Футбол • 19 Маусым, 2018

ӘЧ: Скандинавиялық бекініс

224 реткөрсетілді

Швецияның әлем чемпионатына шыққанының өзі шытырман оқи­ғалармен өрілді. Ресейдегі әлем чемпионатында осы жолды жал­ғастырып, соңына дейін кү­рес­се, скандинавтар қамал алуы мүм­кін. Бапкері де, ойыншылары да бір белесті бағындырмай қай­т­па­спыз деп білек сыбанып отыр. 

Іріктеу басталған тұста Швецияны ешкім соншалықты бір қарсылас көріп, фавориттер қатарына қосқан жоқ. Оның бас­ты себебі, құрамадан Златан Ибраһимович кетіп қалды. Атақты ша­бу­ыл­­шы Еуро додасынан кейін құра­ма­да ойнамаймын деп, өз еркімен бас тартты. Талай тығырықтан алып шық­қан алыптың шаршағандығы рас. Алай­да оның орнын басатын елде шабу­ылшы жоқтың қасы. Оның үстіне Златан «Манчестер Юнайтед» сапына ауы­сып, Еуропа лигасының ойынында жа­рақат алып қалды. Ал Швеция «бары­мен базар» деп іске кірісті. Негізгі қарсылас – Франция мен Нидерланды құрамалары болатын. Мамандар осы екі ұжым бірін­ші орынға таласып, жеңілгені өт­пе­лі ойын­ға кетер деді. іріктеу соңы­на қарай жағдай күрт өзгерді. Расымен де Франция ешқандай мәселесіз өз мақсатына жетті. Бірақ соңғы турларда ол Нидерландыны өз алаңында 4:0 есебімен тас-талқан етті де, Дик Адвокат командасын тағдыр талайына тастады. 

Қалған үш ойында екінші орынға жар­масудың амалын қарастырған Ни­дерланды құрамасы Швецияның сүрінуін күтті. Себебі екі команданың ұпайы бірдей болғанымен, доп айырмасы скандинавтардың пайдасына болатын. Іріктеу аяқталуға бір тур қал­ғанда Швеция Люксембург қақ­пасына 8 гол соғып, екінші орынға нық сеніммен шықты. Соңғы турда Нидер­ланды Швецияны 2:0 жеңгенімен, екін­ші орынға көтеріле алмады. Ал скандинавиялықтардың басты мақсаты 7:0 болып жеңілмеу еді. 

Екінші орын алғаннан соң Швецияны тағы бір ауыр сын күтіп тұрды. Екі ойын­­нан тұратын өтпелі матч. Яғни қос кездесудің қорытындысы бойынша Ита­лия­ны жеңіп шығу. Алғашқы ойын­да Швеция ерлік жасап қарсыласты 1:0 жеңді. Якоб Юханссонның соққысы жол-жөнекей қарсылас қорғаушысына тиіп, бағытын өзгертті. Буффон бұл допты тоса алмады. Жауапты ойын Ита­лияда өтіп, қонақтар қорғанысқа мықтап орнықты. «Скуадра Адзурра» жанкүйерлері жерлестеріне сен­ге­німен, ойында бірде-бір гол соғылған жоқ. Швеция қор­ға­ны­сы­ның өте мықты екенін дә­лел­деп, мун­диальға жолдама алды. 

Міне, мамандар қорғанысын мақтап жүрген Швецияның осындай қыры бар. Ол аз десеңіз, соңғы екі жолдастық кездесуі қалай аяқталғанын да естеріңізге сала отырайық. 2 маусым күні Швеция көршілес Даниямен 0:0 тең түсті, сосын дәл осындай нәтижемен 9 маусым күні Перу құрамасымен де тең тарқасты. 

Әлем чемпионатының алдында Зла­тан Ибраһимович АҚШ-тың «ЛА Гэлак­­си» командасына ауысып, жақсы өнер көр­сете бастады. Жарақатынан айық­­қа­нын байқатып, әдемі голдар соқты. Кей­ін бір сұхбатында «Егер бапкер ша­қыр­са, мен ұлттық құрама сапына қай­та барамын. Швеция үшін көмегімді ая­май­мын», деді. Бірақ Янне Андерсон Златанды құрамаға шақырмады. Себебі адуынды шабуылшы құрамаға келсе, өзге жігіттер өздерін кемшін сезініп, бүкіл назар Ибраға ауады деп ойлады. Дегенмен Ибраһимович Ресейге арнайы шақыртумен келіп, Ресейге жанкүйер боламын деді. Ал Швеция ойыншылары өздерін психологиялық тұрғыда жақсы сезініп, Мексика, Германия, Оңтүстік Кореяның арасынан плей-оффқа жолдама алуға тырысады. 

Швеция құрамасының тізімі:

қақпашы: Робин Ольсен («Копен­га­ген», Дания), Карл Йохан Йонссон («Генгам», Франция), Кристоффер Нордфельдт («Суонси», Уэльс);

қорғаушылар: Микаэль Лустиг («Селтик», Шотландия), Виктор Линделеф («Манчестер Юнайтед», Англия), Андреас Гранквист («Крас­но­дар», Ресей), Людвиг Аугустинссон («Вердер», Германия), Эмиль Крафт, Филип Хеландер (екеуі де – «Болонья», Италия), Понтус Янссон («Лидс», Англия), Мартин Ольссон («Суонси», Уэльс);

жартылай қорғаушылар: Эмиль Форсберг («Лейпциг», Германия), Виктор Классон («Краснодар», Ресей), Албин Экдаль («Гамбург», Германия), Себастьян Ларссон («Халл», Англия), Джимми Дурмаз («Тулуза», Франция), Маркус Роден («Кротоне», Италия), Оскар Хильемарк («Дженоа», Италия), Густав Свенссонн («Сиэтл», АҚШ);

шабуылшылар: Ола Тойвонен («Тулуза», Франция), Маркус Берг («Әл-Айн», БАӘ), Йон Гвидетти («Алавес», Испания), Исаак Кисе Телин («Васланд-Беверен», Бельгия).

Бас бапкер: Янне Андерссон – 55 жас­та (20.09.62)

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Арыста 7073 үй қалпына келтірілді

Аймақтар • Бүгін, 17:15

Ұқсас жаңалықтар