
Шешемнің туған сіңлісі осында тұрды. Ақмоланы ылғи көремін. Болашақ астанамен осылай жастайымнан таныс болдым. Ол кездерде мен сегіз жастамын. Ақмолаға келіп жүргенде таңғалғаным – көшеде кешке жанып тұрған шамды алғаш көруім еді. Соның өзі мен сияқты қарапайым ауыл баласына керемет әсер еткені есімде. Сөйтіп Ақмоладағы алғашқы әсерім қала көшесінде жарқырап жанып тұрған шам болған екен. Кешке жақын қалай жанатынын қызықтап қарап жүретінмін. Маңай жап-жарық. Бір тамаша. Ауылда ондай жоқ қой. Бала көңілге ұялай қалыпты.
Ал негізі, бұл Ақмоламыз шаң басқан қала болатын. Көшелерінде асфальт аз. Сиыр-ешкілері шарбақтарға сүйкеніп үй-үйдің арасында жүретін. Сондай жұпыны қала еді. Мектепте бірге болған құралыптастарымның көбісі кейін осы жерде оқыды. Мен Қарағанды жақта білім алдым. Әйткенмен, қол үзбедім, ылғи келіп-кетіп жүрдім.
Одан Целиноград атанды, біршама дамып, көп қабатты үйлер салына бастады. Бірақ әрине Қарағандымен салыстыра алмайсың. Аграрлық облыс болғаннан кейін бе, оған қарағанда кішкене деңгейі төмендеу болып көрінетін. Кейін зауыттар салынып, институттар ашылып, сол кезде көркейе бастады. Целиноград атанған соң жаңадан жақсырақ ғимараттар бой көтерді.
Сонымен бірге ұлттық құрамы да ерекше болатын. Тыңға келгендер, басқа да бұрыннан қалғандар бар, халқының менталитеті де басқашалау, солтүстіктің табиғатына тартқан – салқындау. Адамға жұғымы жоқ, қатқылдау еді. Бірақ Целиноградтағы сол кездегі қызмет істеп жүрген зиялы қауым, әділін айту керек, мықты болды. Қасым Тәукенов сияқты марғасқа азаматтар облыстың атқару комитетін басқарды.
Мен сол жылдары ЦК-да Ақмола облысы бойынша инспектор болдым. Қайта құру уақыты. Республиканың бірінші басшысы ауысқанда Орталық комитеттің ұйымдастыру бөлімінде сектор меңгерушісі болып істейтінмін. Қызмет бабымен сапарлап келген сайын Арқа төсіндегі облысты біраз аралап, қаланың өзінде, аудандарында болып, танысып жүрдім. Әрине басқа облыстарға қарағанда егінді көп егетін, астығы мол, абыройы үстем болатын.
Одан бұрын Қарағандыда комсомолда істеп жүргенімде Целиноградта «Зональная комсомольская школа» деген болды. Сонда бір ай осында оқығанымыз бар. Қараша айы. Бұрынғы ескі базар, қазіргі «Астаналық» базардың маңайында бір барақта тұрдық. Суық. Еденнің астынан шылқыған су білініп жатады. Сазды толарсақтан, тобықтан кешіп жүресің. Бұрынғы Ақмоланың сұрқы осындай-ды. Бұдан енді, қандай жақсы әсер қалсын.
Қараша айында қар түсті. Сол кезде бізді бір ауданға апарды. Ақкөл-Алексеевка ғой деймін. Сонда машинамен бара жатсақ, аппақ қардың үстінде комбайндар әлі де егін орып жатты. Егін қардың астында қалған ғой.
Кейін де бұл жердегі азаматтармен үнемі қарым-қатынаста болып тұрдық. Ол азаматтар аздығына қарамай, намыстарын ешқашан қолдан берген емес. Сол кездерде шыңдалып, тәрбиеленген азаматтар іс басында жүрді. Ақмоланың елі мен жері жөніндегі таным-түсінігім осылайша ерте қалыптасты. Жасыратыны жоқ, қандастарымыздың ішінде кәдімгідей орыстанып кеткендері де аз болмады. Өйткені сол кездерде сондай азаматтар билік тарапынан қолдау тапты. Заман солай болды.
