Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Түрколог ғалымдарға TWESCO алтын медалі табысталды

643 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада бүгін Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) ұйымдастырған «Ұлы Дала» ІІІ Гуманитарлық ғылымдар форумы өтіп жатыр. Биылғы форум «Ұлы Дала» ІІІ Астананың 20 жылдығына, сонымен қатар ақын Мағжан Жұмабаевтың 125, жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90, Әзербайжан Халық республикасының 100, Томсеннің Түркі жазуын оқуының 125 жылдығына арналып отыр.

Түрколог ғалымдарға TWESCO алтын медалі табысталды

Форум аясында Халықаралық Түркі академиясы түркі дүниесінің білім мен ғылымының дамуына, сонымен қатар ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосқан танымал тұлғаларға алтын медаль табыстады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылымдар академиясының Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдиноваға (Ресей, Башқұрстан) алтын медальді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова табыс етті.

«Түркі академиясы ғылымдағы азды-көпті еңбегімізді елеп, құрмет көрсетіп, медаль табыс етті. Ғылымның дамуына осыншалықты мүмкіндік беріп отырған Қазақстанның бүгінгі дамуы әлі талай биіктерге жетелері сөзсіз. Түркология саласындағы барша ғалымдардың басын қосқан алқалы жиын игі дәстүрге айналып үлгерді. Осы ретте қазақ халқына, Түркі академиясына зор алғысымды білдіремін. Астана Еуразияның рухани, мәдени орталығына айналды», деді Фирдаус Хисамитдинова.

Сонымен бірге, филология ғылымдарының докторы, чуваш тілінің зерттеушісі, профессор Николай Егоровқа (Ресей, Чувашия), филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылымдар академиясы, Тарих-филология ғылымдары бөліміне қарасты Түркологтар комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудракқа TWESCO-ның алтын медалі табысталды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»