Медицина • 20 Маусым, 2018

Көзқарас: ҰБТ – ұрпақ білімін тексерудің ұтымды жолы

592 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Білім XXI ғасырда адам капиталының басты құндылығына айналып отыр. Президент рухани жаңғыруымыздың ең негізгі тетігі «Білімнің салтанат құруы, аса білімдар адамдар ғана, білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жете алады» деген болатын. 

Көзқарас: ҰБТ – ұрпақ білімін тексерудің ұтымды жолы

Өткен бір жылда рухани­ жаңғыруымызға қатысты көп­теген мәдени шаралар өтті, ғы­лыми жобалар жүзеге асырыл­ды, ағарту саласында жаңа мек­тептер, спорт алаңдары, кітап­ханалар, музейлер ашылып, пай­далануға берілді. Адамзаттың ин­теллектуалдық дамуындағы үз­дік шығармалары – 100 оқулық қа­зақшаға аударыла бастады. Бұл жұмыстар алда да жалғасады. 

Рухани жаңғыруымыздың бас­ты факторы сапалы білімнің ір­гетасы мектепте қаланады. Со­ған қарамастан, жаңа типті ин­новациялық мектептерді, соның ішінде әлемдік дәрежеде са­палы білім беріп жүрген ма­мандандырылған дарынды балалар мектебін одан әрі қолдау, дамытуға қатысты жобалар бүгін­ге дейін нақты жүзеге асы­рылмай келеді. Айталық Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды балалар мектебі білім сапасына қойылған бүгінгі талап дең­гейіне көтеріліп, ондаған жыл­дар бойы республикада жо­ғары көрсеткішке жеткен оқу орны болатын. Бұл «Болашақ» бағдарламасы бойынша жүзден астам дарынды жастың әлемнің озық университеттерінде білім алуын қамтамасыз етті.

Бірақ осы дарынды балалар мек­тебінің өзі бүгінгі таңда «бі­лімді бәрінен биік қоятын ұлт­қа айналу» кезеңінде білім ке­ңістігінен орнын таба алмай тұр. Тіпті мәртебесі орта ар­наулы техникалық білім беретін оқу орнына дейін төмен­деп, IТ лицей-интернатына айнал­мақ­шы. 

Біздіңше бұл жерде Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы ұлтымыздың ең бас­ты интеллектуалдық байлығы – дарынды жастарға көмекке келу­де дәрменсіздік көрсетіп отыр. 

Жалпы білім беруде соңғы жыл­дардағы ең үлкен жетістігіміз – ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) моделінің жүзеге асырылуы болатын. Бұл біріншіден, білім берудің күнделікті сапалық деңгейін, білім стандартының орындалу барысын жүйелі көріп отыруға мүмкіндік беретін бірыңғай педа­гогикалық мониторинг болса, екіншіден, оқушының он бір жыл алған білімін, мем­лекеттік стандарттың орындау деңгейін нақты анықтайтын таразы. Демек мектептеріміздің мемлекеттік білім стандартын қалай орындап отырғанын қатаң қадағалап, білім сапасының деңгейін нақты көріп отыруға толық мүмкіндік туды. 

Әлемдегі ең үздік мектептер өз жұмысының нәтижесін үне­мі бақылап, бағалап отыру ар­қылы ғана сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде бізде көптеген жаңа типті мектептер өз жұмысының нәтижесін тұрақты бақылап, сол арқылы жоғары сапалы білім беріп отыр. Бірақ осыған қарамастан ҰБТ-ның мәнін төмендету, тіпті жоққа шығару бағытындағы әңгіме әлі де айтылып қалады. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу жо­­басына сын айтушылардың кей­бірі өткен оқу жылы жүзеге асы­рылған, мектеп бітірген түлек­тердің екі форматта мем­лекеттік емтихан тапсыруын дұрыс кө­ретінін айтады. Бұл тәсіл «оқу­шының бар мүмкіндігін то­лық көрсетуге ыңғайлы» көрі­неді. 