1990 жылы қазанда «Егемендік туралы» декларация қабылдадық қой. Содан кейінгі Елбасының бір тарихи шешімі – астананы ауыстыру. Сонда бір жолы Нұрсұлтан Әбішұлы маған сынай қарап: «Оралбай, сен қалай, Ақмолаға барасың ба?» деп сұрағанын әлі күнге ұмытпаймын. «Әрине барамын, туған ауылым ғой» деймін мен. Осы ретте Мемлекет басшысы барлық шараларды қабылдап, орындалуын қалт жібермей қадағалап отырды. Мен онда Президент Әкімшілігінде Аппарат басшысының орынбасарымын. Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсырмасымен мекемелерді көшіру мәселелерімен шұғылдануыма тура келді.
Осы орайда мемлекеттік комиссия құрылып, Фарид Галимов деген құрылысшы іскер азамат соның төрағасы болды. Мен солармен қоян-қолтық жұмыс істеп, министрліктердің қайсысы қандай ғимаратқа баратынын ақылдасып ойластырдық. Көшердің алдында, 1996 жылы бір жылдай Президент Әкімшілігінің басшысы болдым. Сол тұста Ақмолаға жиірек келіп, ғимараттардың дайындығын бастан-аяқ мұқият тексеріп, аралап жүрдім.
Парламент, Жоғарғы сот қайда отырады, Министрлер кабинеті қай жерге отырады, бәрі бір ғимаратқа сыя ма? Осы жауапты істің тікелей басы-қасында жүру құрметі біздің еншімізге бұйырыпты.
Осы арада баса айтатын нәрсе, астананы көшіру туралы шешім қабылдануының өзі ерекше жағдай болды. Президенттің тарихи ұсынысын алғашында бәрі бірдей қолдаған жоқ. Жоғарғы Кеңестің үшінші шақырылымы, Әбіш Кекілбаев төраға. Бір ғажабы сол, мәселенің талқыға салынуы Елбасының туған күнімен сәйкес келді. 1994 жыл. Пікірталас болып, әртүрлі көзқарастар айтылып, біреулер қарсы шықты. Дұрыс түсінгендердің біразы қолдады. Сосын Әбекең де қиналды. Қиын жағдай, Елбасы төрдің төбесінде, ту сыртында отыр. Сөйтсе де сұңғыла ғой. Қиыннан жол тапты. «Құрметті депутаттар! Бүгін Президентіміздің туған күні. Давайте, сделаем подарок нашему многоуважаемому Елбасы!» дегенде зал дүр сілкінді. Депутаттар жайраңдап күліп жатыр. Енді қалай дауыс бермесін?! Сонымен қолдап жіберді. Дипломатиялық тапқырлық танытты.
Биліктің бірінші көші 1997 жылдың қарашасында қозғалды. Мен ол кезде Жоғары тәртіптік кеңестің төрағасымын. Алғашқы ұшақпен 240 адам келдік. Президенттің аппараты бар. Бәрі тегіс. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Оралбай, сен басқарып бар» деп тапсырған болатын. 6 қараша күні қасиетті Қараөткел жеріне табанымыз тиді. Келсек, жаңбыр құйып тұр. Облыстың басшысы Жәнібек Кәрібжанов қарсы алды, жанында орынбасарлары бар. Содан шағын аудандағы «Встреча» деген жердегі үш-төрт үйге алып барды. Бұрынғы ескі жобамен салынған хрущевкалар. Сол жерде бәріміз орналастық. Кешке қонағасы берді.
