтығын ашық айтты. Бұл партияның ұлттық саясатының кемшілігі екенін атап көр­сеткен еді. Ұлттық мәде­ниет пен ана тілі шектеулі күй кешіп отырғанын ашық айтқан еді. Біз, қоғамдық ғылым­ның өкілдері, деді С.Зиманов, еңбектерімізді қа­зақ тілінде жазбаймыз, жастар арасында осы тілде сөйлемейміз. Бұл бар­лық деңгейдегі басшы­ларға тән қасірет. Алма­тыға жиналған малшылар слеті де орыс тілінде өтеді. Соның салдарынан жиынға келгендер алға қойған мақсаттардың өзін жете түсінбей, ауыл­да­рына кәкір-шүкір тауарлар алып қайт­қанға мәз болатын. Ұлттық тілді қолданудың аясы жыл сайын тарылып келеді, бұл партияның ұлт саясатына сәйкес келмейді. (С.Зи­манов. Парламент Казахстана в труд­ные годы провозглашения независимости, «Алаш» баспасы, 2011, 48-б.) Тіл туралы күрес бүгін ғана бастал­маған. Сонау 80-жылдардың өзінде-ақ Салық Зиманұлының жетекшілігіндегі тіл жанашыр­лары бастаған. Оны қазақ тілінің тағдыры қатты мазалаған еді. Өз ұлтының шын мәніндегі жанашыры, ұлы ғалым сол кездің өзінде-ақ билік өкілдерінің бетіне тура қарап, өз күйзе­лісін білдірген еді. Міне, сол тіл туралы күрес әлі жүріп жатыр. Ұлтжанды бір топ азаматтар бұл мәселені әлі жалғастырып келеді, тіл деп шырылдап, жан айқайын айтумен жүр. Салық Зиманұлы болса, КСРО Консти­ту­циясында жазылған сөз бостандығын беру үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін еркіндік, азаттық идеясымен суарудың маңызын жете түсінді. Сондықтан да ол немістің классикалық философиясының атасы Иммануил Канттың: «Өзін интел­лектуалдық және рухани жүдеуліктен азат етпеген адам басқа жанды ешқашан деспотия мен құлдықтан құтқара алмайды. Егер бостандық идеясы халықтың сана-сезі­мінің өзегіне айналмаса, ешкім де идеялар еркіндігіне кепілдік бере алмайды. Сон­дықтан да адам миын барынша толық пайдалану, жетілдіру басты міндет болып табылады», деген сөзін үнемі есте ұстады. Салық Зиманұлы осы қағиданы әрдайым басшылыққа алды. Азаматтық ар-ұятын Сәкең ұлт намысы сынға түскен желтоқсан оқиғасы кезінде анық көрсетті. Елдің ұлтжанды азаматтары Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов, Мұхтар Шаханов, Сабыр Қасымов, Сейдахмет Бердіқұлов, Бейбіт Қойшыбаев және басқалармен бірге Г.Колбин кезіндегі зорлық-зомбылыққа ашық қарсылық көрсетті. Республика басшыларымен өткен кездесуде, ғылыми-практикалық конференцияларда сөйлеген сөздерінде саяси билік­тің ұлт мүддесіне қайшы келетін саясатын сынап, асыра сілтеушілікке жол бермеуін талап етті. Желтоқсаннан кейін басталған жазалау шараларынан жазықсыз жандарды арашалап алуға күш салды. Тиісті орындарға арнайы хаттар жолдап, юрист ретінде заңдылықтың қатаң сақталуын ескертті. Кінәсіз жастардың болашағына балта шабылмауын талап етті. Колбин кеткеннен кейін желтоқсан құрбандарының, қаһар­ман­дарының өздеріне лайықты бағаларын алуды жақтап, билікке ұсыныстар түсірді. Салық Зиманұлының бұл мақалада ғылыми еңбектеріне толық талдау жасауға бармай-ақ, үстіртін шолып өтер болсақ, былай дер едік. Салық Зиманұлы Қазақ­стан заң ғылымының негізін салды, осы сала бойынша тұңғыш академик болып сайланды. Философия және құқық институтының директоры ретінде заң және философия ғылымдарының қалып­тасып, өркендеуін ұйымдастырушы бол­ды, келешек мамандарын тәрбиелеп өсірді. Университетте дәріс оқып, көп шәкірттер тәрбиеледі. Көптеген моногра­фиялық еңбектер жазды. Зиманов ұзақ жылдар бойы кеңестік тоталитарлық жүйе тұсында, коммунистік идеоло­гияның үстемдік еткен кезеңінде қызмет істеп, ғылыми еңбектерін жазды. Бірақ солардың бәрі әлі де өз құнын жоғалтқан жоқ. Ол, ең алдымен, мемлекет пен құқық тарихын зерттеуші, қоғамдық-саяси ой-пікірдің қалыптасу жолдарын зерделеуші ғалым ретінде ел құрметіне бөленді. Елуінші жылдары ол ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақтардың қо­ғамдық құрылысын, алпысыншы жыл­дары ХҮІІІ ғасырдың соңы және ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ­станның саяси құрылысын, Бөкей хан­дығы мен Ресейдің қарым-қатынасын, қазақтардың қоғамдық тұрмысының кейбір ерекшеліктерін зерделеген еңбектері еліміздің тарихын, саяси құрылымын тануға көмектесетін құнды ғылыми жұмыстар болып табылады. Шоқан Уәлиханов пен Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық-саяси көзқарастарын зерттеуге арналған еңбектері де өз маңызын жоғалтпаған өрелі туындылардың қата­рына жатады. Қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрген «Айқап» журналының редакторы болған М.