Ең алдымен айтарымыз, тү­лек­тердің екі форматта мемле­кет­­тік аттестаттан өтуі біздің мек­­­теп­тер үшін жаңалық емес. ҰБТ қолданысқа енгенге дейін оқу­­шылар бітіру емтиханын мектепте, қабылдау емтиханын оқу орнының өзінде тапсырып келді. Мұндай жүйе өзін ақтамады. Оның тиімсіз, субъективті жағы басым болғандығын жұртшылық әлі ұмыта қойған жоқ. Сондықтан мектептің, мұғалімдердің өз еңбегінің нәтижесін өздері баға­лауынан толық бас тартып, еуро­палық тестілік бағалау моде­ліне көшкен болатынбыз.

Өткен жылы баяғы кемші­ліктер қайталанды. Мектептің емтиханды өзі алуы, мұғалімдердің өз еңбегін өздері бағалауы оқушы білімін жасанды көтеріп бағалау деңгейін мүлде өсіріп жіберді. 

Тестілік сынақ Еуропа елде­рінде бұдан бірнеше ғасыр бұрын енгізілген, білімді бағалаудың объективті әдістерінің бірі. Оның басты артықшылығы – білім беруші мекемеге тәуелсіз ба­қы­лау жүйесі, субъективті ық­пал болмауы, бақылауға адам­дық фактордың қатыспауы, мем­лекеттік стандарт талабына сәйкес жалпыға бірдей білімді бағалау шкаласының қол­данылуы, әр оқушының білімі мен біліктілік деңгейін ай­қындап, оларға уақтылы талап қою арқылы сапалы білім беруге қолайлы жағдайдың жасалуы. 

Мемлекеттік тест сынағы тұң­ғыш рет жалпы білім беру­дегі күнделікті, аралық, тоқсан­дық, жылдық сан-алуан бі­лімді мониторингілік бақылау әдіс­терінің мектепте қатаң ди­дактикалық талаптарға сай жү­зеге асуына тікелей ықпал етті. Онсыз бағдарламалық ма­те­риалды әр оқушы жан-жақты, терең меңгеруі мүмкін емес-ті. Оқушының, не мұға­лімнің жауапсыздығынан қан­ша бағдарламалық білім мең­герілмеді, қаншасы тайыз меңгеріліп ұмытылды, оны мем­лекеттік тестілі сынақ нақты көрсетіп беріп отырады. Сөйтіп оқу­шы да, мұғалім де, жалпы мектеп мемлекеттік тестілік сынақта өз жұмысының нәтижесін нақты көре алады. Оқушы мектеп бағдарламасын қаншалықты толық меңгерсе, соншалықты жоғары балл жинайды. Демек жоғары не төмен тестілік балл жинаудың деңгейі ең алдымен оқушының, одан әрі мұғалімнің еңбегіне тікелей тәуелді. Тестілік балл – оқушының да, мұғалімнің де еңбегінің өлшемі. Теориялық жағынан дидактика ғылымы үшін бұл жерде үлкен жаңалық жоқ. Әңгіме бұл жерде – мектеп практикасында бүгінге дейін біртұтас бақылаудың тестілік, мониторингілік мүмкіндіктерін тиісті дәрежеде жүзеге асыра алмай отырғанымызда. 

Былтыр қалай болды? Мем­лекеттік емтиханды мектеп­тің өзі алуы мектептің жұртшылық, ата-ана алдындағы тікелей ат­қаруға тиіс міндеттерін асыра көр­сетуге өте ыңғайлы болды. Тіп­ті жұрт былтырғы емтихандарды «жанға жайлы жалған баға» деп атап кетті. Өйткені бұл мектеп үшін өте тиімді болатын. Бір-ақ мысал айтайық. Бұ­рын тестілік бақылаудың қоры­тындысы бойынша мектеп бітіруші түлектердің мыңға жуығы ғана «Алтын белгіні» әрең алатын. Өткен жылы мектеп емтиханының нәтижелерінде алты мыңға жуық түлек «Алтын белгіге» ие болды. Бірақ көп­шілігі ЖОО-ға тапсырып, тес­тілік бақылауда өте төмен балл жинады. Сонда қалай? Егер биыл да түлектер екі форматта ем­тихан тапсырып, бірінші емтиханды тағы да мектептің өзі алатын болса, білімді жасанды көтеріп бағалау өткен жылғыдан да жоғары болатынына күмән келтіру қиын.