Таңертең тұрсақ, далада қар жатыр, терезелерге мұз қатқан. Түнде сабалап жауған жаңбыр қарға айналыпты. Қазір осының бәрі ертегідей өткен шақ. Астананың, Арқаның табиғаты бізді осылай қарсы алған болатын. Қай жерге барсаң да қақаған суық. Тамақтанатын орындар да қазіргідей көп емес қой ол кезде. «Ишим» қонақүйінің қасында бір асханамыз болды. Ақмоланың қазақтары қонаққа шақырады. Әйтеуір, қарнымызды ашырмады. Қазақтың меймандостығы, ақ көңілі көтеріп әкетті.
Бұл өткен кезең ғой енді. Бірақ кезінде, көштің алдында келдік. Жұмыс істедік. Анау «Встречадан» жаяу да келіп жүрдік. Бір-ақ автобус болды. Арнайы бөлінген. Жұмысқа әкеліп тастайды. Ол да бір дәурен еді.
Президент Әкімшілігі қазіргі Тұңғыш Президент музейінің ғимаратына орналасты. Кабинеттер алдын ала дайындалып қойылды. Ведомстволарға келер болсақ, ең алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігі көшіп келді. Сосын – Көлік және коммуникациялар министрлігі. Олар бұрынғы Темір жол басқармасының ғимаратына жайғасты. Президент Әкімшілігі соған жалғас салынған үйде болды. Қазіргі музей. Күмбезді залда бірінші рет жиналыс өткізілді. Содан кейін желтоқсанның басында біздің мемлекеттік рәміздерді алып келді. Қақаған аяз. Сонда Елбасымыз рәміздерді, Ту мен Елтаңбаны 30 градустан асатын қатты суықта жеңіл костюммен ғана қарсы алды. Бәрін ресми түрде әкеліп орын-орнына салтанатты жағдайда қондырды. Елбасы кабинетінің жанынан Ту да, Елтаңба да, қол қойылған Ата Заң да өздеріне тиесілі мәртебелі орындарына жайғастырылды.
Астана көшіп келгеннен кейінгі сол алғашқы айдағы эйфория, шаттық күйі керемет-тін. Жүріп жатқан жұмыстан, жаңа елордада атқарылып жатқан іс-шаралардан ел хабарланып, қалың қауым, қара орман жұрт тілектес болып отырды. Мұның өзі халықты қанаттандырып, баршамызға серпін берді. Қызметкерлердің бәрі дерлік шын көңілімен, жаңа астананы жанымен қалап келгендер еді. Арасында аязға, басқа қиындыққа шыдай алмай немесе басқа бір себептермен кейін қайтқандар да болды. Бірақ негізгі құрам тезінен қалыптасып, жасампаздықпен жұмыс жасап кетті.
Өз басымда әуелден-ақ ешқандай күмән, күдік болған жоқ. Ақмолаға көшейін деп жатқанда тоқсанға келген анам:
– Әй Оралбай, саған жақсы болды ғой, – дегені.
– Не жақсы, апа?
– Е, мен өлсем, мына Алматыдан, мың шақырым жерден апарасың елге жерлеуге. Ал ана жер ауылға тиіп тұр ғой. Апарып қоя саласың, – дейді. Сол жарықтық анамыз жаңа астанаға келіп, тоқсан жылдығын үрім-бұтағы осында тойладық. Бұл жаңа астанадағы осындай алғашқы тойлардың бірі болып еді. Бибіжан анамның тілегі ақ екен, одан кейін тағы сегіз жыл, 98 жасқа дейін өмір сүріп, топырақ туған ауылынан, әкеміздің қасынан бұйырды.
Бірде ұшақпен келе жатырмыз. Елбасы, Ахметжан Есімов және мен. Ахметжан ол кезде Үкімет басшысының бірінші орынбасары. Шай іштік. Нұрсұлтан Әбішұлы Ахметжанға қарата:
– Мен, жарайды, қайынжұртыма бара жатырмын. Оралбай өз жұртына бара жатыр. Ә сен қайда барасың? – деп бір қалжың айтып еді.
