Еңбек жолым Целиноградта басталды
– Өмірбаяныңызға қарап отырып, өмір жолыңызда бұрынғы Целиноград, Ақмола, бүгінгі Астана маңызды орын алғанын байқадық. Қаламен қатар өрбіген жолыңыз қалай басталып еді?
– Менің еңбек жолым, өмір жолым темір жол саласымен тығыз байланысты. Ал өзім ұзақ жылдар жұмыс істеген Тың темір жолының кіндігі қазіргі Астана – бұрынғы Ақмола, Целиноград қаласында болды. Сәл әріден бастайтын болсам, 1964 жылы институтты тәмамдап, теміржолды автоматтандыру, телемеханика және байланыс мамандығын иеленіп шықтым. Ол кезде темір жол мамандарына сұраныс өте жоғары болатын. Біздің қайда жұмыс істеуге баратынымызды Алматыдағы Жол басқармасы шешетін. Соңғы курста оқып жүргенде диплом алдындағы тәжірибеден өту үшін Целиноград сигнализация және байланыс дистанциясына келіп, үш ай жұмыс істедім, диплом жаздым. Студент екеніме қарамастан, мені сол мекемеге жұмысқа алды. Ол кезде студент үшін тұрақты еңбекақы алудың өзі бір керемет еді.
Мен жас кезімнен бастап өзіме қандай жұмыс тапсырылса, соны бұлжытпай орындауға тырыстым. Осы қасиетімнің арқасында ұжымға ұнадым, ұжым да маған ұнады. Диплом алғаннан кейін Целиноград сигнализация және байланыс дистанциясы арнайы сұраныс жіберіп, өздеріне жұмысқа шақырып алды. Болашақ елордамен байланысым осылай басталған-ды.
Бірақ арада үш ай өтпей жатып әскери борышымды өтеуге алып кетті. Бұрынғы әріптестерім «Әскерден кейін бізге кел» деп хат жазып тұрды. Ол кезде шешем Қостанай облысы Семиозер ауданында тұратын, әкем ерте қайтыс болған. Әскерден кейін анамның өтінішімен ата-бабамыздың мекендеген жері деп Қостанайға қайтып барып едім, ол жақта онша жылы қабылдамады. Сөйтіп Целиноградқа оралдым.
Бес ай қатардағы инженер болып істегеннен кейін сол дистанцияның бас инженері қызметіне тағайындалдым. Бір жарым жылдан кейін Целиноград темір жолының бөлім бастығы етіп жоғарылатты. Жақсы технолог ретінде көріндім, қаладан пәтер алдым. Еңбегім бағаланып, Алматыға жұмысқа шақырылдым. Екі рет бас тартсам да, үшінші рет Алматы темір жолының бас инженерінің орынбасары қызметіне келісім беруіме тура келді, бірнеше жыл Алматыда жұмыс істедім.
1977 жылы Қазақстан темір жолы үлкен-үлкен үш құрылымға бөлініп, Тың темір жолы құрылатын болды. Мен сол тұста өзім жұмыс бастаған, бұрыннан жақсы білетін өлкеге қайтып келіп, Тың темір жолының бас инженері қызметіне кірістім. Кеңес үкіметінде 31 темір жол бөлімі болса, 31-ге жаңа толған мен сол бөлімдерінің бас инженерлерінің ішіндегі ең жасы едім.
