Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Бас қала сәулетіне үлес

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлтымызда «Бір кісі қаз­ған құдықтан мың кісі су ішеді» деген сөз бар. Ал сәу­летші жобалаған шәр­лер­де жүздеген мың адамдар тұрады.

Бас қала сәулетіне үлес

Бұл шебердің қолы ортақ екенін ертеден ескерген елдің тілегі кімнің үстінде екенін көр­сетсе керек. Өмірдің өзі зерделей қараған жанға үздік үй­лесім үлгісі іспетті. Соның бірі әсем де әйдік ғимараттар тұр­­ғызу. Әрине, сылағанның бәрі сы­­ланып шыға келмейді. Көркем көзқарас, терең таным, жүй­рік ой осындайда керек. Сәу­лет­ші Төленді Жаман­көзов те 20 жыл бұрын елорда Ар­қа төсі­не көшкенде ел аста­на­сын көркей­туге ерекше құлшы­нып кі­­ріс­­кендер қатарынан болатын.

Сәулетші сәби шағында қарын­даш сындырып ойнамаса да қолына іліккен дүниемен сурет салғанды жаны сүйіпті. Ойын баласының өнерге икемі барын әке де байқайды. Бұл соғыстан кейінгі қиын жылдар еді. Жоқшылық қысып тұр­ған, қыл аяғы бала­лар­дың қалам-қағазы да жетіс­пейді. Бірде бала Төлен­дінің оттың күлімен сурет салып отыр­ғанын көрген ауыл ақсақал­дары Төлеубекке «Ұлың­ның сурет салуға құш­тар­лы­ғы ерекше екен, осы бастан өнерге баулы» деп ақыл қоса­ды. Төлендінің туған топы­рақ­тан тамыр тартқан таным қай­нары осылай басталып еді...

Алматыда поли­тех­никалық институтты «Сәу­летші» мамандығы бойынша бітірген оның қатар оқыған достарының қатарында әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрамында болған өнерлі жігіттер де жүрді. Сол жылдары бұлбұл дауысты Роза Бағланованың қолынан дәм татып, батасын алғаны да ерекше бір есте қаларлық сәттер болатын. Еңбек жолын Қарағанды қаласынан баста­ған ол жергілікті тұңғыш кәсіби сәулетшілердің бірі бол­ды. «Карагандагорсельпроект» мем­­лекеттік жобалау институтында ауқымды жобаларға қатысқан Төленді 1989-1990 жылдары Чернобыль атом электр стансасында құрылыс­шы-инженер болып еңбек етті. 

1998 жылы елордаға келген сәулетшілер қатарында Арқа төсіндегі жаңа Астананың зеңгір аспанға қол созған ғимараттарының күн­дей күлімдеп, көркейе сап түзеуіне бір кісідей үлес қосты. 2000 жылы «ORTA» жоба-құрылыс компаниясының бас сәулетшісі, «Ақтөбемұнайгаз» ААҚ, «Дубай СтройХолдинг» ЖШБ, «ТОRE-CHINGIZIT LTD» компанияларының бас сәулетшісі, жобалардың бас инженері болып еңбек етті. Күн санап арайланған Астана көңілін де өсірді, шалқар шабыт сыйлады. Еліміздің құр­метті сәулетшісі, КСРО және Қазақстан Сәулет­шілер одағының мүшесі Т.Жаман­көзов «Астананың 10 жыл­дығы» медалімен марапатталды. Зайыбы Зоя Дүйсе­бай­қызымен бірге өсірген қыз­дары Арилана Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің оқытушысы болса, Ләззат білікті құры­лысшы, немересі Айнұр заңгер болып еңбек етуде. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Төленді Төлеу­бек­ұлы сәулетшіліктің сыны ғимарат­тардың сапасы мен сәнінде екенін, ең бастысы ең­бектің ерлікке, ер­ліктің елдік­ке жеткізетінін айтады.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»