Сералиннің өмірі арқылы Сәкең қазақ баспасөзінің тари­хына да үңілді, соны пікірлер айтты. Тәуелсіздік жылдары Сәкең егемендік хартиясын қалыптастыруда үлкен ерлік көрсетті. Қазақ КСР-інің мемлекеттік суверенитеті декларациясын қабылдауға белсене атсалысты. Бұл декларация келесі жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конс­титу­циялық заңның алғашқы баспалдағы болды. Тәуелсіз елдің алғашқы (1993 ж.) және бүгінгі қолданыстағы Ата Заңының дүниеге келуіне өз үлесін қосты. Тәуел­сіздік жылдары Қазақстанда парла­ментаризмнің қалыптасу тарихына арнап арнайы еңбек жазды. Өмірінің соңғы жылдары көшпелі ұлы даланың тарихи-құқықтық мәде­ние­­тін зерделеуге көп күш салды. «Мә­дени мұра» бағдарламасына сәйкес «Қа­зақтың ата заңдары» атты он томдық еңбектің жарық көруіне басшылық етті, қазақтың дағдылы әдет-ғұрыпқа негізделген құ­қығы мен билер сотының қызметін зерттеп, ғылыми жүйеге келтірумен шұ­ғылданды. Осыған байла­ныс­ты 2008 жылы халықаралық конференция ұйым­дастырды. Шетелдерден ға­лымдар ша­қырылып, бұл мәселені жан-жақты тал­қылап, тиісті ұсыныстарды тұжы­рымдады. Билер соты мен қазақтың шешендік өнерін халықтың ауыз әдебиетінің озық үлгілерімен байланыстыра зерттеді. Бір сөзбен айтқанда, Салық Зиманұлы өмі­рінің соңғы сағатына дейін ғылыми, қоғамдық жұмыстардан қол үзген жоқ, тынымсыз еңбек үстінде болды. Ол өз елін, Тәуелсіз Қазақстанды жан-тәнімен сүйді. Соған адал қызмет етуді өз өмірінің басты мәні және мазмұны деп түсінді. Ол елдің экономикалық, эколо­гиялық тәуел­сіздігіне де көп көңіл бөлді. Соңғы жылдары құқықтық мә­селелерді зерттегенде оның өмірмен тікелей бай­ланысына күш салды. Мұнай саласын­дағы эконо­микалық халық­ара­лық келі­сім-шарт­тардың заңнамалық негіздерін ұлт мүд­десіне бағындыру жөнінде зерттеу еңбек жазды. Осы ар­қылы эконо­микалық қатынастардың құ­қықтық база­ларын негіздеуге көп күш жұмсады. Бұл салаға тиісті мамандар даярлау үшін ар­найы академиялық заң университетін ашты. Ұлы ғалым тәуелсіз елдің бүкіл тіршілігі – экономикасы, білім, ғылым жүйесі, саяси басшылықты жетілдіру, демократияны дамыту, мемлекеттің өз функциясын толық атқаруы секілді мәселелерді үнемі назарда ұстады. Бұл жайында өз ұсыныстарын, ғылыми топшылау-тұжырымдарын Елбасына, Үкіметке, құқық қорғау органдарына жіберіп отырды. Құлаққа ілінгені бар, ілінбегені бар, әйтеуір академик Салық Зиманов бұл бағытта көп істер тындырды. Қоғамдық пікірге қозғау салды, Парламент ұйымдастырған семинар-форумдарда өз ойларын ірікпей, барынша әділ әрі ашық айтуға ұмтылды. Оның осы шын­шылдығы, ел үшін, қоғам үшін айтқан салиқалы ойлары көпшіліктің көңілінен шықты, елдің сый-құрметіне бөледі. Біздің білуімізше, Салық Зиманұлы осындай адам болды. Әрине, дүниеде мін­сіз адам жоқ. Адам бойынан жақ­сылық іздемей, мін іздеген жан Абайдың бойынан да табар. Бірақ жан-жағына энергетикалық сәуле шашып, жылу сыйлай­тын тұлғалардың қоғамда алар орны ерекше. Солардың қатарына Сәкең­ді жатқызар едік. Өмірден өтпейтін пенде жоқ. Міне, Сәкең де өмірден озды. Бірақ халық алдындағы парызын адал өтеп, зимановша өмірден өтудің өзі кейінгі ұрпақ үшін өнегесі мол сабақ, тұтас бір университет десек жаңылыспаспыз. Елдің тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың сөзімен айтсақ, Салық Зиманов «шын мәнінде кісілік пен да­налықтың үлгісіндей, әділдіктің та­ра­­зысындай» кейінгі ұрпаққа үлгі бо­лып қала бермек. Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымдарының докторы, профессор.