«Әуел бастан әлеуеті зор қала»
– Жалпы бұрынғы Ақмолада халық саны аз, қаланың аумағы шағын болғанына қарамастан, осы өлкедегі алатын орны зор шаһар болғаны байқалады. Бұл немен байланысты?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, бұл қала әуел бастан тоғыз жолдың торабында орналасқан. Географиялық жағынан алғанда Қарағанды мен Жезқазған да орталықта қоныс тепкен. Бірақ көлік-коммуникациялық, логистикалық жағынан Ақмоланың орны қашанда бөлек. Қала сонау отызыншы жылдардың өзінде аймақтағы басты орталық саналды. Географиялық орналасу орнының тиімділігіне қоса, инфрақұрылым салынғаннан кейін маңызы арта берді. Қырқыншы жылдары Қарағанды магистралі Омбы темір жолының құрамынан бөлінгенде Ақмола орталығы ретінде таңдалды. Елуінші жылдардағы Тың игеру науқанында одан сайын күшейді. Көлік түрлерінің ішіндегі ең маңыздысы – темір жол қатынасының қуаты артқан сайын қаланың экономикасы, халқының әлеуметтік жағдайы да жақсара берді. Ақмола – пойызбен де, автокөлікпен де, авиациямен де жетуге болатын шаһар еді. Қаланың елорда ретінде таңдалуына ықпал еткен басты факторлардың бірі де осы.
– Темір жол саласында басшылық қызмет атқара жүріп, қаланың көркеюіне қаншалықты үлес қоса алдыңыз?
– Тың темір жолы еліміздің солтүстік және орталық аймағындағы 8 облысты біріктіретін аса үлкен ұжым болды. Сол жылдары «Целинтрансстрой» тресі Жеңіс даңғылындағы қызметтік ғимараттарды салды. Теміржолшыларға арналған жаңа аурухана пайдалануға берілді. Бес жылдың ішінде Екібастұз, Бурабай стансаларында жаңа вокзалдар бой көтерді, Арқалық пен Есілдегі ескі вокзалдар кеңейтілді. Оң жағалаудағы вокзалдың зәулім биік жаңа корпусы да сол жылы салынды. 1986 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Қаратай Тұрысовқа Целиноград вокзалының жаңа корпусын көрсеткенімде, ол кісі: «Вокзалды Алматыдағыдан да биік етіп салыпсың, таяқ жеп қаламын деп қорықпайсың ба?» деп әзілдегені бар. Мен де қалжыңдап: «Кім біледі, астана бізге келіп жатса, дайын болайық дегенім ғой» деп жауап бердім.
Жалпы, Тың темір жолы бір ғана Целиноград қаласының өзінде отыздан астам ірі құрылыс нысандарын салды. Олардың ішінде темір жол ауруханасының хирургиялық корпусы, 200 орындық туберкулез диспансері, жүздеген адамға арналған емхана, стансаларды сумен жабдықтайтын шеберханалар, тағы басқалары бар. Жалпы аумағы 28 мың шаршы метрге тең баспана берілді. Қарап отырсам, жыл сайын 840-қа жуық пәтер беріліп отырған екен. Мұның бәрін не үшін айтып отыр дерсіз. Оның себебі, бүгінгі елордамыздың негізгі іргетасы сол жылдары қалыптасты. Темір жол қаланың инфрақұрылымына негіз қалады. Төңіректің барлығымен байланыс күшейді. Бұл жұмыстың бәрін тек өзімнің есіміммен байланыстырудан аулақпын, мен осы қыруар істің басы-қасында жүріп, өз көзіммен көргендерімді айтып отырмын.
Тың темір жолы ең дамыған, жетекші жолдардың бірі болды. Бес жыл тапжылмай еңбек еткеннен кейін әрі қарай білімімді жетілдіру керектігін түсініп, Мәскеудегі Министрлер кеңесінің жанындағы Халық шаруашылығы академиясына оқуға түстім. 2 жылдай оқып, кандидаттық диссертация қорғап, бітіргеннен кейін өзім сұранып Целиноградқа қайта оралдым, үлкен Тың темір жолын басқардым. Қарап отырсам, осы өлкеге бірнеше рет өзім ниеттеніп қайтып келіп отырған екенмін. Сөйтіп алғашында қарапайым инженер болып бастаған Тың темір жолында 150 мың адамнан артық адамға басшылық жасайтын дәрежеге дейін жетіппін.
Целиноград менің туған жерім сияқты болып кетті. Осы жерде еңбек жолымның басым бөлігі, саналы ғұмырым осында өтті. Өзім Қазақстандағы жұмысымды одан әрі жалғастырғым келген. Бірақ сол кездегі КСРО Жол қатынастары министрі Николай Конаревтің шақыруымен министрдің орынбасары қызметіне тағайындалып, Мәскеуге кетуіме тура келді.