Елбасының қалжыңы әрқашан бірге жүреді. «Жарайды, саған Алатауды сағынсаң, Астананың қасынан бір биік мұнара жасап береміз. Соның үстіне шығып қарайсың» дегені бар. Елбасы осылай әдемі әзілмен, жан шуағымен небір қиын шақтарда да бәрімізді қанаттандырып отырды.
Астананың атын қалай қою мәселесі туындағаны есімде. Біреулер «Қазақстан» қояйық дейді. Біреу тағы басқа ұсыныс айтады. Елбасы сонда тынымсыз ойланып жүрді. Содан кейін осы «Астана» деген атқа тоқтады. Барлық халықтың көңілінен шықты.
Ал астананы ауыстырудың өзі, жаңа айттым ғой, үлкен тарихи шешім. Мынау Ақмоланың өзі үлкен әңгіме болды. Бұл үшін қаланың өзінің отыздан астам параметрлері бар екен. Соған сәйкес болуы керек. Соған ең жақын тұрғаны Ақмола болып шыққан. Кезінде Қарағандыны, Павлодарды көріп, ол кісі де жаңа астананы Ерейментаудың маңайында салам ба деген де ой болды. Бірақ түптің түбінде осы Ақмолаға тоқтады. Бұл енді, қалай болғанда да, жеріміздің кіндігі, еліміздің қақ ортасы. Сосын бұл жерде ең дамыған темір жол болды. Қай жаққа барса да Целиноград арқылы өтеді. Өзі үлкен индустриялық, өндірістік орталықтардың жанында. Мына жағында Павлодар, мына жағында – Қарағанды, бір жағында – Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан. Ең тиімді, оңтайлы шешім осы болғанын өмір көрсетті.
Мен ылғи айтам: Мемлекет басшысы осы арқылы бір белгі берді халыққа. Астананы ауыстыруымен енді кейін қайтатын жол жоқтығын меңзеді. Мүлдем жаңаша өмір бастайтынымызды бейнелі түрде айтты. Астана шынында да бәріміздің дамуымыздың, ілгері басуымыздың, рухымызды асқақтатудың локомотиві болады деді. Расында да солай болды. Ол экономикалық дағдарыстың кезі, одан кейін 2008 жылғы дағдарыс. Соған қарамастан, осында құрылыс бастау үшін Елбасы инвесторлар жинады. Өзі шетелге, мұсылман елдеріне, Еуропаға жиі баратын. Бәрін үгіттеп жүріп, көздерін жеткізіп, миллиардтаған қаржының бетін бері бұрды. Соның бәрін аз жылда жарқырап шыққан жаңа астанаға салды ғой.
Қандай ғимараттар! Бір ерекше жаңа қала пайда болды. Осы ХХІ ғасырға сай дараланған Астана бой көтерді. Осында халықаралық жиындар, форумдар өткізіле бастады. Тұсаукесер жиын Конгресс-Холда өтті. Бірінші жиын. Орталық Азияның, өзіміздің бауырлас республикалардың, Ресейдің басшылары келді. Елбасы баяндама жасады. Астана халықаралық дәрежеде мойындала бастады.
Астананы, Қазақстанды таныту үшін Елбасымыз көп еңбектенді. Ол кезде бізді аса көп біле қоймайды. Советтің құрамында болғасын солай ғой. Осы ретте Мемлекет басшысы тынымсыз жұмыс істеді. Ондаған елдерде болып сөз сөйледі, іскер топтармен кездесті. Американың бір университетінде сұрайтын көрінеді: «Қазақстанда электр бар ма?» деп. Елбасы сонда: «Бізде электр түгілі, түйе де бар деп» жауап беріпті.
Иә, сондай да болған. Одан бері бірқыдыру уақыт өтті. Астанамыз көркейді. Қазір көрсең, осы қалада тұрғаның үшін бақытты адам деп есептейсің өзіңді. Есілдің жағасымен сейілдеп жазда жүрген кезде, көктемнің соңында жусанның иісі даладан лекітіп соққан желмен мұрын жарады. Керемет!
