Сондай-ақ басқосуға Түркия президентінің кеңесшісі Айгүн Аттар, Қырғызстан президентінің кеңесшісі Султан Раев, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Рэгдэл Дүгэриин, халықаралық ұйымдар басшылары, дипломатиялық корпус, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері және көрнекті ғалымдар қатысты.
Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз», деген сөзіне тоқталды.
Г.Әбдіқалықова Халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының адамзат дамуындағы Түркі әлемінің орны мен мәдени-рухани құндылықтары, жаһандық және аймақтық өзекті мәселелер талқыланатын интеллектуалды сұхбат алаңы мәртебесіне ие болғанын айтты.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық саясаттағы тегеурінді тұлғасын, түркі әлеміндегі жетекшілік рөлін, «Рухани жаңғыру» жобасындағы идеяларын кеңінен насихаттау форумның негізгі міндеттерінің бірі. Себебі «Рухани жаңғыру» қазақ елінің алдына қойған мақсаты ғана емес, жалпы түркі әлеміне ортақ мұрат деп ойлаймын. Қоғамдық сананың серпілуі, әр халық бүгіні мен болашағы жарқын болуы үшін өзгере білуі тиіс. Мұны түсінбегендер тарих шаңына көміліп, тозаң жұтып, тас шайнап, қалтарыста қалады. Білім мен ғылымды жоғары бағалайтын ел ғана елеулі табыстарға жетеді», деді Г.Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы бәсекеге қабілетті мемлекеттердегі дамудың кілті рухани және мәдени құндылықтардың жаңғыруы екенін атап көрсетіп, бүгінде тоталитарлық құрсаудан босаған түркітілдес елдер жаппай рухани жаңғыруды бастан кешіп отырғанын жеткізді.
«Баршаға ортақ ендігі міндет – әлемде түркі елдерінің бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Ол үшін зияткерлік ұлт қалыптастыру қажет. Осы орайда Мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен Қазақстанның латын қарпіне көшуді бастауы – аса маңызды қадам. Сондай-ақ «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алдық. Оның аясында әлемдегі үздік еңбектердің алғашқы 18-і қазақ тіліне аударылып, зиялы қауымның, ғылыми-академиялық ортаның, жас буынның, жалпы жұртшылықтың назарына ұсынылды», деді Мемлекеттік хатшы.
Г.Әбдіқалықова алқалы жиында бас қосқан ғалымдар Ұлы Дала кеңістігінің тарихы мен тағылымын бірлесе кешенді түрде зерттеп, зерделеуі қажеттігіне тоқталды. Оның айтуынша, Халықаралық «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының басты мұраты – Түркі дүниесі және Еуразия ғылыми қоғамдастықтарын жұмылдыра отырып, бауырлас халықтардың ортақ мұрасын болашақ ұрпақтың игілігіне ұсыну.
«Ұлан-ғайыр аумақты мекен еткен халықтар байланысын, интеграцияны нығайту үшін санаға қасиетті орындар ұғымын сіңірудің мәні зор. Мәселен, форумға қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы жобасының ізімен күллі түркі әлемінің киелі географиясының біртұтас желісін жасау мәселесін талқыласа, нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда бүгінгі жиынды бірлігімізді нығайтып, Ұлы Дала – Рухани жаңғыруды жүзеге асыруға септігін тигізіп, түркілік сананы кеңейтетін, сондай-ақ прогреске шақыратын, интеграцияға серпін беретін мәнді оқиға деп білемін», деді Г.Әбдіқалықова.
Бұдан кейін мінберге көтерілген Қырғызстан президентінің кеңесшісі Султан Раев ел басшысы Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті форумға қатысушылар, қадірлі ғалымдар! Тегі бір, мәдениеті ортақ түркі, моңғол және Алтай тобына кірген халықтарды зерттеуді, ғалымдардың басын қосуды, білімді интеграциялауды, гуманитарлық ғылымдар форумын жыл сайын өткізуді – Халықаралық Түркі академиясының осындай бастамаларын қолдаймын.
«Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумы алтаистика, түркология, моңғолистиканың маңызды мәселелерін келешекте тереңдетіп зерттейтін маңызды алаң болатынына сенім білдіреміз. Баршамыздың ортақ рухани символымыз болған Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойының форум жұмысы барысында атап өтілуі қырғыз халқына көрсетілген зор құрмет деп есептейміз. Қазақстан астанасының 20 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, форум жұмысына сәттілік тілеймін», делінген Сооронбай Жээнбековтің құттықтау хатында.
Сондай-ақ Қырғызстан президентінің кеңесшісі С.Раев «Ұлы Дала» форумының жұмысы түбі бір түркі халықтары ғалымдарының басын қосатын іргелі жиын екеніне тоқталып, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына ізгі тілегін жеткізді.
«Астана Еуразияның рухани ордасына, саяси, мәдени, гуманитарлық жүрегіне айналып отыр. Саяси, экономикалық процестерде Астана алдыңғы орында. Меніңше, Қазақстанның тарихи миссиясы өте жоғары. Өйткені Қазақстан географиялық тұрғыда әлемнің, Еуразияның қақ жүрегінде орналасқан. Осы Құдай берген ұлы сый Қазақстанды Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстыруға, рухани көпірі атануға мүмкіндік береді», деді С.Раев.
Форумда Түркия президентінің кеңесшісі А.Аттар сөз сөйлеп, іс-шараның түркі халықтарының мәдени және тарихи мұраларын ұлықтауда маңызды рөлге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, осындай маңызды жиынның Әзербайжан Республикасының 100 жылдық мерейтойымен, Мағжан Жұмабаевтың 125 жыл, Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуінің маңызы зор.