– Білуімізше, сол тұста мұндай жоғары лауазымға тағайындалған қазақтар некен-саяқ еді ғой?
– Дұрыс айтасыз. Жалпы, кеңес кезінде кадрларды іріктеу өте қатал, бірақ біршама әділ болатын. Жоғары лауазымды қызметтерді атқару үшін кадрлардың төменгі сатылардың бәрінен өтуіне ерекше назар аударылатын. Бұл жүйенің бір кемшілігі, Қазақстан және басқа да Орталық Азияның жергілікті кадрларына қатысты көзқарас аса жақсы болған жоқ. Ең алғаш Совнарком төрағасының орынбасары болған адам – көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов болды. Аз уақыт КСРО Энергетика министрінің орынбасары қызметін Ибрагим Тәжиев те атқарған. Бұл екі азаматтан кейін арада қырық жыл өткен соң КСРО Жол қатынастары министрінің орынбасары қызметіне мен тағайындалдым.
– Мәскеуден елге ертерек қайтуыңызға не себеп болды?
– Мәскеуде жақсы жұмыс істедім, Орталық комитет пен үкіметте бір кісідей беделім болды. Сексенінші жылдары одақтағы экономикалық қиындықтар, оны түбегейлі шешуге деген талпыныстардың әлсіздігі бірден сезіліп тұрды. Бұл темір жол саласына да қатысты. Локомотивтер, шпал, рельс сияқты ең басты қажеттіліктердің жетпеуі, бұрынғы техникалардың тозуы сияқты мәселелерді шешуге орталық органдардың онша құлықты емес екені көрініп тұратын. Қайта құрудан нәтиже шықпайтынына сол жақта жүріп көзім жетті. Жағдай қиындамаса, жақсармайтыны, алда қиын жылдар келе жатқаны белгілі еді. Сөйтіп «Есің барда еліңді тап» дегендей, мен Қазақстанға қайту туралы ойлана бастадым. Қандай қиын жағдай болса да өз еліңде, өз үйіңде, халқыңның ортасында болған артық деп шештім. Көп ұзамай Алматы Темір жолының бастығы болып ауыстым.
– Астананы Ақмолаға көшіру мәселесі қозғалған тұста сіз Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрдіңіз. Артынша елорданы көшке дайындайтын үкіметтік комиссияға төрағалық жасадыңыз. Бұл ұлан-ғайыр жұмыс қалай жүргізілді?
– Астананы ауыстыру мәселесі қозғалғанда бірнеше қаланың кандидатурасы ұсынылғаны белгілі. Ақмола, Көкшетау, Қарағанды қалаларының аты аталғанда мен өзім жақсы білетін Ақмоланы бірден қолдадым. Қаланың әр ғимаратын, әр бұрышын, төңірегін түгел білетін, өлкедегі ахуалдан жан-жақты хабардар адам ретінде комиссияның төрағалығы маған жүктелді.
Жаңадан құрылған комиссия Ақмолаға бірнеше рет келіп, жоспар құрдық. Орталық ведомстволар орналасатын ғимараттарды ұсындық. Темір жолға тиесілі біраз ғимараттарды министрліктерге беретін болдық. Қазіргі Абай – бұрынғы Ленин көшесіндегі Тың темір жолы басқармасының ғимаратына Көлік және коммуникация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі орналасты. Облыс әкімдігінің ғимаратына Үкімет көшіп келді. Желтоқсан мен Кенесарының қиылысындағы темір жол техникумы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Кенесары көшесіндегі темір жолдың интернаты Республикалық Ұланның штабына берілді.
– Жаңа елорда тез қанат жайып, үлкен шаһарға айналатынын сол кезде білдіңіз бе?
