![141211-35](http://old.egemen.kz/2011img/141211-35.jpg)
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Бүкіләлемдік экономикалық форумның Каспий өңірінен көмірсутегі шикізатын өндіру мен тасымалдау мәселелері жөніндегі арнайы сессияда сөйлеген сөзінен.
Давос қаласы, 1998 жылғы 30 қаңтар. Каспийдің қазір қолданылып жүрген құқықтық режімі 1921 және 1940 жылдардағы кеңес-иран келісімімен қалыптасқан. Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі келіссөздер бес Каспий жағалауы мемлекеттерінің теңіздегі ынтымақтастық мәселелерін реттеу мақсатында 1992 жылы басталған еді. Әзербайжан, Қазақстан және Түркіменстан Каспийді орташа желі бойынша бөлген жөн деп санаса, Иран барлық Каспий жағалауы елдері арасында беске тең бөлуді ұсынады. 1996 жылдың қарашасында Ашғабад қаласында өткен Жағалау елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий жағалауы мемлекеттері (КЖМ) сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жасау жөнінде Арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Аталған институттың мәжілістері тұрақты түрде әрбір Каспий жағалауы мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен өткізіліп келеді. Бүгінге дейін КЖМ-нің 29 мәжілісі өткізілді (соңғы кездесу 2011 жылдың 19-20 шілдесінде Мәскеуде өтті). Кезекті мәжілісті үстіміздегі жылдың соңына дейін Астанада өткізу жоспарланған. Каспий жағалауы мемлекеттері президенттерінің үш саммиті (2002 жылдың 23-24 сәуірі, 2007 жылдың 16 қазаны және 2010 жылдың 18 қарашасы) мен сыртқы істер министрлерінің үш кеңесі (1996 жылдың 11-12 қарашасы, 2004 жылдың 6 сәуірі және 2007 жылдың 20 маусымы) ұйымдастырылды. 3-ші Каспий саммиті шеңберінде Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, бес мемлекет президенттерінің бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім рамалық құжат болып табыла отырып, жағалаудағы мемлекеттердің Каспийдегі қауіпсіздікті және құқыққа қарсы қызметпен күресті қамтамасыз ету үшін өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалады. Қазіргі кезде Каспийдің келіссөз үдерістерінің негізгі міндеті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының ережелеріндегі келісілмеген тұстар бойынша тараптардың ұстанымдарын барынша жақындату және 3-ші Каспий саммиті қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру болып табылады.