14 Желтоқсан, 2011

№8 сын-қатер

254 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ауыл шаруашылығының күйреуі, селодағы тұрмыс деңгейінің күрт төмендеуі және ауылшаруашылық жерлерінің кең ауқымды деградацияға ұшырауы Нарық экономикасына көшу және жеке меншікті енгізу ауылшаруашылық жерлерін село тұрғындарына беруді білдірді. Бүтіндей алғанда, 1991-ден 1997 жылға дейін ауылдықтарға 18 млн. гектар жер берілді. Сонымен бірге, шалғай аумақтарда орналасқан жерлер сұранысқа ие болмай қалды. Соның нәтижесінде 1991-2001 жылдары ауылшаруашылық жерлерінің көлемі 127,5 млн. гектарға азайып, 91 млн. гектарды құрады. Ал жыртылған жер алаңының үштен екісі қысқарды. Жерлерді қайта бөліске салу тұқым себу айналымын жүргізу жүйесінің бұзылуына, жер массивтерінің ұсақ учаскелерге бөлшектенуіне, суармалы жерлердегі инженерлік және суару жүйелерін пайдалану режімінің бұзылуына әкеліп соқтырды. Осы факторлар, сол сияқты жыртылған жерлер топырағына минералды және органикалық тыңайтқыштардың енгізілмеуі жер топырағы құнарлылығының төмендеуіне апарып соқтырды. Соның нәтижесінде егіншілік ауа райы жағдайларына неғұрлым тәуелді болып, оның өзі оның өнімдерін алуда айтарлықтай ала-құлалықтар туындатты. Сондай-ақ 90-шы жылдардың ортасына қарай республикада мал басы айтарлықтай қысқарды және генетикалық әлеует бұзылды. Көшпелі малшылар ұрпағы болып табылатын, ғасырлар бойы мал өсірудің үздік шеберлері болып келген қазақтар мейлінше қолайсыз қаржы-экономикалық жағдайлар салдарынан мал шаруашылығынан бас тартуға мәжбүр болды. Соның нәтижесінде Қазақстанда мал шаруашылығы өнімдерін өндіру 2 еседен астамға қысқарды. Осылайша 80-жылдары маманданған ет, астық өндірісі болған және белгілі дәрежеде негізгі азық-түлік түрлерімен өзін қамтамасыз еткен республикада ол кезеңде ауыл шаруашылығында өндірістің құлды­рауы­ның тұрақты тенденциясы қалыптасты.  Ауыл шаруашылығындағы дағдарысты ахуал ауыл тұрғындарының жағдайынан көрініс тауып, кедейшілік пен жұмыссыздық проблемасы өткірлене түсті. 1998 жылы ауыл тұрғындарының жартысына жуығы ең төменгі өмір сүру деңгейінде ғана табыс тапты.   Жүргізілген реформалардың нәтижесі аграрлық саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылатын көп салалы экономиканы қалыптастыру болып табылды. Осы кезең ішінде АӨК кәсіпорындары қаржылық оңалту үдерістерінен өтті. Бұл жолда жеңілдікті салық салу, сол сияқты жерге ұзақ мерзімді аренда мен жеке меншік институтын енгізу маңызды кезең болды. Соның нәтижесінде ауылда нақты меншік иесі пайда болып, ауылдықтар мінез-құлқы өзгерді, нарық қағидаттарына негізделген жаңа өндірістік қарым-қатынастар нығайды. Мемлекет 20 жыл бойы жүргізген аграрлық саясат белгілі бір табыстарға қол жеткізуге жағдай жасады. Атап айтқанда, ауылшаруа­шы­лық өнімдерінің жалпы көлемі соңғы 10 жылда 3,5 есе, ауыл­ша­руа­шы­лық өнімдері экспорты 3 есе артты, ал ұн экспорты бойынша Қазақстан соңғы  4 жыл бойы әлемде көшбасшы болып келеді. Бүгінде мемлекеттік қолдау жүйесі айтарлықтай өзгерді. Оған енгізілген ынталандыру тетігі ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялардың ағы­луына жағдай жасады, ол 10 жылда 8 есе ұлғайды, сонымен бірге, жалпы құрылымдағы жеке инвестициялар үлесі 60 пайыздан астамды құрады. Бүгінде еңбекпен қамтудың 30 пайызы және ІЖӨ-нің 5 пайыздан астамы отандық ауыл шаруашылығына тиесілі.   Біздің селодағы жұмыс күшінің айтарлықтай босауын, село тұрғындарының қалаларға елеулі түрде көшуі мен урбанизация үдерісінің дамуын күтуіміз қажет. Село бүгінде барлық негізгі әлеуметтік проблемалардың – еңбекақының, зейнетақының төленбеуі, мешеулік, кедейшілік пен жұмыссыздық, нашар инфрақұрылым, білім беру мен денсаулық сақтау, экологиялық катаклизмдердің шоғырланған орнына айналып отыр. Сонымен бірге, жоғары демографиялық әлеует те дәл осы жерде.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

«Қазақстан-2030» Қазақстан халқына Жолдауынан.

Алматы, 1997 жылғы 10 қазан.   Мемлекет жыл сайын аграрлық секторды қаржыландыруды ұлғайтуда. 2005-2010 жылдары республикалық бюджеттен шамамен 670 млрд. теңге немесе 5 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы бағытталды. 2011 жылға ғана республикалық бюджеттен АӨК-ті дамытуға 220 млрд. теңге қарастырылған. Сонымен бір мезгілде ауылды дамыту шаралары жүзеге асырылып, «Дипломмен – ауылға» ұранымен ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту ынталандырылуда. Ауылды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы 6 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері салынып, қолжетімді шағын несиелер бөлінуде. Соның нәтижесінде бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын ауыл тұрғындарының үлесі 25 пайызға азайды. Оның сыртында 2002 жылдан бастап «Ауыз су» бағдарламасы жүзеге асырылуда, ол 3 мыңнан астам елді мекендердің сумен қамтамасыз етілу жағдайын жақсартуға жағдай жасады. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасының соңына дейін шешілмегендігін ескере отырып, «Ақ бұлақ» бағдарламасы қабылданды, оны жүзеге асыруға 80 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр. Бүгінде тәуелсіздік жылдары ішінде аграрлық секторға мемлекеттік қолдау жасауды жүзеге асыру тиімді бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп өндірісін дамытуға қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік туғызды деп сеніммен айтуға болады.