Білім • 20 Маусым, 2018

Астананың алғашқы мектебі

740 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады», деп ақын Мағжан айтқандай, еңселі елордамыз – Астана қаласымен бірге бой көтерген №38 мектеп-лицейі 1999 жылы 1 қыркүйекте Астана қаласындағы тұңғыш қазақ мектеп-лицейі болып ашылды. 

Астананың алғашқы мектебі

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мектеп-лицейдің ашылу салтанатына қатысып, шәкірттерге білім кілтін табыс етіп, ақ батасын берген еді. Елбасы жүктеген міндетті орындап келе жатқанымызға 20 жылдай уақыт өтіпті.

Президентіміз «Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Біз жылдан жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Біз жиырма жылдан асар уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қал­дырдық», деп айтқандай, мектеп тарихына келетін болсақ, ашыл­ғанына екі жыл болғанына қарамастан, 2001-2002 оқу жылында республика бойынша «Таң­даулы мектеп-2001» аталымын жеңіп алды. Одан кейін үш оқу жылында қатарынан «Үздік мектеп-2007, 2008, 2009» атанып, қала әкімінің грантына ие болды. Мектеп-лицейдің 50 пайыз ұстаздарына қосымша үстемақы қосылды. Мектебіміз 2011-2012 оқу жылының қорытындысы бойынша Астана қаласы мектептерінің арасынан «Көшбасшы мектеп» атағын иеленді. Мектеп-лицейдің жеткен белестерінің ішіндегі ең айтулысы – 2013 жылы Ұлыбри­тания елінің астанасында өткен халықаралық ВІD сапасы бойынша «Лондон-2013» конвенция­сында Алтын категория жүл­десінің Алтын тәжін иеленді. lQC жүлдесі №38 мектеп-ли­цейіне кемелдіктің бұлжымас сапасының беріктігі үшін берілді. Сол кездегі мектеп-лицейдің директоры Жамал Базарқұлқызы Қасымбек International Quality Crown жүлдесін Лондонда ВІD Президенті Хосе Прието мыр­заның ізгі құрметімен алды. Осы­­лайша, №38 мектеп-лицейі Ас­тана қаласының ғана емес, бүкіл рес­п­уб­лика көлеміндегі тірек мек­теп­тердің біріне айналды.

Педагогикалық ұжым алыс, жақын шетелдермен тәжірибе алмасып отырады. Бүгінде бірегей білім ордасы Мәскеу, Санкт-Петербург, Минск қалаларының білім ұйымдарымен кәсіби байланыста. Сондай-ақ жоғары оқу орындарымен сабақтастықты нығайту мақсатында Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен, Т.Рысқұлов атындағы экономика универсиетімен келісімшарт жасалса, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті­мен меморандум негізінде жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар мектеп-лицей төрінде қазақ­тың белгілі қоғам қайрат­кер­лері, өнер майталмандары, ақындар Мұхтар Шаханов, Ақселеу Сейдімбек, Қанипа Бітібаева, Сейіт Кенжеахметов, Фариза Оңғарсынова, Ораз­гүл Асанғазықызы, Серік Тұрғын­бекұлы және бүгінгі жас буыннан Қалқаман Сарин сияқты танымал шығармашылық иелерімен кездесулер ұйымдастырылған болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жыл сайын мектеп түлектері жоғары ұпайларды иеленіп келеді. Соның ішінде 2004-2005 оқу жылында Өмірзақ Манас 125 балл жинаған болатын. 

2015-2016 оқу жылының қорытындысы бойынша №38 мектеп-лицейі Астана қаласы бойынша үздік деп танылған 3 мектептің бірі болды. Сонымен қатар қалалық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында, әр түрлі байқаулар мен сайыстарда ал­дыңғы қатардан көрініп, биік белес­терді бағындырып келеді. 

Қазіргі таңда мектебімізде 105 мұғалім, оның ішінде жоға­ры санатты – 38, І санатты – 25, ІІ санатты – 19, бей санатты – 23 мұғалім қызмет атқарып келеді. Мұғалімдеріміздің 80 па­йызы жаңартылған білім маз­мұны бойынша білім алып, оқу­шыларға жаңа әдіс-тәсілдер жүйесімен сабақ беруде. Мек­тебімізде «Креатив» тобы №24, 32, 52 мектептермен желі қоғамдастық арасында жыл бойы байланыс жасап, түрлі семинар, тренинг, мастер класс, десанттық сабақтар өткізуде. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі жан-жақты білімімен, ұстаздық шеберлігімен, оқытудың жаңа тәсілдерін меңгеруімен өлше­неді. Білім беру үрдісінде білім сапасы басты көрсеткіш десек, сол білім сапасын арттыру мақ­сатында қолданылатын түр­лі әдіс-тәсілдерді мұғалімдер қолдануда. «Lesson Study» зерттеу сабақтарында жүйелі орынға қойып, оқушыларды сындар­лы ойлату, өздігінен іздену мен ақ­па­ратты тереңінен талдай білу машығын игертіп отыр. 2016-2018 оқу жылдары арасында шәкірттеріміз білім, өнер, спорт салаларында да жеңіс тұғырынан көтеріліп, мектеп абыройын асқақтатып келеді. Атап айтар болсақ, 300-ге жуық оқушы қалалық ғылыми жоба жарысының жеңімпазы атанса, 180 оқушы республикалық ғылыми жоба сайысының жүлдегерлері ретінде марапатталды. Халықаралық көлемдегі сайыстарда 100-ден астам оқушы биік шыңдарды бағындырды. Биыл 2-сынып оқушысы Ниара Темиртаева Париж сахнасында вокал жанры бойынша ән айтып, бас жүлдені иеленіп келгені де біз үшін үлкен мақтаныш.

Ал мұғалімдеріміздің ішінде Ы.Алтынсарин медалінің иегер­лері, Білім беру ісінің құр­мет­ті қызметкерлері, Білім және ғылым министрлігінің Құр­мет гра­мо­тасының иегерлері және бірн­е­ше оқулық авторлары еңбек етуде.

Елбасымыз «Инновациялық технологиялардың жетістіктері – қазіргі қоғамның сұранысына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде негіз болу керек» деген сөзіне орай, мектеп-лицейде жаңа білім мазмұны бойынша біліктілікті арттыру және жаратылыстану бағыты бойынша ағылшын тілінде сабақ беру курстарынан өткен мұғалімдер заман ағымына сай білім сапасын одан әрі арттыру жолында еңбек етуде. 

Астана қаласының 20 жылдығына №38 мектеп-лицейі де игілікті істерімен өз үлесін қосып, білім беру саласында өзінің салмақты орны бар білім ордасы ретінде толағай табыстарға жете беруге дайын.

Кәмила КӘРІМБЕРДІҚЫЗЫ,

Астана қаласындағы №38 мектеп-лицейінің директоры