Форумды Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко ашып, жиынның барша әлем таныған Қазақстан елордасы – Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырғанын айта кетті. Көкейкесті, маңызды мәселелерді шешуге арналған игі бастамалардың барлығы да тап осы Астанадан басталады. Солардың бірі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту үшін екіжақты тәжірибелер алмасып, өзара тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін шекаралас аумақтардағы әйелдер форумы екенін де атап өтті.
Қашаннан ауылы аралас, қойы қоралас екі елге ортақ мәселе көп. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Шекаралас өңірлерде сыртқы саяси, экономикалық, мәдени және басқа да көптеген мәселелерді қоса алғанда, өңірлік маңызды мәселелер тоғысады, көршілер арасындағы және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар нығайып, берік бола түседі», деген сөзі де осыған саяды. Әйелдер кәсіпкерлігі де екі елдің көрші облыстары арасында ақпарат, тәжірибе алмасуға сұранып тұратын мәселе. Сондықтан Қазақстанда ЕАЭО жұмысының шеңберінде Ресеймен шекаралас облыстар кәсіпкерлерінің жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысы белсенді жүргізіледі. Көрші екі елдің шекаралас аумақтарындағы кәсіпкерлердің экономикалық ынтымақтастығы екі жақтың да ұлттық экономикасының дамуына және тұрғындардың әлеуметтік деңгейінің көтерілуіне ықпал етеді. Бұл орайда 500 мың шағын және орта кәсіпорынды басқарып отырған кәсіпкер әйелдердің рөлі аз емес. Олар 964 мың жұмыс орнын ашты. Қостанай облысында да әйелдер кәсіпкерлігі даму үстінде, оларға қолдау бар.
– Ресеймен 2017 жылғы сыртқы саудамыз 1 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл 2016 жылға қарағанда 30 пайызға артық. Тауар айналымы құрылымында экспортқа шығару – 52, импорт 48 пайызды құрады.Өңірде сыртқы экономикалық байланысты жүйелі түрде нығайтып отырамыз. Свердлов, Челябі, Қорған, Орынбор, Калуга облыстары және Татарстан Республикасы үкіметтері мен Қостанай облысы әкімдігінің арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық келісім жасалған, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өңір басшысы облыстағы кәсіпкерліктің дамуынан және инвестиция тарту жұмыстарынан қонақтарды хабардар етті. Басқасын айтпағанда, Қостанай қаласында 400 гектар аумақты алып жатқан Индустриялық аймақтың болашағы зор. Бүгінде оның инфрақұрылымы дайын болды. Осы жаңа аймақта машина жасау, металл өңдеу, химия, құрылыс материалдары өндірісі, ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары орын тебетін болады. Мамыр айында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев келгенде 11 жобаның тұсаукесері өтті. Осындай істердің барлығынан облыста әйел-кәсіпкерлер тыс қалып отырған жоқ. Жалпы, өңірде бизнестің 49619 нысаны болса, соның 23449 кәсіпорнын әйел кәсіпкерлер басқарады. Экологиялық таза сүт пен сүт өнімдерін өндіретін «ДЕП» сүт зауытын айтсақ сөзіміз құрғақ болмайды. Ол өндірген өнім қазірде Қазақстан мен одан тыс, оның ішінде Ресейдің шекаралас аймақтарындағы тұтынушыларға кеңінен таныс. Кәсіпорынды Любовь Ивановна Дружинина басқарады. Зауыт 200-ден астам аталыммен өнім шығарады, тәулігіне 400 тонна сүт өңделеді. 2013 жылы кәсіпорын «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесінде «Үздік азық-түлік тауары» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығы кешені мемлекеттік инспекциясы комитетінің төрайымы Ажар Қажыбекова аграрлық сектордағы әйелдердің шекаралық ынтымақтастықтағы болашағы туралы айтып өтті. Ауыл әйелдерінің шағын және орта бизнесте орнын табуына мемлекеттің «Бизнестің жол картасы-2020», «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы», сондай-ақ халықаралық қаржы институттары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының түрлі бағдарламаларының ықпалы зор болды.
– Ауыл әйелдерінің шағын кредиттеу жобаларына ерекше назар аударылады. Үкімет пен Еуропа Қайта Құру және даму банкінің арасындағы келісім аясында «Бизнестегі әйел» бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама бойынша 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарына 17 миллиард теңгедей заем берілді. Бұл Орталық Азиядағы әйелдер басқаратын және кемінде 50 пайызы қыз-келіншектер еңбек ететін кәсіпорындарды қолдауға бағытталған жалғыз бағдарлама, – деді Ажар Елемесқызы.
Форум аясында жайылған көрме өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытып отырған қыз-келіншектер жұмысының нағыз дәлелі іспетті еді. Мұнда көшін әлдеқашан түзеп алған белгілі кәсіпорындарды былай қойғанда, жақын жылдары бастаған кәсібі өрге басқан кәсіпкер әйелдер еңбегі риза етеді. Айгүл Балғабаева үйде жұмыссыз отырып қалған болатын. Содан «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры туралы естіп, одан 1,5 миллион теңге грант алып, ателье ашты. Осыдан бес жыл бұрын екі тігіншімен бастап еді, қазір олардың саны сегізге жетті.
– Жұмыссыз отырып қалмаймыз, ел іші емес пе? Той бар, қыз ұзату бар, солардың барлығына киім, жасау тігеміз. Оның сыртында тендерлерге қатысамыз, олардан да ұтып жүрміз. Қарманған адамның қармағына олжа ілінбей қалмайды. Ең бастысы, мемлекет тарапынан қолдау-көмек бар ғой, соны дұрыс пайдалану керек. Ал мұндай басқосулар кәсіпкерлер үшін керек-ақ, қаншама ақпарат естиміз, өзгеден үйренеміз,– дейді А.Балғабаева.
Форумда Ресей жағынан келген мейман, Ресей әйелдер одағы төрайымының орынбасары Надежда Ремнева, Челябі облыстық әйелдер одағы ұйымының төрайымы Наталья Баскова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрайымы Майнұр Мұрзамедиева және басқалар экономиканың түрлі саласындағы кәсіпкерлікті дамытудағы әйелдердің орны туралы айтып өтті. Алқалы басқосуға қатысушылар өңір интеграциясы жағдайында әйел-кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер және шекаралық аумақтарда орналасқан ауылдарда әйелдер үшін кәсіпкерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде екі секцияға бөлініп, ортақ мәселедегі ой-пікірлерін ортаға салды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