1994 жылдан биылға дейін бірде-бір чемпионаттан тыс қалмаған мексикалықтар сол жолы топтық кезеңде жақсы ойын өрнегін көрсетіп, плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Бір қызығы, 1994 жылғы біріншіліктен бүгінге дейін сценарий қатарынан алтыншы рет қайталанып келеді. Дегенмен, мексикалықтардың 2002 жылғы біріншілікте өз «рекордын» жаңартып, келесі кезеңге өтуіне тамаша мүмкіндігі бар еді. Азия құрлығында өткен футбол тойында Мексика құрамасы өз тобынан екінші орынмен шығып, плей-офф кезеңінде АҚШ құрамасына тап келді. Солтүстік және Орталық Американың құрлықаралық кездесуінде АҚШ құрамасын оңай жеңіп жүрген Мексика күтпеген жерден 0:2 есебімен жеңіліп қалды.
2014 жылы Бразилияда өткен доп додасында мексикалықтар «А» тобында сынға түсті. Топтық кезеңде жарыс қожайындары – Бразилиямен бірдей ұпай жинап, алғашқы екі орынды өзара бөлісіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды. Плей-офф бәсекесінде мексикалықтар Нидерланд құрамасымен күш сынасып, тартысты өткен ойында 1:2 нәтижесімен есе жіберді. Матчың негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталған-ды. Алайда ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда Нидерланд шабуылшысы Клас-Ян Хунтелар құрамасына жеңіс голын сыйлады. Осылайша, Мексика құрамасы төрт жыл бұрынғы чемпионаттағы жорығын 1/8 финалда аяқтаған болатын. Биыл мексикалықтардың мақсаты – қалайда әлем чемпионатында топ жару.
Ресейдегі әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Мексика Солтүстік, Орталық Америка және Кариб бассейні аймағында Коста-Рика, Панама, Гондурас, АҚШ, Тринидад және Тобаго сияқты құрамалармен бір топта жолдамаға таласты. Іріктеу кезеңі Мексика үшін аса қиын өтті деп айта алмаймыз. «Үш түсті» елдің футболшылары іріктеу аяқталуға үш тур қалғанда өз тобында бірінші орын алып, әлем чемпионатының жолдамасын мерзімінен бұрын иеленді. Бір қызығы, бұл топтағы АҚШ құрамасы 10 ойыннан кейін 12 ұпай жинап, бесінші орынмен көш соңында қалып қойды.
Әлем чемпионатының топтық кезеңінде Мексика қазіргі әлем чемпионы – «Неміс машинасымен» бір топқа түсті. Қызық болғанда, екі құрама бірінші турда-ақ бір-бірімен жолықты. Біріншілік алдында футбол мамандарының бәрі Германия құрамасы топтағы барлық ойында жеңіске жетіп, бірінші орынмен келесі кезеңге жолдама алады деп болжаған болатын. Алайда мексикалықтар бұл жолы айды аспанға шығарды. Германиямен кездесудің 35-минутында «Үш түсті» елдің шабуылшысы Ирвинг Лосано гол соғып, құрамасына маңызды үш ұпай әперіп қана қоймай, төрт жыл бұрынғы әлем чемпионын жеңді.
Енді Мексика құрамасы алдағы кездесуін 23 маусым күні Азия құрлығынан келген Оңтүстік Корея құрамасымен өткізсе, 27 маусымға жоспарланған соңғы турдың матчында Еуропа өкілі Швециямен плей-офф кезеңіне берілетін жолдаманы сарапқа салады. Егер мексикалықтар бір ойында жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаса, еш қиындықсыз чемпионаттың келесі кезеңіне жолдама алады.
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»