14 Желтоқсан, 2011

№2 сын-қатер

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық қару арсеналының болуы және Семей полигоны проблемалары Тәуелсіздікке қол жеткізу нәтижесінде Қазақстан аса ірі ядро­лық арсеналдың иесі болып шықты. Мұндай ажал сепкіш мұ­раның болуы біздің еліміздің ұлттық қауіпсіздігі үшін елеулі тәуе­кел­дер туындатты. Ұлы державалардың геосаяси амбиция­лары­ның кепіліне айналмау үшін «ядролық мәселені» шұғыл түрде шешу қажет болды.   Осыдан 20 жыл бұрын Семей ядролық полигонын жауып, одан соң ядролық мәртебеден бас тарта отырып, Қазақстан жаңа мемлекеттің күші мен қуаты ядролық бұлшық етті көрсетуде емес, оларды қолданбауда және толық бас тартуда екенін біржола шешті. Және ол қазақстандық мемлекеттіліктің өзегіне – жалпыұлттық идея дәрежесіне көтерілген жалпыхалықтық кемеңгерлікке айналды. Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде ядролық қарусыз әлем идеясына қарай қадам басу ниетін берік айғақтай отырып, жаһандық қауіпсіздікті және таратпау режімін нығайтуға бағытталған бірқатар нақты қадамдар жасады. ҚР-дың болашақ саясатына негіз қалаған алғашқы қадам 1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы болды. Ядролық арсеналды шығару жөніндегі өзінің уәдесін орындаған Қазақстан ядролық инфрақұрылымдарды жою және бұрынғы әскери өндірісті конверсиялау проблемасымен айналысты. 1993 жылғы 13 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі ЯҚТК-ні ратификациялады. 1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан МАГАТЭ мүшесі болды. Кепілдіктер туралы келісімге және Келісімге Қосымша хаттамаға қол қойылды. 2006 жылғы 8 қыркүйекте Семейде ҚР бастамасымен Өңірде ядролық қарудан ада аймақ құру туралы келісімге қол қойылды. Осы Келісім шеңберінде Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуының алдын алу және ядролық терроризмге қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдардың өңірлік жоспарын әзірлеуде. Соңғы жылдары ҚР ұсынған бастамалар: Ядролық қаруды жалпыға бірдей көлбеу және тік таратпау туралы жаңа әмбебап келісімді әзірлеу; Ядролық қарудан бос аймақтарды заңды түрде бекіту және аймаққа қатысушы елдерге теріс қауіпсіздік кепілдіктері мен преференциялар беру; МАГАТЭ-нің төмен байытылған уранын орналастыру үшін өз аумағында Халық­аралық банк орналастыру. Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ 29 тамызды Семей полигонының жабылған күні – Ядролық сынақтарға қарсы ха­лықаралық іс-қимылдар күні деп жа­риялады.   Кеңестік ядролық кешен инфрақұрылымының негізгі және ауқымды бөлігі (Ресейден тысқары) – ғылыми-зерттеу мекемелері, уранды өндіру мен байыту кәсіп­орындары, зымырандар шығару, сынақ полигондары – Қазақстанда қалды. Елде баллистикааралық зымы­ран­дар үшін оқтұмсықтар мен ауыр бомбалағыштар үшін қанатты зымырандардың ядролық соғыс бөліктері 1991 жылдың басында 1216 бірлікті құрады. Ядролық оқтұмсықтар мен стратегиялық тасымал­дағыштар саны бойынша Қазақстан әлемде АҚШ, Ресей және Украинадан кейінгі төртінші зымырандық-ядролық әлеуетке ие болды. Бірақ ғылыми-зерттеу, өндірістік және ядролық сынақ инфрақұрылымдар жиынтығында Қазақстан іс жүзінде әлемде үшінші ядролық әлеуетке ие еді.   Біздің өзге бір экологиялық жарамыз – біздің халқымыздың еркінен тыс Қазақстан жерінде салынған Семей ядролық полигоны. Мұнда ауада, жерде және жер астында жасалған, жарты миллионнан астам адам зардап шеккен жарылыстардың ядролық зарядтарының жиынтық қуаты Хиросима мен Нагасакидегі апаттар көзі есептелген құрылғылардан жүздеген есе асып түседі.

 

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-інші сессиясында сөйлеген сөзінен, АҚШ, Нью-Йорк қ.

1992 жылдың 5 қазаны.