Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Сенаторлар Президент бастамасын іске асыру барысын талқылады

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты жанындағы Жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы болды. Онда Президент Н.Ә. Назарбаевтың әлеуметтік сала жөніндегі «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» туралы екінші бастамасын іске асыру барысы қаралды.

Сенаторлар Президент бастамасын іске асыру барысын талқылады

Шараны Кеңес төрағасы, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Сергей Громов ашты. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының әлеуметтік бастамасы халықтың аз қорғалған топтарының өзекті мәселелерін шешуге арналғанын атап өтті.

«Президент сөзі негізінен қарапайым жандарға арналып отыр. Бұл салмақты әрі ауқымды бағдарлама, бес бастаманың әрқайсысы бірнеше миллиондаған адамдардың мүдделерін қорғауға арналған. Бәрін қосқанда кемінде тұрғындардың жартысы Президенттің әлеуметтік бағдарлама аясында қамтылады», - деді Сенат Төрағасының орынбасары.

Оның сөзінде Қазақстан қазірдің өзінде төмен мөлшердегі салық салатын мемлекет екені аталып өтілді. Сонымен бірге, С. Громовтың айтуынша, еңбекақысы төмен адамдарға салық ауыртпалығын 1 пайызға дейін 10 есе азайту – бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған ауқымды шара, оның аясында 2 миллионнан астам адам қамтылады.

Екінші бастаманы іске асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың жұмысы туралы ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов баяндады. Ол тиісті мемлекеттік органдар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, еңбекқысы төмен жұмысшыларға салық салудың оңтайлы тетіктерін айқындағаны туралы хабардар етті. Заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова депутаттарға еңбекақысы төмен адамдар туралы статистикалық деректерді таныстырды. Оның мәліметтері бойынша, міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін 5,8 миллион адамның айына орташа кірісі 60 мың теңге, 2,2 миллион адам одан да төмен алады. Министр орынбасарының айтуынша, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, көтерме және бөлшек сауда секілді салалардағы жалдамалы қызметкерлердің үлесі жоғары болып отыр.

Талқылауға Сенат және жергілікті мәслихат депутаттары, мүдделі мекемелердің өкілдері қатысты.