Тағы бір шаруашылықтың иесі Александр Ткаля жеке қаражатына екі залы бар мейрамхана салып берді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың еселі еңбек етуіне де, қалыпты тынығуына да барлық жағдай жасалған. Жуырда осында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жаңа мешіт пайдалануға беріліп, салтанатты жағдайда ашылды.
Игілікті шарада сөйлеген сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров тәуелсіздік кезеңінде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары бойынша тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртуда, төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі жинақтауда ұлан-ғайыр істер тындырылғанын, ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Елбасы бүгінгідей дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу, ол үшін замана ағымына икемделу, жаңа дәуірдің жақсы сипаттарын бойымызға сіңіру, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты кілті – ұлттық кодты сақтай білу секілді кешенді міндеттер жүктегенін атап өтті. Ортақ қуанышқа жиналған жұртшылықты ауыл өміріндегі айтулы оқиғамен құттықтады.
Сонау алыстан ізгі ниетін бөлісуге келген «Қызылжар» мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы ораза айының екінші күнінде Жаратқанның қолдауымен іске қосылған ғибадатхана мұсылман жамағаты үшін құтты орнына айналатынына сенім білдірді. Мешіттің молдасы Зұлқайнар Ергашевтің қолына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қолы қойылып, мөрі басылған тіркеу құжатын ұстатты. Арнайы діни әзірліктен өткен оған шаруашылықтар есебінен баспана беріліп, жалақы тағайындалатын болды.
Биік мұнаралы, ай мүйізді мешіт пен жайлы асхана ауылға ерекше көрік береді. Айналасы абаттандырылып, ағаш көшеттері егілген. Оның салынуына қаржылық жәрдем жасаған Біләловтер әулеті әр салада қызмет атқарғанмен, осындай игілікті шараларға көптен бері мұрындық болып жүр. Жаңа мешітке есімі берілген Сұлтанғазы Біләлов еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған, 20 жылға жуық өмірін кеңшардың бас есепшісі ретінде өткерген. Ол осында еңбек еткен жылдары сауда кешені, екі қабатты еңселі мектеп, клуб, 200-дей тұрғын үй, көптеген өндірістік нысандар салынған. Биыл 125 жылдық мерейтойы атап өтілетін Мағжан Жұмабаевқа аталас, туыс болып келетін марқұм ақиық ақын ақталысымен туған ауылы – Сартомар елді мекенінің тұрғындарын жинап, ас берген. Оның әкесі Біләл де «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген. Кішіпейіл мінезімен, жомарт көңілімен, қолының ашықтығымен жұртшылық ілтипатына бөленген. Адамға деген ерекше құрмет байлықпен бағаланбайтынын, қызметпен өлшенбейтінін көзі тірісінде дәлелдеп кеткен.
Еңбек ардагері Жасұлан Қазбековтің сөзі де жиналғандарға ерекше әсер етті. Қазір газет-кітаптарда жиі басылып жүрген Мағжанның жалғыз суретін Сұлтекең сақтап қалған. Ақын ақталмаған кездің өзінде үйінің төрінде фотосы ілулі тұратын. 4 ұл мен 1 қыз өсіріп, азамат қатарына жеткізген марқұмның құдай қосқан қосағы Әлимә әжей толқи сөйлеп, қуаныштан көзіне жас алды. Облыстың құрметті азаматтары Болат Сағындықов, Құдайберген Қалиев, тағы басқалары әулетті жақсы білетіндерін, Сұлтекеңнің үлкен ұлы Серік бес жарым жыл бойы облыс әкімі қызметін абыройлы атқарғанын, Парламент Сенатының депутаты болғанын, Ерігі құс фабрикасын, қызы Зәйни мектеп басқаратынын, ата-ана үміті ақталды деген осындай болатынын жеткізді.
Жаңа асханада ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Мамлют ауданы