ҰБТ-ның білімді объективті бақылаудағы білімдік мәніне кері әсер етіп отырған бірден-бір жағдай оқушылардың ҰБТ-ға, мемлекеттік емтиханға әзірленуі үшін мектептен тыс репетитор жалдауы, шпаргалка әзірлеуі және тестінің әзір жауаптарын сырттан көшіріп алу үшін түрлі байланыс құралдарын жаппай қолдануы болып тұр. Бұл барлық жерде әдеттегі жағдайға айналған. 

Республикалық тест орталығы директорының айтуына қара­ғанда, өткен жылы тестілік сы­наққа қатысқан 88583 түлек тестілеу барысында 84 мыңнан астам тыйым салынған зат, оның ішінде 40 мыңнан астам электронды құрылғы мен 44 мыңнан астам қағаз түріндегі шпаргалка қолданған («ЕҚ». 4 шілде, 2017 жыл). Бұл тек ресми деректер. Сонда біздің түлектеріміз ҰБТ-ны толыққа жуық шпаргалка көмегімен тапсырды деген сөз. Ал мұның өзі мектептің бірінші кезекте атқаруы  тиіс сапалы білім беруіне кері әсерін тигізіп отыр.

Сонымен қатар ҰБТ-ға қар­сы жағымсыз пікір туғызып, жұрт­шылықтың «нашар оқи­тын оқушылар да тестіден жоғары балл жинай алады. «Алтын белгі» алған түлектер де оқи алмай, жоғары оқу орны­нан шығып кетіп жатыр» деуінің де бір себебі аудандық тест орталықтарында жатыр. Аудан­дық тест орталықтары тестілік бақылауда небір дау-дамайға негіз болып, түлектердің білім алуына қолайлы ықпал ете алмай отыр. Аудандық тест ор­талықтарын жабу – көптен айтылып келе жатқан, уақыты жеткен мәселе. 

О баста, 2004 жылы елімізде тұңғыш рет ҰБТ моделі енгі­зілгенде белгілі ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, про­фессор А.Құсайынов «...ол талап­кер мен түлектердің білім сапасын әділ бағалауды және білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жоюды қамтамасыз етуі керек» («Әлемдегі және Қазақстандағы білім берудің сапасы»: Алматы-2013, 131-бет) десе, сол кездегі еліміздің Бі­лім және ғылым министрі Ж.Күлекеев: «ҰБТ-ның мақсаты – мұға­лімдердің бағаны көтеріп қоюына қарсы күресу» («Цель ЕНТ – бороться с необъективным оценками учителей», «Время» газеті, 24.06.2004 жыл) деген бо­латын. 

Осы жылдары білімді ба­ғалаудың мемлекеттік ұлттық бір­ыңғай тестілеу моделі (ҰБТ) түлектердің білім стандартын қандай дәрежеде меңгергендігін, мұғалімдердің білім берудегі кәсіптік шеберлігін анықтауда мол тәжірибе жинақтады. ҰБТ одағының жылдар бойы атқарған тарихи миссиясы – білім сапасының өсуіне қолайлы жағдай жасады. Мұғалімдер бағаны көтеріп қоюдан арыла бастады. Жоғары оқу орнына түлектерді қабылдау олардың білім дәрежесіне қарай шынайы жүрді. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіруде ҰБТ-ның мүмкіндігі әлі де мол, оны біз толық пайдалана алмай отырмыз. 

Тестілік бақылаудың мүм­кіндігін барған сайын жете пай­далануға кедергі болып отырған жағдай – оны ұйымдас­тыруға қатысты мәселелер болса, оны жоюға ұсынылып отырған озық тәжірибе – түлектердің тестілеуді тікелей республикалық тестілеу орталықтарымен байланысты онлайн жүйе арқылы тапсыруы. Бұл қазіргі қойылып отырған талапқа сәйкес білім сапасын жетілдіруге одан әрі оңтайлы жағдай жасаған болар еді.

Толықтай алғанда, рухани жаң­ғыру кезеңінде білім сапасына қойылып отырған талаптарды жүзеге асыруға қолбайлау болып отыр­ған кемшіліктерді батыл жо­йып, ­қол жеткен бар инновациялық тә­жірибені алға дамыта білуіміз қажет-ақ.

Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ,

Орал гуманитарлық колледжінің директоры,

педагогика ғылымдарының кандидаты

Батыс Қазақстан облысы