Елбасымыз Астананы ерекше жігермен, құлшыныспен салды. Былайша айтқанда, ол кісінің өзінің ойынан, қиялынан шыққан, аңсарлы арманынан туған қала ғой. Әрбір салынған ғимарат солай. Мен талай жобалардың дүниеге қалай келгенінің куәсімін. Көшелер қалай түзіледі. Үйлер қандай болып бой көтереді – шынымен де Астананың бас сәулетшісі Елбасының өзі болды.
Қала салу үшін конкурс жарияланды емес пе?! Жапонның сәулетшісін әкелді. Бірінші орынды сол алды. Фостер деген атақты ағылшын архитекторын шақыртып, қазіргі «Хан Шатыр», біздің Пирамида, Тәуелсіздік сарайы – бәрі сол кісінің жобаларымен салынған. Астанамыздың көркі, көзіміздің қуанышы болып тұр. Шынында да, аса бірегей сәулет туындылары. Ешкім таңырқамай кетпейді. Нұрсұлтан Әбішұлы осындай жобаларды өмірге келтіру арқылы жаңашылдықты, келешекті нұсқағандай. Жаңа қаланы көріп қазағымыздың ой-санасы да жаңарып өзгеруде.
Сенат Төрағасы болып жүргенімде Астанада бірінші халықаралық конференция өткіздік. Ол кезде БҰҰ ДБ болды, көмектесті. Сингапурдан, Малайзиядан, Еуропадан ылғи ректорларды шақырдық. Парламенттің дөңгелек залында өткіздік. Елбасы құттықтау жолдады. Бұл – 1999 жыл. Конференция материалдарын кітап етіп шығардық.
Сенатта жүргенде қаншама заңдар қабылдадық. Сол кездегі Парламентіміз ерекше болатын. Барлық депутаттардың ұсыныстары тіркелетін. Жеке-жеке жауабы беріліп, жалпы отырысқа шығарылатын. Астананың көркеюі, қаражат бөлуі осы заңдар арқылы өтті ғой. Инвестиция салынып басталғанымен, қала бюджетсіз дамымайтыны белгілі. Осындай қамқорлықтың арқасында қазір Астананың өзі донор болып, республикалық бюджетке өзінің сүбелі үлесін қосуда. Бұл көбіне-көп орта және шағын бизнестің дамуына байланысты мүмкін болып отыр. Көптеген халыққа қызмет көрсету мекемелері пайда болды. Сол жылдары Астананың мәртебесі туралы заңдар қабылданды. Еркін экономикалық аймақ құрып, қаланы салып жатқан мердігерлерге, инвесторларға жеңілдіктер қарастырылды. Бұл аймақ әлі күнге дейін бар. Міне, Астананың көркеюіне осы жағдайдың көп септік-шарапаты тигені анық.
Әрине елордамыз бұл күнде ғажап қалаға айналды. Осында халықаралық деңгейдегі қаншама үлкен жиындар өтті. 2010 жылғы ЕҚЫҰ саммиті, қазіргі мына Сирияға байланысты келіссөздер, дәстүрлі діндер басшыларының жиындары, ЭКСПО – осылар арқылы Астана әлемге танылуда. Азиада мен Универсиада сынды халықаралық спорт жарыстары. Соның бәрі Астананы асқақтата түсті.
СПА дейді, фитнес-клубтар, саламатты өмір салты. Спортпен айналысу. Әрбір аулада – футбол алаңы, жаттығу жасайтын спорт жабдықтары. Соған қазір Үкімет те, жекеменшік те көп көңіл бөлуде. Болашағымыз – саламаттылықта. Елде өмір сүрудің орташа ұзақтығы 75,5 жасқа дейін жетті. Астана осының, жалпы мәдениеттің көш басында келеді. Солай болуы керек. Мұнда келген адамдар, әсіресе дамыған елдерден, Еуропадан келгендер өздерін судағы балықтай сезінуі керек. Осы тұрғыда көп жұмыстар жасалып жатыр. Әлі де жасалады. Бұл ретте Елбасының қойып отырған талаптары өте жоғары.