«Қазір мені ерекше сезім билеп, толқып, тебіреніп тұрмын. Атажұртымызда өмір сүріп отырған, қаншама қиындыққа қарамастан тарихи Отанымызды сақтап қалған қазақ халқының қасиеті зор. Өйткені өзіне берілген аманатты аман сақтап қалу – абыройлы міндет әрі оңай шаруа емес. Атажұртымызға жаңа жерден мемлекет құрған түрік халқы атынан сәлем жолдаймын», деді А.Аттар.
Сонымен қатар Айгүн Аттар ханым Қазақстан топырағының қасиетті мекен, Ұлы Дала атануы негізді екенін жеткізіп, оны түркі мәдениетінің орталығы деп атау қажеттігін атап өтті.
Жиында Татарстанның тұңғыш президенті, қазіргі таңда Татарстан президентінің кеңесшісі қызметін атқаратын, ЮНЕСКО-ның арнайы елшісі Минтимер Шаймиевтің құттықтау хаты оқылды.
III «Ұлы Дала» гуманитарлық ғылымдар форумының қатысушыларына, ғалымдарға шын көңілден сәлем жолдаймын. Жиынның Астана қаласында, Еуразияның қақ төрінде өтуінің маңызы зор. Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырған осы форум барша түркітілдес халықтардың басын қосатын бірегей оқиғаға айналды. Форум жұмысының нәтижесі түркі мемлекеттерінің бірлігін нығайтатынына сенім білдіремін», делінген М.Шаймиевтің құттықтау хатында.
Бұдан кейін кезек пленарлық сессияға берілді. Отырысқа Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Моңғолия Ғылым академиясының президенті Рэгдэл Дүгэриин, Түрік тілі ұйымының төрағасы Мұстафа Качалин, Әзербайжандағы Ататүрік орталығының директоры, профессор Низами Джафаров, Ресей Ғылым академиясының Түркологтер комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак қатысты.
Пленарлық сессияда алғаш болып сөз алған М.Жұрынов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайым түркі халықтарының бірлігіне ерекше назар аударғанын сөз етті.
«1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін ала сала Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Түркістан қаласын дамыту, жандандыру үшін шаһарда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан мемлекеттік университеті ашылды. Үш жылдан кейін Түркияның келісімімен оқу орны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды. Сарапшылардың болжамы бойынша, әлемде түркі жұртының өкілі саналатын 240 миллионнан астам адам бар. Осылардың басын қосу үшін әр мемлекетке оқу ордасында білім алуға квота бөлінді. Саха Республикасы, Татарстан, Чуваш, Алтай, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Түркиядан көптеген студенттер келді. Ондағы мақсат Елбасының бастамасымен түркі дүниесінің басын қосу еді», деді М.Жұрынов.
Ал Түрік тілі ұйымының төрағасы М.Качалин әлем халықтары өздеріне тән құндылықтарын жоғалтуы мүмкін екенін ескере отырып, түркі дүниесінің бір шаңырақ астына жиналуының маңызды екенін атап өтті.
Форумда түркі әлемі ғылымының дамуына, ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосып жүрген бірқатар ғалымдар Халықаралық Түркі академиясының арнайы медалімен марапатталды. Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Ресей Ғылым академиясының Уфа ғылыми орталығы Тарих, тіл және әдебиет институтының ғылыми жетекшісі Фирдаус Хисамитдиноваға (Башқұртстан) алтын медаль табыстады. Сондай-ақ осындай марапатқа филология ғылымдарының докторы, чуваш тілінің зерттеушісі, профессор Николай Егоров (Чувашия) ие болды. Бұдан бөлек, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым академиясы тарих-филология ғылымдары бөліміне қарасты Түркологтер комитеті төрағасының орынбасары Олег Мудрак (Ресей), тарих ғылымдарының докторы, профессор Чулуун Сампилдондов (Моңғолия) та арнайы медаль иегері атанды.
Марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін Халықаралық Түркі академиясы мен Халықаралық Моңғолтану ассоциациясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ «Алтаистика, Түркология, Моңғолистика ассоциациясын құру туралы» шешім қабылданды. Осы орайда Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі: «Қауымдастықтың жылына төрт рет шығатын журналы болады. Сонымен қатар осы серия бойынша арнайы кітаптар жарық көреді. Алтаистика, Түркология, Моңғолистика салалары бойынша да сериялы басылымдар шығару жоспарда бар», деді.
Форум жұмысы барысында Астананың 20 жылдығына арналған «Өркениеттер үндестігі және қала мәдениеті», ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы мен жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған «Түркі әдебиеті байланыстары: дәстүр және жаңашылдық», атақты түрколог В.В.Радловтың өмірден өткеніне 100 жыл, В.Томсеннің түркі жазуының кілтін тапқанына 125 жыл толуына арналған «Түркологияның жаңа мүмкіндіктері», «Ұлы Даланың рухани жаңғыруы» секілді тақырыптар қамтылып, түркі әлемінде ғылымды дамыту, Еуразия кеңістігіндегі ғылыми интеграция, қала мәдениеті, түркология және түркі әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, түркі халықтары дәстүрінің ерекшеліктері секілді мәселелер талқыланып, сындарлы пікірлер айтылды. Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітаптардың көрмесі болады. Форум аясында Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова жиынға қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен кездесті.
Жалпы, 2018 жыл – түркі дүниесі күнтізбесіндегі ерекше белес. Биыл тәуелсіз Қазақстанның символы – Астананың 20 жылдығы мерекеленеді. Сондай-ақ Әзербайжан Демократиялық Республикасы құрылуының 100 жылдығы, түбі бір түркі халқының тұғырлы тұлғалары – қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың 125, қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығы тойланады.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»