– Бірден айтайын, астананың құрылысы соншалықты қарқынды жүргізіледі деп ойлаған жоқпын, оны елестетудің өзі мүмкін еместей еді. Біз жұмыстардың барлығы біртіндеп жүргізіледі деп ойладық. Экономикалық жағдай өте қиын болды, басқа шығындарды айтпағанда халықтың еңбекақысын уақтылы төлеп отырудың өзі қиынға түсті. Бір жерде жарық жоқ, енді бір жерде су жоқ, газ жоқ... Жағдай шынында да күрделі болатын. Апта сайын селекторлық жиын өткізіп, күн сайын талдау жасап, проблемаларды нарық жағдайында қалай шешу керектігін үйрендік. Осының бәрін көзімізбен көріп отырып елорданы бірден салынады деп кім ойлаған?! Елорданың соншалықты жылдам қарқынмен салынғаны, аз уақыт ішінде гүлденген қалаға айналғаны, ең бірінші кезекте Президенттің ерік-жігерінің арқасы деп санаймын.
Вокзал – қаланың жаны
– Астанаға екінші вокзал керек екендігін ең алғаш баспасөз бетінде айтқандардың бірі едіңіз. Былтыр ашылған «Нұрлы жол» вокзалын көрдіңіз бе?
– Вокзал деген тәуліктің 24 сағатында тіршілік толастамайтын, өмір қайнап жататын жер. Қаланың жаны деуге болады. Жолаушылар да, машиналар да, қоғамдық көліктер де вокзалға, вокзалдың маңына жиналады. Үлкен қалаға бір вокзал аздық етеді, мегаполистерде 2-3 вокзалға дейін болады. Астанаға да жаңа вокзал керек екендігін айтуыма осы себеп болды.
Мен баспасөзде осы вокзал мәселесін шешудің бірнеше жолы бар екенін айттым. Біріншісі – ескі вокзалды үлкейту, екіншісі – 40-шы стансадан салу. Үшінші нұсқам мүлде басқа жерден жаңа вокзал салу болды. Ескі вокзалды үлкейткеннен мәселе шешілмейтіні түсінікті болды. Ал жаңадан салынған «Нұрлы жол» вокзалы болашақта халық санының артуына да, жолаушыларға ыңғайлы болуы жағынан да, темір жол қатынастарына, машина мен қоғамдық көліктер қатынасына да ыңғайлы етіп салынған. Болашақта елорданың халқы 1,5-2 миллионға жетсе де, жаңа вокзал олардың бәрін қабылдауға дайын.
– Қазіргі елорданың сәулетіне қатысты қандай көзқарастасыз? Басқаша жасағанда бұдан да жақсы болар еді дейтін жері бар ма?
– Астана көз алдымызда салынды, аз ғана жылдардың ішінде көркейді. Бұрын сайын дала болып жатқан сол жағалау адам танымастай өзгеріп, үлкен қалаға айналды. Мұның барлығы үлкен еңбекті, қажыр-қайратты қажет етеді. Мен ендігі уақытта қаланың тек жаңадан салынған бөлігіне ғана емес, оң жағалаудағы аудандарына да назар аударылса деймін. Астанада үш қаланың сәулет нышаны бар. Есілдің сол жағалауы – жаңа Астана болса, оң жағалаудағы бұрынғы базардың маңайында, вокзал жақтағы аудандарда Ақмола мен Целиноградтың белгілері сақталған. Енді сол бұрынғы аудандар да жаңарғанын, жасарғанын қалаймын. Ескі қаланы ұмытып кетпей, қаланың жаңа бөлігімен бірге дамыту керек.
Астанада дамыған инфрақұрылым да, су да, табиғат та, тарих та бар. Елорда болу үшін қалаға керек деген басты құндылықтардың бәрі осы жерден табылады. Біраз уақыт Алматыда тұрсам да, Астана мен үшін ерекше ыстық. Тау-тасты жерден гөрі дала жаныма жақын, қайда жүрсек те Арқаның даласы тартып тұрады. Еңбек жолымның, өмір жолымның ең ұзақ та қызықты сәттері осы қалада өтті. Целиноград кезінен бастап маған бұл жердің әр бұрышы ыстық.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»