Астананың 20 жылдық мерейлі тойы да келіп қалды. Қалада соған орай көп жұмыстар атқарылуда. Қарасаңыз, әлемнің өнер жұлдыздарының жиі келетін жеріне, түркі дүниесінің орталығына айналып келеді. Салт-дәстүрлік түркілік фестивальдер осында өтуде. Биыл мерекенің ауқымы жылдағыдан да кең болады деп ойлаймыз. Бұл да қала мәдениеті мен өнерінің дамуына серпін бермек. Бұрын қазақ театры болған жоқ еді. Енді астанамызда ұлттық мәдениетіміз, ұлттық өнеріміз өрлеу үстінде.
Өзім де Астананың ардагерімін. Балаларым түгел осында, жұмыс істеп жатыр. Осында өсіп-өнудеміз. Өзімнің сүйікті қалам. Осы қаланың патриотымын. Немерелерге дейін солай тәрбиелеудеміз. Осы жақында жұмыс орныма аяңдап келе жатсам, анасымен келе жатқан бір бала «Бәйтеректі» көріп қалды да, қуанып кетіп: «Бәйтерек»! Әне, «Бәйтерек» деп айқай салды. Соған біртүрлі ішім жылып, елжіредім. Астанамыз – болашақ ұрпағымыздың да мәңгілік алтын бесігі бола бергей деп тіледім.
Астанамыз алтын тұғырға айналғанына сүйінеміз. Қазір бізге қазақтың бірлігі керек. Елбасы жалғыз қазақтың ғана емес, осында тұратын барлық ұлттардың өздерін қазақстандықпын, одан әрі қазақпын деп сезінуін қалайды. Болашақта осылай болады деп ойлаймын. Басқа ұлт өкілдері де: «Қазақ мемлекеті менің елім. Мен қазақтың ішіндемін» деп тілек біріктірсе, тұғырымыз беки түспек.
Астана әлі де дамуы, бұдан да көркеюі керек, қазіргіден де жақсармағы ләзім. «Ақылды қала» деген бағдарлама бар. Осыған кірісіп жатқанына да іштей қуанамын. Мысалы, мен Швейцарияда болғанда аялдамадағы тақтада қай автобустың қанша минуттан кейін келетіні алақандағыдай көрініп тұр. Осындай нәрселер бізде де болса, қандай ғанибет. Сондай әр тараптағы жақсы талпыныстар біздің елордамызда да бар екендігі құптарлық.
Әрбір астаналық «Менің қалам, сүйікті қалам» деп сезініп, Астананың патриоты болғаны жөн. Астананың көркеюіне, жақсылығына, таза болмағына атсалысқаны абзал. Міне, сондай деңгейге жетсек, барлық астаналықтар солай ойласа, ең ғажабы сол болмақ. Астананың ғана емес, астаналықтардың да деңгейін, ой өрісін көтеру талабы өте өзекті. Бұл – рухани жаңғыру аясындағы міндет.
Осыдан он жыл бұрын Елбасы Астананың 10 жылдығына байланысты ғой деймін, жиналыс өткізіп жатты. Астана қаласының басшылығына: «Біз бұрынғы целиноградтықтарды Астананың деңгейіне жеткіземіз деп жүрсек, сендер немене, өздерің целиноградтық болып кеткендерің?» деп ұялтып еді. Біле білсек, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл сөздерінде үлкен де астарлы мән-мағына жатыр. Ол жай айтыла салған сөз емес. Басшылыққа алатын ұлағатты қағида. Астаналықтардың мінез-құлқы, білім-білігі, жүріс-тұрысы, мәдениеті, күллі болмысы астаналық деген атақ, мәртебеге сай болуы тиіс. Астана орайындағы Елбасының талабы да, тілегі де осы. Соған сай болмағымыз ләзім. Өз басым Елбасының соңына еріп Астананың көркеюіне қайраткер ретінде үлес қостым. Астанада өмір кешіп жатқаныма адам ретінде бақыттымын.
Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері