14 Желтоқсан, 2011

№4 сын-қатер

267 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Криминогендік ахуалдың нашарлауы және ұйымдасқан қылмыстың өсуі Қылмыстық орта барған сайын неғұрлым ұйымдасқан түрге еніп, кәсіпкерлік және қаржы-банк қызметі саласына енуге, мемлекеттік аппаратты, құқық қорғау органдарын өз мүдделеріне пайдалануға барынша ұмтылуда. Ашығын айтайық: тұрмыс деңгейінің төмендеуі мен мемлекеттік қызметшілер беделін ескере келгенде, криминалдық әлемнің іс-әрекеттері табыссыз да емес.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. 1996 жылғы 7 қазандағы

Қазақстан халқына Жолдауынан, Алматы қ.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің алдына жаңа сынақтар қойды. Ескі құқық қорғау жүйесінің қирауы қыл­мыс пен бандитизмнің кең жайылуына әкеліп соқтырды. Ел мемлекеттік инс­ти­тут­тардың толық дәрменсіздігі мен құқық қорғау органдарының қауқар­сыз­ды­ғы аймағына сырғып кету табал­ды­рығында тұрды. Ол жылдарда тіркелген қыл­мыстар тасқыны екі жүз мыңдық шектен асып, қатыгез де өрескел сипат ала бастады. Ол кезеңде көлеңкелі эко­номика қарқынды қалыптасып, ұй­ым­дасқан қыл­мыстық топтардың ықпал ету салалары кеңейе түсті, олардың көбі трансұлттық сипатқа ие болды. Осы­ның бәрі жаңа мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінде және оның халықаралық қоғамдастықтың мүшесі ретіндегі қабілеттілігінде мәселе туындатты. *** Елде пайда болған эко­но­ми­калық дағдарыс, мемле­кет­тің қаржылық жағдайының на­шар­лауы ол кезде құқық қор­ғау органдарының жағдайына әсер етпей қала алмады. Ең­бекақының аздығы, күрделі жұ­­мыс жағдайлары тәжіри­белі, білікті қызметкерлердің жаппай коммерциялық құры­лым­дарға кетуіне себепкер бол­ды. Жеке құрамның мо­раль­дық деңгейі төмендеп, көптеген жастар үшін құқық қорғау органдарында қызмет ету өзінің тартымдылығын жой­ды. Материалдық-техни­ка­лық жарақтандырылу да жеткіліксіз болды. Дегенмен, өтпелі кезеңде құқық қорғау органдарына қылмысқа қарсы тұрып, қажетті құқық тәртібін сақтаудың сәті түсті. 2010 жылы қылмыстардың барлық түрлерінің үштен бірі кем тіркелді. Негізгі күш-жігер ұйымдасқан қылмыспен, діни экстремизммен және терроризммен, нашақорлықпен және есірткі бизнесімен, заңсыз көші-қонмен күрес, сол сияқты профилактикалық қызмет және көшелер мен өзге де қоғамдық орындарда қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты көкейкесті проблемаларды шешуге жұмылдырылды. Бірқатар қылмыстар құрамын бейкриминалдау мен ізгілендіру қылмыстардың өсуін айтарлықтай төмендетуге жағдай туғызды (шамамен 15 пайыз). Осылайша, егер қылмыстылықтың ең жоғары деңгейі орын алған 1993 жылы елде криминалдық полиция желісі бойынша 175 мың қылмыс тіркелсе, соңғы жылдары ол бірқалыпты қысқарып, 2010 жылы 120 мың қылмысты құрады. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласын бақылаудың құқықтық тетіктері күшейтілді. Атап айтқанда, қоғамдық тәртіпті, кәмелетке толмағандар мен әйелдердің құқықтарын бұзғаны үшін жауапкершілік арттырылды, Парламентке террорлық және экстремистік қызметтер, ұйымдасқан қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтетін заң жобалары енгізілді. Ішкі істер органдары өздеріне тән емес функциялардан босатылды.   Балама тергеушілік айтарлықтай қысқарды. Енді корруп­ция­лық істерді қаржы полициясы органдары тергейді, ал есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстармен ішкі істер органдары айналысады, мұның өзі олардың қыз­метінің кәсібилігі мен тиімділігін арттыруға жағдай жасады. Ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар шеңберінде құқық қорғау органдарына 15 пайыз қысқарту жүргізілді.  *** Бүтіндей алғанда, бүгінде Қа­зақ­станның құқық қорғау органдарын реформалау тиімді, әлемдік стан­дарт­тарға сәйкес келетін, азаматтар мен бизнестің күткендеріне жауап беретін құқық қорғау жүйесін құруға бағытталған.