Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Андреевка ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Андреевка – болашағы жарқын ауылдардың бірі. Түтіні түзу шалқыған елді мекенде орналасқан «Арқалық» шаруа қожалығы астық өсірумен қатар бие ұстап, қымыз ашытады. Озық технологиямен өндірілетін жанға шипа дәрумен өнім өңірден тысқары жерлерге де жөнелтіледі. Ал Серәлі Шарипов жетекшілік ететін «Андреевка СК» ЖШС егіншілікпен де, мал шаруашылығымен де шұғылданады.  

Андреевка ауылында жаңа мешіт пайдалануға берілді

Тағы бір шаруашылықтың иесі Александр Ткаля жеке қара­жатына екі залы бар мейрамхана салып берді. Бір сөзбен айтқанда, халықтың еселі еңбек етуіне де, қалыпты тынығуына да барлық жағдай жасалған. Жуырда осында «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы шеңберінде жаңа мешіт пайдалануға беріліп, салтанатты жағдайда ашылды.

Игілікті шарада сөйлеген сөзін­де облыс әкімінің бірінші орын­­басары Айдарбек Сапаров тәуел­сіздік кезеңінде «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағдарламалары бойынша тарихи-мәдени ес­керт­кіштер мен нысандарды жаң­ғыртуда, төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі жи­нақтауда ұлан-ғайыр істер тындырылғанын, ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламалық мақаласында Елбасы бүгінгідей дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылу, ол үшін замана ағымына икемделу, жаңа дәуірдің жақсы сипаттарын бойымызға сіңіру, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты кілті – ұлттық кодты сақтай білу секілді кешенді міндеттер жүктегенін атап өтті. Ортақ қуанышқа жи­нал­ған жұртшылықты ауыл өмі­ріндегі айтулы оқиғамен құт­тықтады. 

Сонау алыстан ізгі ниетін бө­лісуге келген «Қызылжар» ме­­шітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы ораза айы­ның екінші күнінде Жарат­қан­ның қолдауымен іске қосыл­ған ғибадатхана мұсылман жа­­мағаты үшін құтты ор­нына айналатынына сенім білдірді. Мешіттің молдасы Зұл­­­қайнар Ергашевтің қолына Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың қолы қойылып, мөрі басылған тір­кеу құжатын ұстатты. Ар­найы діни әзірліктен өткен оған шаруашылықтар есебінен баспана беріліп, жалақы тағайын­далатын болды.

Биік мұнаралы, ай мүйізді мешіт пен жайлы асхана ауыл­ға ерекше көрік береді. Айна­ласы абаттандырылып, ағаш кө­шеттері егілген. Оның салы­нуына қаржылық жәрдем жа­саған Біләловтер әулеті әр сала­да қызмет атқарғанмен, осындай игілікті шараларға көп­те­н бері мұрындық болып жүр. Жаңа мешітке есімі берілген Сұл­тан­ғазы Біләлов еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болған, 20 жылға жуық өмірін кеңшардың бас есепшісі ретінде өткерген. Ол осында еңбек еткен жылдары сауда кешені, екі қабатты еңселі мектеп, клуб, 200-дей тұрғын үй, көптеген өндірістік нысандар салынған. Биыл 125 жылдық мерейтойы атап өтілетін Мағжан Жұмабаевқа аталас, туыс болып келетін марқұм ақиық ақын ақталысымен туған ауылы – Сартомар елді мекенінің тұрғындарын жинап, ас берген. Оның әкесі Біләл де «халық жауы» ретінде ату жазасына кесілген. Кішіпейіл мінезімен, жомарт көңілімен, қолының ашықтығымен жұртшылық ілтипатына бөленген. Адамға деген ерекше құрмет байлықпен бағаланбайтынын, қызметпен өлшенбейтінін көзі тірісінде дәлелдеп кеткен. 

Еңбек ардагері Жасұлан Қаз­бековтің сөзі де жиналған­дарға ерекше әсер етті. Қазір газет-кітаптарда жиі басылып жүрген Мағжанның жалғыз суретін Сұлтекең сақтап қалған. Ақын ақталмаған кездің өзінде үйінің төрінде фотосы ілулі тұратын. 4 ұл мен 1 қыз өсіріп, азамат қатарына жеткізген марқұмның құдай қосқан қосағы Әлимә әжей толқи сөйлеп, қуаныштан көзіне жас алды. Облыстың құр­­метті азаматтары Болат Са­ғындықов, Құдайберген Қа­лиев, тағы басқалары әулетті жақсы білетіндерін, Сұлтекеңнің үлкен ұлы Серік бес жарым жыл бойы облыс әкімі қызметін абыройлы атқарғанын, Парламент Сенатының депутаты болғанын, Ерігі құс фабрикасын, қызы Зәйни мектеп басқаратынын, ата-ана үміті ақталды деген осындай болатынын жеткізді.

Жаңа асханада ас беріліп, аруақтарға құран бағышталды. 

 Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы,

Мамлют ауданы