Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Ұлттық кітапханадағы залға көрнекті ғалым Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді

766 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда руханиятымыздың қара шаңырағы – Ұлттық кітапханадағы Ғылыми қызметкерлерге арналған залға көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан ғылым академиясының академигі, профессор Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді.

Ұлттық кітапханадағы залға көрнекті ғалым Өмірзақ Сұлтанғазиннің есімі берілді

Қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Өмірзақ Махмұтұлының есімі физика-математика саласындағы сирек әрі маңызды зерттеулермен тығыз байланысты. Әсіресе, Қазақстанның ғарыш саласына қатысты ілгерінді зерттеулері еліміз ғана емес, посткеңестік елдер мен алыс-жақын шетелдерде жоғары бағаланғаны белгілі. Өмірзақ Махмұтұлының ғылыми жетекшілігімен 6 докторлық және 25 кандидаттық диссертация қорғалып, екі жүзден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік мақалалары, монографиялары мен оқулықтары бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары студенттері үшін құнды еңбектер болып табылады.

Айтулы шараға қатысқан Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Д.А. Әлиев Ұлттық кітапхана қолға алған игі шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Бүгінде жеті миллионға жуық кітап қоры бар руханият ордасы білім, ғылым жолында жүрген қауымға ғана емес, мәдени құндылықтарымызды ертеңгі ұрпаққа сыны мен сырын бұзбай жеткізуде көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді. Данияр Абзалиденұлы еліміздің Ғылым академиясының басшылығында қызмет етіп, отандық ғылымның дамуында айрықша үлес қосқан Өмірзақ Махмұтұлының ерен еңбектеріне тоқталып өтті. Осы игі шараны қолға алып, үзеге асырып отырған ғалымның отбасына, Ұлттық кітапхана директоры Ж.Т.Сейдумановқа алғыс білдіріп, кітапханаға арнайы сыйлық табыс етті.

Ал қиын-қыстау жылдарда ғалымның ғылыми ізденістері жолында еңбек етуіне қолдаушы, қамқоршы бола білген жары Райхан Ғаниқызы Ө.Сұлтанғазин есімімен аталатын Ғылыми қызметкерлерге арналған залға математика, физика саласына қатысты ғылыми кітаптарды сыйға тартып, осы игі шараға атсалысып отырған азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен бірге ғалымның артында қалған ұрпақтары ғылым жолына түспегенімен, еліміз экономикасының дамуына өз үлестерін қосып жүргенін айтып өтті. Қызы Жанат халықаралық деңгейдегі бизнестерге атсалысып жүрсе, ұлы Алмаз Өмірзақұлы «Sulpak» компаниясының акционері.

Келесі кезекте сөз алған ғалымның шәкірті, Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Т.О. Балықбаев Өмірзақ Махмұтұлының ғылымдағы өлшеусіз еңбегі туралы айтып өтіп, ұстаздық еткен жылдардағы естеліктерімен бөлісті. «Қазақстан ғылымында айшықты орны бар Ө.Сұлтанғазин есімінің Ұлттық кітапхана төрінен алуы  қазақ ғылымына деген үлкен құрмет. Ө.Сұлтанғазин есімі аталғанда ғарыш саласында жасаған ілгерінді еңбектері сөзсіз еске түседі. Ғалымның бастамасымен Ғарыш зерттеулері институты құрылғанының өзі Ө.Сұлтанғазиннің бүтіндей қазақ ғылымына қосқан еңбегінің өлшеусіз екендігін білдіреді»,- деп атап өтті шараға қатысқан профессор И.Т.Пак.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен қазақстан»

АЛМАТЫ